Жедел-тактикалық оқу-жаттығудың берері мол

0 161

Жуырда ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Жамбыл облысының аумағында облыс әкімі басқаратын өңірлік жедел штабтың бірлескен «Шекара-Антитеррор-2021» облыстық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Жамбыл облыстық жедел штабтың күш-құрылымдарының террористердің шекараны бұзу қаупіне дайындығын арттыру, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыстарын күшейту, бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу мақсатына негізделген шарада . өңірлік жедел штабтың дағдарыстық ахуалдарды еңсеру бойынша міндеттері сараланды. Сонымен қатар босқындардың Қазақстан шекарасы арқылы жаппай өтуіне байланысты әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара әрекеттесу дағдылары пысықталды.

Оқу-жаттығу жиыны мемлекеттік шекарадағы бұзушылық, босқындарды қабылдау және орналастыру, террорлық шабуылдың жолын кесу секілді үш кезеңде өрбіді. Шараға барлығы 300 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылып, барлық органдардың үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында жаттығулардың мақсат-міндеттері толығымен орындалды.

Шараға арнайы қатысқан  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оқу-жаттығу барысында террористік қатерлердің алдын алу бойынша өзара әрекеттердің жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.

– Халықаралық жағдайлар күрделене түскен шақта шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, жауынгерлік әзірлікте болу қажет. Біздің облыс шекаралас аймаққа жатады.

Ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес өткізу пункттерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, әскери қызметшілердің санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Отан шекараларын берік күзету және қорғау – республиканың тұтастығының, оның аумағындағы бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі.

Мемлекеттік және құқық қорғау органдары тығыз ынтымақтастықта болып, қоғамның террористік қатерлерден қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жетілдіре түсуі тиіс. Ең бастысы – әрқашан сергек және жоғары дайындық керек. Бұл ретте қызметкерлер, ең алдымен, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету, халықты уақытылы ақпараттандырудың маңыздылығын ұмытпауы керек , – деп атап өтті аймақ басшысы.

Осы орайда жалпы мұндай жедел-тактикалық оқу-жаттығулары босқындардың мемлекеттік аумақ арқылы жаппай көшуі жағдайындағы әрекеттерге дайындық үшін өткізіліп, соның шеңберінде шекара арқылы босқындардың жаппай өтуіне байланысты тиісті іс-қимылдар, шатырлы қалашық пен басқа да нысандарды орналастыру бойынша шаралар жүргізілетінін айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.