Тағы бір қазақстандық вакцина клиникалық сынақтан өте бастады

0 225

Тараз қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада 18-50 жас аралығындағы еріктілердің қатысуымен QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық сынағы басталды.

Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ресми сайты жазды. «Денсаулық сақтау министрлігі SARS-CoV-2 вирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде жасалған QazCoVac-P суббірлікті вакцинасын I және II фазада клиникалық зерттеу жүргізуге рұқсат берді. Бұл — БҚПҒЗИ-дың Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен екінші вакцинасы» деп жазылған ресми ақпаратта. Сайттың жазуынша, вакцина жасауға қатысқан мамандар молекулалық биологияның заманауи технологияларын пайдалана отырып, SARS-CoV-2 вирусының RBD және N ақуыздары шығаратын иммундық жүйеге таныс бактериялардың штамдарын алған.

Вакцинаның адам ағзасына түскенде кері әсері болмас үшін алынған ақуыздар күрделі тәсілдермен тазартылып, сапа бақылауынан өткен көрінеді. Яғни, вакцина құрамында бактериялық штамм болғанымен, вирустың өзі жоқ. «Вакцина егілген зертхана жануарларының бұлшықетіне екінші дозаны енгізгеннен кейін иммунитетті 14 тәулікке ынталандырады. Суббірлікті вакциналар да инактивті вакцина сияқты, құрамында тірі патогенді компонент жоқ және өте қауіпсіз. Вакцинаның құрамындағы адъювант вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпей, иммундық жауапты тиімді ынталандырады. Бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың басқа компоненттері кірмейді. Осының арқасныда жанама әсерлер аз кездеседі. Мысалы, тұмауға, В гепатиті мен пневмококк, менингококк және гемофильді инфекцияларға қарсы осы типтегі вакциналар егіледі» деп жазады институт сайты.

 

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.