Мұзбалақ ақынның мерейтойына орай

0 170

Тәңіртаудың мұзбалағы, қара өлеңнің хас шебері Мұқағали Мақатаев әр қазақтың жүрегінен теңдесіз туындыларымен орын алған ақиық ақын. Мына бес күндік жалғанда жансыз затқа жырымен тіл бітірген шайыр ұрпақ үшін ғасырға жетерлік рухани азық қалдырып кетті. Осынау бағасы құнды мол қазынаны ұрпақ тәрбиелеуде игілікке айналдыру, әжетке жарату біз үшін үлкен парыз. Қазіргі таңда оның өлеңдері ел аузынан түспей, әлі күнге дейін жатталып айтылып жүр. Ақынның көрегендігі, дарындылығы сол, оның туындылары қай уақта да маңызын жоймайды.

Қарасаздың қарапайым ұлының өткен өміріне көз жүгіртсек, ол тек шығармашылықты барлығынан биік қойған адам. Оның Отанға, елге, жерге, соғыстан кейінгі ел өміріне, жұмысшылар мен жастарға арнаған әрбір туындысы бағалы. Сондықтан да ол бүткіл алашқа ортақ ақиық ақын ретінде танылды. Мұқағалидың мұрасы – мәңгілік қазақ жырының мұрасы болып қала беретіні анық. Ол өзі айтқандай, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған» қазақ поэзиясының айрықша құбылысы. Оның мұрасын ұлықтау, биыл мұзбалақ ақынның 90 жылдық мерейтойында айрықша қарқын алды. Ақынның мерейтойы қарсаңында қазір республикамыздың барлық өңірінде елдік деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Ақын құрметіне өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар – Т.Рысқұлов ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Мәселен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Жырлайды жүрек» атты поэзиялық кеш өтті. Кештің шымылдығын ауданның белді әншісі Рысбек Қадірқұлов ақынның сөзіне жазылған «Үш бақытым» атты әнмен түрді. Сонымен қатар Тұрсын Міржақыпов «Жырласам ба екен?» атты поэзиясын оқып, аудандық мәдениет үйінің әншісі Аружан Оразалы «Айтатын саған сырым бұл» әнін паш етті. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы мен жетістіктері дәріптелді.

Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» әніне мәдениет үйінің әншісі, әуесқой сазгер Рысбек Қадірқұлов  бейне клип түсіріді. Сөгеті ауылдық клубында «Мұқағали- өзіңсің поэзия  пайғамбары» атты әдеби сазды сағат өтсе, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде «Есіңе  мені алғайсың» әдеби сазды компазиция ұйымдастырылды. Көкарық ауылдық клубында «Жырлайды жүрек» поэзия кеші, Көкдөнен ауылдық мәдениет  үйінде «Әр өлеңі бір әлем» поэзия кеші өтті. Луговой ауылдық мәдениет үйінде өткен «Үш бақытым» поэзия кеші де көптің ойынан шықты. Әбжапар ауылдық клубында өткен «Қазақ поэзиясының Хан –Тәңірі- Мұқағали» атты сазды кештің де елге берері мол. Абай ауылдық клубында «Есіңе мені алғайсың» әдеби сазды кеш жұртшылықтың жүрегіне жол таба білді. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған Б.Битанов атындағы халықтық театрының «Қош махаббат» пьессасынан қойылым да жұртқа азық боларлық қомақты дүние ретінде бағаланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.