Көлгінов қызметкерлерін ағашпен қосып «отырғызбақ»

0 293

«Нұр-Сұлтанның әкімдігі бір мектеп салу үшін Би-Ай-Группқа 7,5 млрд теңге төлейді. Бірақ ағаш егуге Әкімдіктің ақшасы жоқ. Спорт басқармасы спорт мектептері директорларына өз қалталарынан төлеп ағаш егіп, одан кейін бәрі бірігіп шара ұйымдастыруды тапсырыпты», – деп жазды М.Козачков.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.

«УФКС» (Управление физической культуры и спорта – Дене шынықтыру және спорт басқармасы болса керек – ред.) деп аталатын чатта «Зам Упр Нариман» былай деп жазады: «Қайырлы күн! 24 сәуірде жаппай ағаш егу шарасы өтеді. Мынау аудандар бойынша бекітілген басқармалар, аудандар ағаш егетін орынды анықтайды, ал басқармалар егетін ағашын алып барып, шұңқырды өздері қазып, принцип бойынша (бір мемқызметкер – бір ағаш) отырғызуға міндетті. Ағаш отырғызатын жерлерді аудандарға хабарласып, анықтап алуды сұраймыз.

Ағаштарды Зеленстройдан сатып аламыз, баға жөніндегі прайсты және ағаш түрлерін кейінірек жібереміз. Төлеу формасы жөнінде де жазамыз».

Спорт мектептерінің директорлары жоғарыдан түскен бұл заңсыз «бұйрыққа» үнсіз келісті ме, әлде табандап қарсы шықты ма, ол жағы 24 сәуірге дейін белгілі болып қалар. Тек «Самат Кабдулин Цпор» мен тағы бір белгісіз қолданушы ғана ресми тапсырманың бар-жоғын сұрайды. «Әкімдіктің разнарядкасы» деп жауап береді «Зам Упр Нариман».

Бұдан әрідегі әңгіме тіпті қызық. «Зам Упр Нариман» бүй дейді тағы: «Нақтылаймын, ағаштарды өз қалталарыңыздан төлеп сатып аласыздар. Шұңқырды да өздеріңіз қазып, өздеріңіз отырғызасыздар. Ұжыммен ақылдасу керек, егер ұжым дайын болмаса, бүгін сағат 16:00-ге дейін менің жекеме шығып хабарлауды өтінемін. Бүгін субботник бойынша штаб және біз басқармада кім келісті, кім келіспеді баяндауға міндеттіміз. Түсіністік пен қолдау танытқандарыңызға рахмет».

Басқаларын қайдам, «Самат Кабдулин Цпор» әріптесі «Зам Упр Нариманмен» келіспейді. «Адамдардан ақша жинауға құқығымыз жоқ! Сол ағаштармен бірге отырамыз!» дейді наразылық танытып. «Мен Сізді естідім. Жазыңыздар, тағы кім?» дейді «Зам Упр Нариман» қатуланып. «Осыған да разымын…» депті бұған «Самат Кабдулин Цпор».

Осымен әлеуметтік желіде тараған әңгіме тәмам. Бірақ осыдан-ақ көп нәрсе түсінікті болған сияқты.

«Зам Упр Нариман» деген кім? Біздің түсінуімізше, ол – Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиевтің орынбасары болуы мүмкін. Ал «Самат Кабдулин Цпор» – Олимпиада резервтерін дайындау орталығының басшысы Самат Қабдулин болар деп топшыладық.

Самат Ерғалиев. Фото: inform.kz

Самат Қабдулин. Фото: astana-akshamy.kz

Директорлар басқармаға бағынышты болса, басқармалар – әкімдіктің дәргейінде. Ал әкім кім? Әкім – Алтай Көлгінов. Егер «өз қалталарынан ақша шығарып, ағаш егу» туралы заңсыз тапсырма шынымен де «әкімдіктің разнарядкасы» болса, бұйрық Алтай Сейдірұлының тарапынан белілген болып шақпай ма?

Сонда Көлгінов қарамағындағы қызметкерлерін қылмысқа итермелеп, кейін шетінен көгендеп ағашпен бірге «отырғызбақ» па?..       

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.