Тартысқа толы турнир

0 157

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен Қарасу ауылдық округіне қарасты Ащыбұлақ ауылында  жасөспірім ұлдар арасында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда арқан тарту, ләңгі тебу, асық атудан аудандық турнир өткізілді. Ұлттық ойындарды өскелең ұрпаққа насихаттап, кеңінен дәріптеуді мақсат еткен жарысқа 50-ден аса спортшы қатысып, бақ сынады.

Шараның ашылуында сөз алған орталық директорының орынбасары Берік Изанов жарыстың мән-маңызына кеңінен тоқталды.

– Елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Елбасының, Президенттің Жолдауларында да аталған мәселе назардан тыс қалған емес. Соның нәтижесінде көптеген спорт нысандары бой көтеріп, қолданысқа берілді. Ауданымызда да бұл бағытта ілкімді істер қолға алынуда. Бұл да тәуелсіздігіміздің жемісі әрі салауатты өмір салтын қалыптастырудың бірден бір құралы екені даусыз. Сонымен қатар, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына осы арқылы жол ашылып, әсер етеді. Тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына біздің орталық та барынша үлес қосуда. Бүгінгі іс-шара – соның бір көрінісі. Бұл бір жағынан ұлттық спорттарымызды насихаттауға бағытталып отыр. Қазіргі жас буынға төл спорттарымызды дәріптеу – баршаға ортақ парыз деп білемін. Тәуелсіздік тойының шеңберінде мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деген Берік Изанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс барысында  өзара бірнеше командаға бөлінген қатысушылар өздерінің шеберліктерін дәлелдеп, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.

Дүбірлі дода нәтижесінде арқан тартыстан қарсылас шақ келтірмеген «Сұңқар» командасы І-орын, «Қасқыр» командасы ІІ-орын, «Бүркіт» командасы ІІІ-орынды иеленді. Ал ләңгі тебуден ерекше өнерімен көзге түскен Н. Жарқынбек І-орын, М. Абдуахаб ІІ-орын, А.Бадан ІІІ-орынға тұрақтады.  Сондай-ақ асық ату бойынша да шеберлігімен көзге түскен өрендер баршылық.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дайындаған түрлі дәрежедегі медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарысты қорытындылаған Берік Изанов шараға белсене атсалысқандарға алғысын білдіріп, көпшілікті бұқаралық спортты өркендетуге ұдайы үлес қосуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.