Шуда құрылыс қарқынды

0 170

Бүгінгі таңда облыс орталығында ғана емес, аудандарда да құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озуда. Әрбір ауданда спорт-сауықтыру кешендері, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көп қуанышын еселеуде.

Шу ауданында да құрылыс саласының тамырына кейінгі жылдары қан жүгірген. Өткен жылы аудандағы Төле би ауылында спорт-сауықтандыру кешені, «300 орындық оқушыға арналған Домалақ Ене орта мектебі (Бірлікүстем ауылы), 300 орындық оқушыға арналған Амангелді орта мектебі (Алға ауылы) бой көтеріп, пайдалануға берілген. Сондай-ақ «Қайрат» стадионын күрделі жөндеу (Шу қаласы), Оңтүстік» тұрғын алқабының (Алға ауылы) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілген. Басқа да бірқатар әлеуметтік нысандар 2020 жылдан 2021 жылға өтпелі болып табылған. Қазіргі таңда кейбірі пайдалануға беріліп те үлгерген.

Ағымдағы жылға жоспарланған құрылыс нысандары да аз емес. Мәселен Шу ауданы Төле би ауылындағы 147,73 гектар тұрғын алқаптың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда. Сумен қамтамасыз ету нысаны бойныша бүгінде қажетті қаражат бөлініп, «Пырақ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталыпты.

Сонымен қатар Шу қаласы, «Жетісу» ықшам ауданындағы 80-пәтерлік №1,2,3 тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп бітіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Әр үйдің сметалық құны – 961 260,0 мың теңгені құрайды.

Жылдар бойы Қонаев ауылының тұрғындары көтеріп келген мәселе де жуық уақытта шешімін таппақ. Қазіргі таңда Қонаев ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін «Ғұмыр-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 5300,0 мың теңгеге келісімшарт әзірлеген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, конкурс нәтижесінде «Астанаэнергомастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ағымдағы жылдың тамыз айында келісімшарт жасалған. Келісімшарт құны – 217 141,0 мың теңге.

Сондай-ақ Төле би ауылындағы, Алға ауылындағы тұрғын алқаптардың көше жолдарын салу үшін және Шу қаласындағы 258,7 гектар тұрғын аймақтың ауызсу жүйелерін салу үшін құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Бұдан бөлек Шу қаласында, Төле би, Ақсу, Абай, Далақайнар ауылында газдандыру, көше жолдарын салу, тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп, мәдениет үйлері салынады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.