«Менің ер атым – Аба»: Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалынан көне түркі жазуы анықталды

0 43
⚡️ Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері Ералы Ақымбек, Борис Железняков және Анатолий Шаяхметов Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының инспекторы Жандос Бәйтімбетовпен бірлесіп, «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» ғылыми жобасы аясында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді.
📍 Зерттеу барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалында орналасқан петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы табылды. Анықталған нысанға қатысты құжаттандыру, цифрлық тіркеу және алдын ала ғылыми талдау жұмыстары жүргізілді.
📌 Алғашқы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жазу мәтіні «Менің ер атым – Аба» деп оқылды. Бұл оқылым нұсқасын тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Моңғолтану, буддология және тибетология институтының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Тишин (Ұлан-Удэ, Ресей Федерациясы) ұсынған.
✅ Қазіргі таңда жазудың толық мәтінін, мерзімделуін және мәдени-тарихи мәнмәтінін нақтылауға бағытталған кешенді ғылыми зерттеулер жалғасуда. Мамандардың пікірінше, бұл деректер көне түркілердің жазба мәдениеті мен руникалық дәстүрін тереңірек тануға, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы орта ғасырлар тарихы мен мәдениетін зерттеуге тың серпін береді.
📎 Бұрхансай шатқалынан анықталған бұл жазу Қазақстандағы көне түркі эпиграфикалық ескерткіштерінің қатарын толықтыра отырып, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Leave A Reply

Your email address will not be published.