Қала көшелерінің қиылысына ақылды бағдаршам орнатылуда

0 136

Осы күні қалада да, далада да темір тұлпар тізгіндегендердің саны артуда. Олардың дені жол ережесін сақтай бермейтіні анық. Тіпті, елдімекендер арасындағы жолдарда жүйіткіген көліктерді айтпағанның өзінде шаһар ішінде көлік жылдамдығын шектен тыс асыратын жүргізушілер жоқ емес. Ал мұндай жағдай жол-көлік оқиғасының туындауына себеп болатыны хақ. Ал оны болдырмау – басты міндет.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апатты азайту мақсатында жамбылдық әкімшілік полиция басқармасы өңірдің автожолдарына 1 508 тексеру жүргізіпті. Бұл ретте 11 492 шақырым жол қамтылып, 9 500-ге жуық ақау анықталыпты. Оған қоса, берілген нұсқамалар аясында 3 114 жол белгісі орнатылған, 6 800 шақырымнан аса жол таңбалары сызылған, 154 мың шаршы метр шұңқыр жөнделген, 46 жол буфері ауыстырылған, 1 660 сигнал бағанасы мен 8 515 катафот орнатылған.

Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев салада атқарылып жатқан шаруалардың қатарында жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетіп артылатынын сөз етті. Оның айтуынша, автокөлік жолдарына дұрыс қызмет көрсетпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін аймақтағы 190 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Одан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылдық округі әкімдіктері 3 миллион 71 мың теңгені құрайтын айыппұл төлепті.

– Бүгінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын дамытуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласының Абай, Төле би және Тәуке хан орталық көшелерінде қауіпсіздік аралдары қызыл түске боялды, бұл көлік ағынының қозғалысын жақсырақ үйлестіруге мүмкіндік береді. Автокөлікті өткізу қабілетін арттыру мақсатында тоқтауға тыйым салатын учаскелерге сары түсті жол таңбасы салынды. Тәуке хан-Б.Момышұлы көшелерінің қиылысына көлік құралдарының қауіпсіз бұрылуын қамтамасыз ететін жол таңбасы қойылды. Қаланың 14 негізгі қиылысында «Ақылды бағдаршам» орнатылды, олар реттеу циклдарын автоматты режимде жүктемеге сай өзгертіп отырады, – деді Жайдарбек Кәдірбекұлы.

Жайдарбек Құттыбаев жануарлардың көлік жүретін жолдың үстінешығып кетпеуі үшін «Батыс Европа — Батыс Қытай» автожолының 2 учаскесіне, әр бағытта 3 шақырымнан «Электрпастух» құрылғысы орнатылғанын сөз етті. Яғни, төрт түлік не басқа да жануарлар «Элекропастух» қоршауына тигенде электр тоғының соғуын сезеді екен. Сондай-ақ осы автодәліздің 392, 453, 580 шақырырымдарына жолдың 2 бағытында да орын тепкен демалыс алаңшаларына жасанды жарықтандыру шамдары қойылған. Рөлде ұйықтап кету себебімен және жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аймақтарда 700 шақырымнан астам шулы жолақтар жаңартылыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.