Қарағандыда 63 жастағы әже қар көлігімен мал бағып жүр

0 43

Гүлнәр Қылышева Қарағанды қаласынан 400 шақырым қашықтықтағы елді мекенде тұрады. «Күміс» алқа иегері. Алты баласынан 19 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Әже электронды шанаға мініп, мал бағады екен.

Заманауи техниканы жүргізуді 6 жыл бұрын меңгерген. Себебі, аймаққа қар қалың түсетіндіктен, кейде аттың жүруі де қиындап кетеді дейді. Ал, мұндай көлік қар үстінде зуылдайды, әрі жанар-жағармайды да үнемдейді.

«Үлкен ұлым әкеліп беріп, жүргізесіз бе деп сұрады. Иә жүргізейін, онда тұрған не бар деп мініп алдым. Алдында басқасы болған. Бұны кейіннен әперді, басқаларға қарағанда жылдам жүреді. Өзіме ыңғайлы», – дейді Гүлнәр Қылышева.

30 жасында 6 баласымен жесір қалған ана атқа қонып, жайлаудағы бар шаруаны жалғыз өзі бақылауына алған. Кезінде күніне 45 бие сауып, халықты қымызбен қамтыған кездері де болыпты.

«Кезінде өз көзіммен көргенім – жерден қойды аттан түспей, көтеріп, өңгеріп әкететін. Әкемнің құрдасы қалжындап ойнаған кезде анашым, 100 келі салмақтағы әкемнің құрдасын көтеріп алып, атына өңгеріп алған екен», – дейді әжейдің ұлы Жарқын Мақажанов.

«Елдер ақша төлеп фитнеске барады. Ал менде тегін фитнес. Осыдан артық не керек. Балаларым, қыздарым  үйде отыр, демал дейді. Ал мен анау-мынауды сылтауратып, қыстаққа қашып кетемін. Келіндер де қыздар да бар. Бәрін жасау біледі. Бірақ мен бұл жұмыссыз отыра алмаймын. Отырсам жатып ауырып қаламын», – дейді әжей.

Енді перзенттері жиналып аналарына көлік әпермекші екен.
turkystan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.