«Тамақты қоқысша лақтыра салады»: Айгүл Иманбаева қазақтардың дастарханды неге мол жаятындығын айтты (ВИДЕО)
Видеодан скриншот
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева қазақ халқының қонақ күткенде дастарханды мол етіп жаюының себебін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбасында ой бөлісті. Оның айтуынша, Ұлыбританияда жүрген кезінде жергілікті тұрғындардың тағамды оңай қоқысқа тастай салатынына назар аударған.
«Лондонда жүргенде британдықтардың тамақты оңай қоқысқа лақтыра салғанын көріп, ойға қалғаным бар. Олардың мәдениетінде бұл норма шығар. Өйткені Ұлыбритания тарихында құлдық пен жаппай ашаршылықты көрмеген мемлекеттердің бірі. Оларда «ертең тамақ болмай қалса ше?» деген қорқыныш атымен жоқ», – деді Айгүл Иманбаева.
Әнші қазақ халқының тағамға деген көзқарасы тарихи жағдайлармен байланысты екенін атап өтті.
«Ал біздің жағдайымыз мүлде басқа. Ата-бабамыз бастан кешкен ашаршылық біздің генетикалық жадымызда өшпес із қалдырды. Бүгінгі біздің қонақ шақырсақ дастарханды мол дайындайтынымыз тойынғандықтан емес, сонау заманнан қалған қорқыныш пен «ертеңгі күнге» деген алаңдаушылықтан деп ойлаймын», – деп жазды ол.
Айгүл Иманбаева ата-бабадан қалған тағамға деген құрметтің де өзіндік себебі бар екенін айтты.
«Бабаларымыздың әрбір ұрттам суы мен бір үзім наны қан мен термен, көз жасымен келген. Содан да болар, біз үшін нанның әр түйірі қасиетті», – деді өнер иесі.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287103-tamaqty-qoqyssa-laqtyra-salady-aigul-imanbaeva-qazaqtardyn-dastarxandy-nege-mol-zaiatyndygyn-aitty-video