Қаржауов мырза, картоптың бағасын білесіз бе?

0 1 173

 

Бүгінде баға байлауға көнбей кеткені жасырын емес. Әсіресе азық-түлік бағасы төбе шашыңды тік тұрғызып тұр. Атқамінерлер түрлі сылтауды алға тартып ақталғанымен одан тауарлардың құны төмендер емес. Ал кейбір тауарлардың «отаны»  саналатын аудандарда өздері  өндіретін  өнімнің бағасы көк тіреп тұрғанын көріп, басыңды шайқайсың.

Жасыратыны жоқ, Жамбыл облысы Жуалы ауданында картоп өнімі өңірдің бренді саналады. Алты ай қыс  жататын аймақта шаруалар картоп өсіруді мықтап меңгеріп алған. Жылда тонна-тонна өнім өндіріліп, гектар-гектар картоп жиналса да биыл мұндағы баға бұлқынып тұр. Аудандағы   дүкендерде картоп бағасы бақандай 250 теңге. Сондай-ақ, сәбіз де 250 теңгеден саудаланса, қызанақ пен қияр 500 теңгеден бір тиын түспеген. Бұған жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі ауданға жасаған жұмыс сапары барысында  көз жеткізіп, жүйесіз жұмысты қатаң сынға алды.

— Ауданда бағаны тұрақтандыру бағытында мүлде жұмыс жүргізілмеген. Картоптың мол көлемі өсірілетін Жуалыда баға 250 теңге болса, басқа аудандарда жағдай қалай болмақ? Халық көп тұтынатын жеміс-жидек, көкөніс алқаптарын көбейтіп, бұл бағытта жылыжай шаруашылығын дамытқан жөн, — деген аймақ басшысы аудандағы жұмысқа көңілі толмайтындығын анық аңғартты.

Негізі Жуалыда басқа-басқа картоптың бағасы шарықтағаны бізді де таңғалдырады. Бұған дейін болмаған мұндай келеңсіздікке қалай жол беріліп қойды?

— Ауданда былтыр картоп жөнді өспеді. Оған себеп тұқым нашар болды. Ал картоп еккен шаруалардың өнімі  көрші Түркістан облысына сатылып кетті. Менің шаруа қожалығым келісімшарт бойынша картопты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қорына жөнелтіп отырды. Содан ауданның өзін картоппен қамтитын мүмкіндігіміз болмады. Қазір дүкендерде 250 теңгеден сатылып жатқан картоптар Пәкістаннан әкелінген. Өзімізде картоп жоқ. Десе де биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 1000 тонна жоғары сұрыпты тұқым Қарағанды облысынан жеткізілді. Осы тұқымды қазір егіп жатырмыз. Бұйыртса биыл мол өнім аламыз деген жоспар бар.

Жалпы Жуалы ауданында картоп өсірумен 100-ге жуық шаруашылық айналысады. Алайда ауданда көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан олар өнімдерін егістік басынан сатып жібереді. Егер бізді субсидия негізінде мемлекет қойма, тұқым және техникамен қамтамасыз етсе, облысты толықтай картоппен қамтуға мүмкіндігіміз бар, — дейді «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев.

Мәселенің мәнісі енді түсінікті болғандай. Демек өз өнімізді өзгеге өткеріп, енді картопты Пәкістаннан қымбат бағана сатып алып отырмыз. Ал бұдан ұттық па, ұтылдық па? Бағаның шарықтағанына қарасақ, бармақ тістейтін жағдай.

Наурыз айында облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының бағаны тұрақтандыру қорының жұмысын жоққа шығарған болатын. Бағаны бақылауда ұстайды делінген мекеменің өзі атқарған жұмысына есеп бере алмай отырғаны сол кезде қатаң сыналған.Әсіресе  тұрақтандыру қорына берілген  632 мил­лион теңгенің қайда жұмсалғанын жауаптылар түсіндіріп бере алмаған.  Мәселен «Көкжиек» ЖШС қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион теңге өнімінің тек 5,6 миллион теңгелік өнімін ғана өткерсе,  «БМК» ЖШС берілген 26 миллион тең­генің тек 7,6 миллион теңгесі игерілген. Ал  картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі болса,  мүл­де жасалмағаны белгілі болған. Осы тұста бір ескере кетерлігі екі ай бұрын  «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамын Жуалы ауданының қазіргі әкімі Олжас Қаржауов басқарған болатын. Осыған қарағанда тұрақтандыру қорында тірлікті тіктей алмаған басшысы Жуалы ауданының әкімі ретінде де жұмыстың ретін таппаған секілді. Себебі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамын басқарған басшы ең болмаса аудандағы азық-түлік бағасын бақылауда ұстауы керек еді ғой. Әлде «беліне көтере алмайтын шоқпар байлаған» басшының балалығы мен шалалығы осында да көрініп қалды ма?

Айтпақшы, Олжас Қаржауовтың халыққа  кері байланысқа шықпайтындығы, әкімдік жұмысы көрінбейтіндігі жаңа қызметке тағайындалғанына екі жеті өтпей жатып тұрғындар тарапынан сыналған болатын. Сол сәтте Олжас Есалханұлы «Мықты басшының жұмысы 50 күнде көрінеді» деп әлеуметтік желіде жауап жазған. Қаржауовтың Жуалы ауданы әкімі болып келгеніне екі айдан асқанын ескерсек, ауданда қарапайым бағаны бақылауда ұстай алмаған әкімнің жұмысы қандай екенін  осыдан-ақ бағалай берсек болатындай.

 

Айгерім Асанова

Жамбыл облысы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.