Ұлты ұлықтаған Жыр алыбы

0 147

Қазақтың қос бәйтерегі ол — Абай мен Жамбыл. Былтыр ғана республика бойынша ұлы Абай атамыздың 175 жылдығы кең көлемде аталып өтсе, енді міне, биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын елдің деңгейде тойлап жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, той қарсаңындағы іс-шараларды өткізуде даңғазалыққа емес, басымдық ұлт ұрпағына пайдасы тиер мәнді істерге беріліп отыр. Жалпы ұлттың ұлы тұлғаларын ұрпақ жадында қалдыру, дәріптеу ісін жоғары және ұлттық болмысымызға сай атқару – тәуелсіздігіміздің арқасы. Бір ғасыр жасап, екі дәуірге де силы болып өткен қазақтың ұлы Жамбылының бізге дейін де аты аталған әрі бізден кейін де аты атала бермек. Ақынның тойын күллі алаш тойлап жатыр. Оған дәлел ретінде елімізде және көрші мемлекет Қырғыз Республикасында дүркіреп өткен айтыс ақындарының сөз сайсы мен ұйымдастырылған жыр бәйгелерін атауға болады.

Бір айта кетерлігі, ақынның жырларын кең көлемде насихаттау ақынның атын иемденген жалғыз облыс – Әулиеата өңірінде де іс-шаралар лек-легімен жоғары деңгейде өтпесе, өзімізге сын. Мектеп оқушылары арасындағы «Жамбыл оқулары», «Жыр алыбы Жамбыл атты ақындар айтысы», «Жүз жасаған Жамбылым» атты жыр мүшайралардың ұйымдастырылуының барлығы да қазақтың жыр жампозына деген құрметінің айғағы. Қырғызбенен Қазақты қос қанатындай көрген, алатау мен қара тауды жырмен жалғаған Жамбылдың мерейтойына облысымыздың аудандары да өз үлестерін қосуда.

Атап айтар болсақ Тұрар Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі және оған қарасты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарында Жыр алыбы-Жамбыл Жабаевтың туылғанына 175 жыл толуына орай мәдениет қызметкерлері арасында «Мен Жамбылды оқимын» атты челленджі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Тереңөзек ауылдық клуб меңгерушісінің ұйымдастыруымен «Жырдың алып абызы» атты онлайн іс-шара өтті. Ал Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде «Жыр алыбы- Жамбыл » атты трихи кеш назарға ұсынылып, көрермендердің көз алдына Жамбылдың жаңа бейнесін елестетіп, мемрекенің мерейін тіпті де асыра түсті. Сонымен қатар жыр алыбының өзін ғана емес, шығармаларын да дәріптеу кең етек алды. Кеңестік дәуірде жауынгерлердің рухын өлеңмен оятқан абыздың айтулы жырлары ел аузында әлі күнге айтылып келеді. Міне биыл ақынның 175 жылдығымен қатар «Ленинградтық өренім» атты жырдың шыққанына да 80 жыл толып отыр екен. Осыған орай Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде жырдың құрметіне сахналық компазиция қойылды. Алда ақынды дәріптеу мұнымен ғана шектеліп қалмайды, жақсы іс жалғасын таба береді. Оның жырларындағы ерлік рухты ұғыну, ұлттық бояуы қанық дастандарды оқу бүгінгі ұрпақтың санасына терең ұялатуымыз керек. Сонда ғана тәуелсіз елдің ұл-қыздары ұлағатты өмір жолына қадам басады. Ел егемендігінің қадір-қасиетін біліп жүретін болады. Балалардың болашағы бабалардың рухымен ғана нұрлы болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.