Ұлттық спорт ұлықталды

0 152

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық спорт түрлерінен республикалық «Ұлы дала рухы» фестивалінің оңтүстік аймақтық іріктеу жарыстары өтті. Байрақты бәсекені Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК ұйымдастыруда.

Ұлттық спорттың көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізілді. Жалпы екі айдан астам уақытқа созылатын фестиваль екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде аймақтық іріктеу жарыстары өтеді. Ал алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді. Аймақтардағы іріктеу жарыстары қазан айының басында мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққан командалар фестивальдің екінші кезеңі, яғни финалда өнер көрсетеді.

Бүгінге дейін фестивалдің солтүстік өңірлер арасындағы жеңімпаз командалары анықталып үлгерді. Ал Тараз қаласында түңдігін түрген оңтүстік аймақтық іріктеу жарыстарына Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан, Жамбыл облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысып, кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтады.

Көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы атуда бақтарын сынаған спортшылар Бектөбе ауылындағы атшабарда финалға жолдаманы сарапқа салса, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жеңімпаздарды анықтады.

Тартысқа толы болған бәсекенің қорытындысы бойынша Жамбыл облысының жастар құрамы қазақ күресінен және көкпар сайысынан «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық ойынның жолдамасына ие болды. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату спорт түрлерінің жолдамасын Түркістан облысының командасы иеленді.

«Әулиеата» ұлттық спорт клубының директоры, ҚР еңбек сіңріген жаттықтырушысы Нұрдәулет Момынов мұндай бәсекелер ұлттың спорттың абыройын асқақтатынын жеткізді.

– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұлттық спортқа барынша жағдай жасалып, кеңінен дамып келеді. Тіпті ата-бабамыздың ұлы мұрасы – ұлттық ойындарымыздан Әлем, Азия чемпионаттары өтуде. Ал Жамбыл облысында ежелден ұлттың спорттың бәсі биік. Биылғы жетістіктерімізді айтсақ та жеткілікті. Биыл «Әулиеата» көкпар клубының ересектер және жастар құрамасы ел чемпионы атанды. Әрине мұның барлығы салаға көрсетіліп қолдаудың жемісі, – деді Нұрдәулет Момынов.

Ал ұлттық спортты серік еткен жерлестеріміздің ақтық ойында да оза шауып, өңір абыройын асқақтатуына тілектеспіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.