Ұлттық өнер ұлықталған күн

0 158

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тараз қаласы күніне орай «Ұмыт болған оюлар», «Құрақшылар әлемі» фестивалі өтті. Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымы мен тәлімі мол шара ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан төл өнерімізді насихаттап, ұлтымызды ұйыстырып тұрған ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды мақсат еткен.

Алғаш рет ұйымдастырылған шараға облысымыздың әр аймағынан, елді мекендерден келген балмағынан өнер тамған, он саусағынан өнер төгілген ісмерлер қатысып, өз бұйымдарын таныстырды. Сондай-ақ фестиваль барысында екі күн қатарынан семинар-тренингтер, шеберлік сабақтары өткізілетін болады.

– Ұлттық өнеріміз, дәстүріміз біздің баға жетпес қазынамыз. Ұлттық өнерге жақын болып өскен жастан келешекте жаман адам шықпайды. Себебі халқымыздың қай төл өнері болмасын ізгілікке, адамгершілікке баулиды. Рас, қазіргі жастар қолына иненін ұстап кесте тікпеуі, ою оймауы мүмкін. Бірақ алдыңғы толқын өздеріңіз секілді шеберлер үйретуі керек. Ұрпақ сабақтастығы болуы керек. Сонда ғана ұлттық өнерімізді өлтірмей, төрге шығара аламыз. Сол үшін бұл шараның маңыздылығы ерекше. Бүгінгі фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне ат салысып жатқан, ат арылтып шалғайдан келген әрбір қолөнер шеберлеріне үлкен алғысымды айтқым келеді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, – деді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Ал фестивальға қатысушылар, көрермен ретінде келген қала тұрғындары ұйымдастырушы Тараз қаласының әкіміне және шараның деңгейде өтуіне сүбелі үлесін қосқан кәсіпкер, қолөнер шебері Анар Бексұлтановаға риясыз алғыстарын жеткізді.

– Қолөнермен айналысып келе жатқаныма көптеген жылдың жүзі болды. Әрине осы уақытқа дейін көп нәрсе үйрендім десем де болады. Дегенмен бүгінгі шарадан алғаным да көп болды. Жан-жақтан келген шеберлермен кездесіп, пікір алмасып, ой бөлістік. Мұның өзі біз үшін үлкен тәжірибе.

Ал өзім фестивальға тоқыған сырмағымды әкелдім. Жасырып қайтейік, қазір сырмақ сыратындар саусақпен санарлықтай ғана. Сондықтан осы секілді фестивальдарға, түрлі байқауларға қатысып, білгенімді өзгелермен бөлісіп жүрмін, деді байқауға қатысушы Т. Сүңгібаева.

Фестифаль аясында Ержан Жұматұлы қолөнер шеберлерін марапаттап, құрмет көрсетті. Ал Анар Бексұлтанова байқайға белсенді қатыстан бірнеше ісмерге ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.