Тараз қаласының экологиясы басты назарда

0 1 474

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экология мәселесіне де кеңінен тоқталғаны белгілі. Жалпы, қортаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, ауаның ластанбауына көңіл бөлу адамзат баласына ортақ мәселе. Сол үшін де кез келген ел, кез келген елді мекен өзі тұратын аумақтың таза болуына баса мән береді. Мәселен Тараз қаласы облыс орталығы болғандықтан, мұнда тұрғындар жиі шоғырланған. Ал олардың тұтынған тұрмыстық заттарының қалдықтарын дер кезінде тиісті орынға жөнелту ең басты мәселе. Бүгінде шаһарда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға берілгені белгілі. Осыған орай 8 мекеме өздеріне бөлініп берілген аумақтар бойынша жұмыс жүргізуде. Соның ішінде негізгі қызмет көрсетуші мекеме «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына жалпы 56 бірлік техника жұмылдырылса, 8 мекеме 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіп отыр. Күл-қоқыс алаңшаларынан күнделікті шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың орташа көлемі – 760-800 текшеметр аралығында. Қалада 328 тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңшалар орнатылған, олар 1 510 дана жәшіктермен қамтылыпты.

Тозығы жеткен қоқыс жәшіктерін ауыстыру мақсатында бұрнағы жылы 321 дана контейнерлер алынса, былтыр 1700 дана қоқыс жәшіктері сатып алыныпты. 50 алаңша ағымды жөндеу жұмыстарынан өтсе, биыл қоқыс алаңшаларын жөндеу жұмыстарына 50,0 миллион теңге қаржы қаралып, 65 алаңшаны жөндеу ұйғарылыпты.

– Ағымдағы жылы жергілікті мәслихат есебінен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау әкету бойынша нормасын есептеуге 6 182,0 мың теңге қаралды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 68 400,0 текшеметр тұрмыстық қалдықтар жинақталды, оның ішінде: 7524 текшеметрі бөлек жиналып, сұрыпталды (жалпы жиналған көлемінен 11 пайызды құрайды).

Сонымен қатар қала аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» бағдарламасын орындау үшін қала сыртындағы 28 гектар аумаққа 35 000 түп ағаштар отырғызылды. Көктемгі тазалықтың екі айлығы бойынша екі мәрте жалпы сенбіліктер ұйымдастырылып, 9200 адам қатысты. Қала ішінде 4800 түп қылқан жапырақты ағаштар отырғызылып, 18 шақырым арық жүйелері тазаланды.Саябақтар мен скверлерді тұрақты түрде тазалау қала әкімдігі тарапынан күнделікті бақылауда. Қала аумағындағы кездейсоқ қатты қалдықтар орны болып табылатын 78 нысандағы қалдықтарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы қала аумағында арық жүйелерін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 56 миллион теңге қарастырылып, 45 миллион теңгеге «Түйте суы» ЖШС мен, Қант зауыты алқабын ағын сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалымен келісім шарт жасалып, қала аумағы сумен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ қала аумағындағы коммуналдық меншіктегі арық жүйелеріне шлюздар орнатылуда. Қазіргі кезде бұл бағытағы жұмыстар 55 пайыз аяқталды, – дейді қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.

Негізінде қала аумағындағы 50 шақырым болатын арық жүйелерін лоток салу жұмыстары бойынша және канал жүйелерін тазалау мақсатында жобалау құжаттары жасалып, 3 жылдық жоспар бекітілген екен. Жоспарға сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау мекемелеріне бюджеттік өтінім жолданып қойыпты. Әзірге бұл мақсаттар бойынша тиісті қаражат бөлінебепті. Алдағы уақытта Тараз қаласы әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы жұмыстар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.