Көмір қоры жеткілікті

0 151

Қыс жақындаған сайын облыста жауапты маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Қазір көпқабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға жылу беріліп те үлгерді. Сондай-ақ автомобиль жолдарын күтіп-баптау бойынша жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, қыста тұрғындардың қатты отыннан тарықпауы да аса маңызды мәселе.Облысымызда ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап тұрғныдарды көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Жалпы Жамбыл облысы тұрғындарының қажеттілігі үшін 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде көмірді тұтынудың жоспарланған көлемі 188 мың тонна болып белгіленіпті.Былтырғы кезеңмен (246,7 мың тонна) салыстырғанда қажеттілік58,7 мың тоннаға төмендеген (31,2 пайыз).Бұл көрсеткіш 2020 жылы газдандырылған 45 елді мекен нәтижесінде қалыптасып отыр.

«Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметі бойынша, 2021 жылдың 1 мамыр — 1 қазан аралығында облысқа 193,8 мың тонна көмір тасымалданған. Тамыз айында 39,4 мың тонна, қыркүйек айында 69,7 мың тонна, ал қазан айының онына дейін 22,8 мың тонна жеткізіліпті. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев уәкілетті органның ұсынған деректеріне сәйкес кеден бекеттері арқылы Қырғыз Республикасына экспортқа шығарылған көмірдің көлемі 32,3 мың тонна құрайтынын айтады. Сондай-ақ басқарма басшысы аудандар да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

– Аудан әкімдіктерінің ұсынған мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге жалпы 151,2 мың тонна жеткізіліп, қамтылу деңгейі 80 пайызды құрады.Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарында көмірді сатумен айналысатын кәсіпкерлер жоқ.Бұл өңірлер Тараз және Шу қалаларындағы тұйықтардан көмірді сатып алады.Орта есеппен Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлердің тұйықтағы бағасы сортына қарай 12 — 14 мың теңгені құрап отыр.Ал, ауылдарға дейінгі арақашықтығын ескерсек, жеткізу құны есебімен 18-20 мың теңгеден сатылуда. Бүгінгі күнге тұрғындар тарапынан көмірдің бағасы бойынша шағымдар түскен жоқ.

Қазіргі таңда облыс көлемінде көмір тапшылығы байқалмайды. Дегенмен аудан әкімдіктері тұрғындарға ақпарат құралдары арқылы жылыту маусымы кезінде көмірге тапшылық фактілерінің орын алуын болдырмау үшін көмірді ертерек сатып алулары бойынша түсіндерме жұмыстарын жүргізулері қажет, – деген Құдайберген Нұрсерікұлы көмір бағасына әсер ететін ең маңызды фактор — бұл соңғы тұтынушыға көмір сататын кәсіпкерлер мен разрездер арасындағы делдалдардың саны екенін жеткізді.

Сол себепті басқарма басшысы тұрғындардың қымбатшылыққа ұрынып қалмасы үшін қазірден қам жасауы керек екенін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.