Қариялар сынға түсті

0 176

«Дені саудың – жаны сау», «Спорт – денсаулық кепілі» деген сөздер тегін айтылмаған. Өйткені салауатты өмір салтын сақтау, спортпен шұғылдану кез келген адам үшін маңызды. Бұл бір жағынан денеңнің шымыр болуына, екіншіден тәннің саулығына ықпал етеді.

Жуырда осындай ұстанымды алға тартып, салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген Т.Рысқұлов ауданының қариялары аудандық спартакиадада сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

Аталған жарыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Құлан ауылындағы спорт кешенінде аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бәсекеге 63 және одан жоғары жастан асқан ерлер мен 59 және одан жоғары жастағы әйелдер бақ сынады.

Шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сайыстың маңызына барынша тоқталып өтті.

– Тәуелсіздік жылдарында бұқаралық спортты дамытуға барынша басымдық берілуде. Соның нәтижесінде елдімекендерде заманауи спорт нысандары, алаңшалар еңсе тіктеп, халық игілігіне берілуде. Бұл бағытта да ауданымызда да ілкімді істер қолға алынған. Ауылдық жерлерде ашылған көптеген спорт алаңдарында жасөспірімдер доп теуіп, игілігін сезінуде. Бұдан да басқа жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Айталық, өңірде жыл басынан бері бірнеше мәдени-спорттық жарыстар өткізілді. Алдағы уақытта мұндай бәсекелер тоқтамай, үздіксіз жалғаса береді. Мұның барлығы бұқаралық спортты насихаттау жолында жасалған қадамдардың бір парасы. Сондай-ақ өскелең буын ардагерлерге қарап бой түзейтіні белгілі. Сондықтан да олар осы жарысты көріп, өздері де спортқа ұмтылуы қажет. Шараның бір мақсаты да – осы. Жастарымыздың дені сау болса еліміздің де келешегі кемел болары сөзсіз.  Бүгінгі сайыс баршаңызға ерекше көңіл-күй сыйлап, жақсы әсерге бөлейді деп сенемін, – деген Ә.Терлікбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ардагерлер садақ ату, дарц, асық ату, қол күрес, гір тасын көтеру сияқты 5 спорт түрінен  сынға түсті. Әр ауылдан жиналған қатысушылар тартысқа толы ойын өрнегін көрсетіп, өздерінің спорттан да құр алақан емес екендіктерін байқатты.

Жарыс қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оқ бойы озық шыққандар І, ІІ, ІІІ орындарға ие болып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.