«Ділтану» кітабы жарық көрді Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287126-diltanu-kitaby-zaryq-kordi

0 39

Ақтөбеде көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері Амангелді Айталының ғылыми мұрасы топтастырылған «Ділтану» жинағы жарық көрді. Ғалымның көп жылғы зерттеулері мен бұрын жарияланбаған ғылыми пайымдары енген еңбек ұлттың рухани болмысын зерделеген тұлғаның кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты іспетті.

Амангелді Әбдірахманұлы Айталы – қазақ ғылымы мен қоғамдық ойы­на өзіндік із қалдырған ірі тұлға. Ол саналы ғұмырын елдің рухани да­муына, ғылымға және қоғамдағы өзекті мәселелерді зерттеуге арнады. Философия ғылымдарының докторы, профессор ретінде ұлт болмысы, діл, дін, ұлттық құндылықтар, қоғамның ру­хани жаңғыруы секілді маңызды мә­­селелерді зерттеп, ғылыми айна­лым­ға өзіндік тұжырымдарын енгізді. Оның еңбектерінен қазақ қоғамының кешегісі мен бүгініне ғана емес, бола­шағына алаңдаған азаматтың ой-тол­ғамы да анық аңғарылады.
Амангелді Айталының тұлғалық бол­мысын ғалымдығымен ғана шек­теуге болмайды. Ол мемлекетшіл қай­­­раткер ретінде де ел өміріне бел­се­не араласты. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Парламенті Мәжілісінің депу­та­ты болып, қоғамдық-саяси мәсе­ле­лер­ді көтерді, халықтың көкейіндегі өзек­ті мәселелерді биік мінберден айт­ты. Ғылыми ізденіс пен азаматтық жауапкершілікті қатар алып жүрген ол қоғамның тынысын терең түсінуге ұмтылды.
Ғалым зерттеулерінің өзегінде адам, ұлт және қоғам мәселесі тұрды. Сон­дықтан оның еңбектері белгілі бір кезеңнің шеңберінде қалып қоймай, уақыт өткен сайын жаңаша мәнге ие бо­лып келеді. Әсіресе, жаһандану жағ­дайын­да ұлттық болмыс, рухани құн­дылық, дін мен қоғам, дәстүр мен жаңашылдық, жастар тәрбиесі сияқ­ты мәселелердің маңызы арта түс­кен­де, Айталының ғылыми пайымдары қайта зерделеуді қажет етеді.
Ақтөбеліктердің ғалымды «Ақ­тө­бе­нің абызы» деп ардақтауы да оның өңір­дің қоғамдық өміріндегі орнын айғақтайды. Амангелді Айталы туған елі­нің тыныс-тіршілігіне белсене ара­ла­сып, жастарға бағыт-бағдар берді, ғы­лым мен білімнің қадірін насихат­та­ды. Парасатты пайымы мен азамат­тық ұстанымы арқылы кейінгі буынға өнеге қалдырды.

«Ділтану» – ғылыми мұраның жалғасы

Жақында жарық көрген «Ділтану» жинағы – ғалымның ғылыми мұра­сын жүйелеп, оқырманға қайта ұсын­ған маңызды еңбек. Жинаққа Аман­гел­ді Айталының көп жылғы ізденіс­тері­мен бірге бұрын еш жерде жария­лан­баған ғылыми пайымдары да ен­гі­зілген.
Еңбектің басты құндылығы – қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысын тереңірек түсінуге мүм­кіндік беретін ғылыми ойлардың топтастырылуында. Діл мәселесін зерт­теу арқылы ғалым ұлттық сана­ның табиғатын, рухани құндылықтар­дың қоғамдағы орнын пайымдауға ұмтылды. Бұл ретте оның еңбектері ұлт­тық болмысты өткеннің мұрасы ре­тінде ғана емес, қазіргі қоғамның да­муына ықпал ететін маңызды құбы­лыс ретінде қарастыруымен құнды.
«Ділтанудың» жарық көруін бір кітаптың оқырманға жол тартуы деп қана бағалау жеткіліксіз. Бұл – ғалым­ның ғылыми ойларын жаңа буынға жеткізудің, оның зерттеулерін қайта ай­налымға енгізудің маңызды қада­мы. Уақыт өзгергенімен, ұлттың руха­ни негізі мен өзін-өзі тануына қатыс­ты мәселелер өзектілігін жоймайды. Керісінше, қоғам күрделенген сайын мұндай зерттеулерге деген қажеттілік арта түседі.
Жақында облыс әкімі Асхат Ша­харов Амангелді Айталының отба­сы­на арнайы барып, «Ділтану» жи­на­ғының алғашқы данасын ғалымның жары Гүлжан Сүйінбайқызы Битөреге табыс етті. Кездесуде аймақ басшысы Амангелді Әбдірахманұлының елге, ғылымға және қоғамға сіңірген ең­бе­гін атап өтіп, оның мол ғылыми әрі ру­хани мұрасын сақтау және кейінгі ұрп­аққа жеткізудің маңызын айтты.
Ғалымның жары да осы игі іске ат­салысқан азаматтарға ризашы­лы­ғын білдірді. Өйткені көрнекті тұл­ға­ның артында қалған еңбектерін жи­нақ­тап, жүйелеп, жарыққа шығару – оның есімін ұлықтаумен қатар, ұлт­тық ғылымның құнды мұрасын сақ­тауға бағытталған ортақ іс.

Ғалым мұрасы – ұлт қазынасы

Амангелді Айталының өмір жо­лына үңілгенде ғалым мен азамат бол­мы­сының бір арнада тоғысқанын кө­реміз. Ол ғылыми зерттеумен шек­тел­мей, қоғамның тынысын сезінген, ел тағдырына алаңдаған қайраткер бол­ды. Қаламынан туған еңбектер қа­зақ қоғамындағы күрделі мәселе­лер­дің мәнін ашуға, оларды ғылыми тұрғыдан пайымдауға қызмет етті.
Ұлттың өзін-өзі тануы, рухани құн­дылықтарды сақтау, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасы, дін мен қоғам байланысы, жастар тәр­биесі – ғалымның назарындағы негіз­гі тақырыптардың қатарында болды. Сондықтан оның ғылыми мұрасы бү­гінгі қоғам үшін де маңызын жо­ғалт­­қан жоқ.
Амангелді Айталы көп жыл еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген Ақтөбеде ға­­лымның есімін ардақтау іс-шара­лары жалғасып келеді. Былтыр Ақтө­беде ол тұрған үйге ескерткіш тақта ор­натылды. Бұл – ғалымның ел тари­хындағы орнын айшықтайтын тағ­зым­ның бір белгісі.
Ал «Ділтану» жинағының жарық көруі – осы тағзымның мазмұнды жал­ғасы. Өйткені тұлғаны ұлық­тау­дың ең нәтижелі жолы – оның есімін ғана есте сақтау емес, еңбегін, ойын, ғы­­­лыми мұрасын кейінгі ұрпаққа жет­кізу.
Амангелді Айталының ғибратты ғұмыры мен ғылыми мұрасы Ақтөбе үшін ғана емес, қазақ ғылымы мен ұлт­тық ой-сана үшін де бағалы. Оның ең­бектері ұлттың өзін-өзі тануына қыз­мет етсе, «Ділтану» секілді жинақ­тар сол мұраны уақыт қойнауында қал­дырмай, жаңа буынның игілігіне ұсынуға мүмкіндік береді.
«Ақтөбенің абызы» атанған ға­лым­ның ойлары осылайша ел жадын­да ғана емес, ғылыми еңбектері ар­қы­лы да жалғасын тауып келеді. Оның әрбір зерттеуі – ұлттық руханиятты тануға, қоғамның өз болмысын те­реңі­рек түсінуге бастайтын құнды мұра.

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287126-diltanu-kitaby-zaryq-kordi

Leave A Reply

Your email address will not be published.