Шәкіртіміз жеңімпаз атанды
Бочча спорт түрінен «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі жарыстардан өз мықтылықтарын дәлелдеп келеді. Жалпы спорттың бұл түрі тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе басқа да ерекше қажеттіліктері бар адамға арналған, дәлдікке бағытталған доп ойыны. Параолимпиадалық спорт түріне де енген. Былай қарағанда қазақтың асық ойынына ұқсас. Жалпы ақ допқа басқа түсті доптарды барынша жақын домалатумен ерекшеленеді.
Мектеп-нтернаттың оқушылары Көрпеш Мәулен мен Нұрлан Мәулен боччадан қатарластары арасында бәсекеге түсіп, мықтылығын мойындатып келеді. Сәуір айында облыстық жарыста топ жарып, тыңғылықты дайындығы мен қабілетін дәлелдеп бергені бар.
Жуырда Астана қаласында спорттың бочча түрінен өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында осы екі шәкіртке үлкен сенім артылды. Жарыста негізінен спортшының өзіне деген сенімі мен ойынға деген қызығушылығы, тыңғылықты дайындығы болған жағдайда жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік мол. Мұндай қасиеттің Көрпеш пен Нұрланның бойынан табылатындығына сендік. Өйткені, жаттығу барысында олардың әрбір әрекеті зер салып отырамыз.
Еліміздің әр өңірінен келген спортшылардың басын қосқан бәсеке өте тартысты жағдайда өрбіді. Кіл мықтылар жарысында Көрпеш қарсыластарынан басым түсіп, боччадан Қазақстан Республикасының чемпионы атанса, Нұрлан жарыстың көрігін қыдырып, шеберлігімен ерекшеленді.
Қазір Көрпеш Мәулен №4 «Үміт» мектеп-интернатының 6 сыныбында оқыса, Нұрлан Мәулен осы мекеменің 8 сыныбында білім алады.
Құрмангелді Тапелов,
№4 «Үміт» мектеп-интернатының дене шынықтыру пәні мұғалімі.