Өңірдің әлеуметтік-экономикасы ойдағыдай дамып келеді

0 4

Өңір тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмысы жақсара түсуі үшін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында мін болмауы керек. Ал өңір экономикасы қарқынды дамуы үшін кез келген салада межеленген көрсеткіштерге қол жеткізілуі қажет. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Надира Жолдасбекова алты ай ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанын айтады. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері үстіміздегі жылдың 1 жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша былтырғыдан жоғары деңгейде қалыптасыпты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш республикада 102,9 пайызды көрсеткен. Жекелей алғанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, инвестиция, көлік, байланыс саласы және өзіндік кірістер мен бюджеттің игерілуі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары қалыптасқан екен.
Инфляция деңгейі 104,6 пайызды, жұмыссыздық деңгейі — 4,9 пайызды құрапты.
– Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп құрылымындағы 74 пайызы негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, мұндағы өсім 9,1%-ды құрап отыр. Есепті кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар 3,3 есеге ұлғайды. Бұдан басқа, саладағы өсімге кен өндіру өнеркәсібінің 3,2 пайызға, электрмен жабдықтау 2,8 пайызғаға, сумен жабдықтау 16,7 пайызға артуы ықпал етті. Өңірлер бөлінісіне тоқталып өтсем, өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі барлық аудандармен қамтамасыз етіліп, ең жоғары қарқын Тараз қаласы мен Қордай ауданында байқалады.
Ауыл шаруашылығы өнімінің 4,3 пайызға өсуі өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімінің артуынан қамтамасыз етіліп отыр. Өнімнің негізгі үлесі Қордай, Шу, Байзақ, Жамбыл аудандарына тиесілі. Осы уақытқа дейін жыл басынан бері 70 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өсім 14,2 пайызға жетті. Құрылыс жұмыстары саласындағы 95,9 пайыз негізгі үлес жеке меншік қаражаты болса, қалған 4,1 пайыз мемлекет және шетелдік меншік қаражаты болып табылады. Есепті кезеңде  шетелдік меншік қаражаты 18,1 төмендеді, – дейді Надира Қырықбайқызы.
Жалпы құрылыс саласы бойынша барлық аудандарда өсім оң қалыптасты. Десе де саладағы өсімге негізінен Қордай ауданындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы, Мойынқұм ауданындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай және Меркі-Бурылбайтал автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары мен Талас ауданы Қаратау қаласындағы су құбыры құрылысы және Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер мен 600 орындық мектептің құрылысы ықпал еткенін айта кетуіміз керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.