Өңірдің экологиялық ахуалы қалай?

0 40

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев баспасөз конференциясын өткізіп, «Тәуелсіздіктің 30 жылында экология саласының дамуы» тақырыбында баяндама жасады.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі күні аймақта экологиялық мәселелердің бірі – жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемдерінің жылма-жыл артуы және кәдеге жаратылуының төмендігі екен. Атап айтқанда бүгінгі күнге жинақталған тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 3154,801 мың тоннаны құраса, өткен жылы 72,642 мың тоннаны құрап отыр. Осы жылғы жинақталған көлемінің 5,573 мың тоннасы ғана кәдеге жаратуға сұрыпталған болса, бұл тек қана 7,6 пайызды құрап отыр. Жалпы индикатор бойынша 12 пайызды құрауға тиісті.

– 2030 жылға қарай тұжырымдаманың негізгі көрсеткіштерінің бірі — тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40пайызға кезең-кезеңімен жеткізу орындалатын болады. Осы пайда болған қалдықтардың 60 пайызы елді-мекендер тұрғындарынан, 30 пайызы кәсіпкерлік субъектілерінен және 10 пайызы мемлекеттік мекемелерден құралған.

Осы орайда айта кету керек, аймақта экологиялық және санитарлық талапқа сәйкес келетін ешқандай тұрмыстық қалдықтар полигондары жоқ, қалдықтар бөлінген жер учаскелеріне бей-берекет орналастырылған.

Соңғы жылдары департамент бей-берекет орналасқан қалдықтарды ғарыштық бақылаумен жүзеге асырып, нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөнінде нұсқамалар беріп отырды.

Қазіргі таңда 165 кездейсоқ қалдықтардың орындары анықталып, 117 жойылды, бұл 71 пайызды құрайды.

Облыстың атмосфералық ауасының ластау көздерінің және негізгі көлемінің бірі — автокөлік құралдары болып табылады.

2010 жылдары Жамбыл облысында тіркелген көлік саны 121 000 болса, одан шыққан ластағыш заттар көлемі 62,045 мың тонна болған. Ал 2020 жылы облыста тіркелген көлік саны 320 710 болып, 2010 жылға қарағанда 199 710 көбейіп ластағыш заттар көлемі 460,970 мың тонна болып, 398,925 мың тоннаға артқан, – М.Құрманбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.