Бағдарламалар байыпты жүзеге асуда

0 184

Зымыраған уақыт жылдың алты айын да артқа тастады. Осы бір уақытта облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тиісті басқармалар тарапынан талдау жасалатыны белгілі. Әсіресе мемлекеттік маңызы бар стратегиялық құжаттардың орындалуы аса маңызды. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша негізгі экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуде оң нәтиже болғанымен, олқылық та болмай қоймайтыны белгілі. Мәселен 13 мемлекеттік бағдарламамен, ҚР Премьер-Министрі арасындағы Меморандум және Аумақты дамыту бағдарламасы арқылы қарастырылған индикаторларға бірінші кезекте қол жеткізілуі керек. Өйтпеген жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы кері кететіні анық. Сол үшін стратегиялық құжаттардың міндеттері мен мақсаттарына қол жеткізу үшін облыс әкімінің орынбасарлары, салалық мемлекеттік органдарға және аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне мемлекеттік бағдарламалармен қарастырылған индикаторлардың сапалы орындалуын тұрақты түрде бақылауда ұстауының мәні сол. Мәселен белгіленген көрсеткіштің жоспарлы мәнінің орындалуын тұрақты негізде қадағалай отырып, жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемі 554,7 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығы – 397,8 миллиард теңгеге, құрылыс – 204,4 миллиард теңгеге жетеді деген болжам бар. Ол үшін негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тартып, 651 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілуі қажет екен. Сонда ғана өңірлік өнімнің нақты көлем индексі 103 пайыз деңгейінде қалыптасатын көрінеді. Бұдан бөлек Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нұсқамасына сәйкес Жамбыл облысының даму бағдарламасына «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту көрсеткішін енгізу тапсырылып отыр екен.

Сол үшін, яғни аталған тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы нақты жүргізілетін жұмыстарды анықтап, мәселені тиісті орталық мемлекеттік органмен пысықтап жатыр екен. Тағы бір ерекше жайт, биыл аумақтық дамыту бағдарламасына жаңа «Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауылдық елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі» индикаторы енгізілген екен. Оның орындалу жоспары 68,8 пайыз. Аталған жұмыс бірінші кезекте ауылдағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестендіруге бағытталғандықтан, аудан әкімдеріне тиісті көрсеткішке қол жеткізілуін қамтамасыз ету тапсырылыпты.

Міне, өңірлік билік тарапынан елдің әлеуетін көтеру бағытында бүгінде осындай шаруалар атқарылып жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.