Мал азығын дайындау – маңызды міндет

0 49

Қыс қаһарына төтеп беру үшін, қапысыз дайындық керек. Сондықтан өңірде төрт түлікті қыстан шығынсыз шығару үшін шаруалар жем-шөп қорын мейлінше артығымен жинауға басымдық беруі керек. Оның үстіне биыл шөптің бағасы аспандап шыға келгені баршаға мәлім. Қақаған қыста кісі қолына жалтақтағанша, осы бастан шөбі шүйгін жерге орақ салған шаруаның мұртын балта шаппайтыны анық.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, құс пен шошқаны қоспағанда алдағы қыста 952 мың мал қыстатылады деп жоспарланыпты. Оның ішінде мүйізді ірі қара 460 мың, ұсақ мал – 35 мың, жылқы – 149 мың, түйе – 7,9 мыңды құрайды.

Мал қыстату науқанын қалыпты өткізу үшін 1 миллион 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 645 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет көрінеді.

Аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың өнімділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп болжам жасалыпты. Бұл қажеттілікті 57 пайызға қамтиды екен. Сол сияқты пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем – 87 пайызға, құнарлы мал азығы – 47 пайызға қамтылады.

Жалпы 2021-2022 жылдарға мал қыстату науқанынна дайындалатын мал азығының барлық түрлерін қоса есептегенде 1 536,0 мың тонна азық бірлігіндегі (кормовая единица) мал азығын дайындау  жоспарланса, бүгінгі таңда аудан әкімдіктерінің берген мәліметі бойынша дайындалатын барлық мал азығы 877 мың тонна азық бірлігін (кормовая единица) құрайды деп болжам жасалуда. Бұл барлық қажеттіліктің 57 пайызын құрап, жетіспейтін көлем 659 мың тоннаны құрап отыр. Яғни бұл, қысқа түсетін бір шартты бас мал басына есептегенде 9,0 азық бірлігі (кормовая единица) дайындалады деп күтілуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 азықтық бірлігін құраған болатын.

– Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, республиканың Түркістан, Қызылорда облыстарының бір бөлігінде Батыстағы кейбір өңірлерінде қуаңшылық орын алуда. Осы жағдай мал азығына деген сұраныстың күрт өсуіне алып келді. Осы қалыптасқан жағдайды пайдаланып, жем-шөп нарығында алыпсатарлар пайда болып, мал азығының бағасының негізсіз көтеріп жіберу фактілері де орын алуда. Бүгінгі күнге нарықтағы жем-шөптің бағасы жоңышқа түгі 1000-1300 теңге, табиғи шөп түгі 600-900 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Сонымен бірге, сырттан келіп сатып алушылардың әсері бағаның өсуіне өз септігін тигізуде.

Сондықтан, аудан әкімдіктері тарапынан бірінші ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуді және мал азығын сыртқа сатпау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізулері қажет,–дейді Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.