Қазына қаржысы қалай жұмсалып жатыр?
Расширенная search функциональность экономит время при поиске. Используйте Kraken магазин с продвинутыми фильтрами поиска для быстрого наождения нужны товаров.
Осылайша, жеті айдағы республикалық бюджеттің орындалуында назар аударарлық қайшылық бар. Кіріс жоспары 99 пайызға орындалған, салық та болжаған мөлшерге жақын жиналған. Соған қарамастан бюджет тапшылығы бір жыл бұрынғы 1,9 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Себебі шығыс кірістен жылдамырақ өсіп жатыр. Екеуінің арасындағы алшақтық негізінен жаңа қарызбен жабылған, ал бұрын алынған қарыздарға төленетін пайыздың өзі 2,43 трлн теңгеге жеткен.
Жоспар орындалған, бірақ…
Биыл бюджеттің орындалу қарқыны былтырғыдан жоғары. Өткен жылдың жеті айында кіріс жоспары 92,2 пайызға орындалса, биыл көрсеткіш 99 пайызға жетті. Шығыс жоспарының орындалуы да 91,8 пайыздан 98,8 пайызға дейін өскен.
Бұл қаражаттың жоспарға сай жиналып, уақытылы жұмсалып жатқанын аңғартады. Алайда жоспардың орындалуын бюджет тұрақтылығының жалғыз өлшемі ретінде қарауға болмайды. Өйткені естеріңізде болса, бюджеттің өзі бастапқыда едәуір тапшылықпен бекітілген болатын.
Жеті айдағы кіріс шамамен 860 млрд теңгеге көбейсе, шығыс 1,4 трлн теңгеге өскен. Яғни, қосымша шығынның көлемі қосымша кірістен әлдеқайда жоғары. Соның салдарынан жалпы тапшылық бір жылда 900 млрд теңгеге немесе 47 пайызға жуық ұлғайды. Маусымның аяғында тапшылық 2,13 трлн теңге болған еді. Шілдеде ол 2,8 трлн теңгеге жетті. Дегенмен бұл жоспарланған мөлшерден 97,9 млрд теңгеге аз. Сондықтан мәселе бюджеттің жоспардан ауытқу-ауытқымауында емес, кіріс пен шығыс арасындағы алшақтық жоспардың өзінде қарастырылғанында болып отыр.
Кіріс пен шығыстың айырмашылығы – 2,39 трлн теңге. Ал ресми тапшылық бюджет теңгерімінде берілген кредиттер мен қаржы активтеріне қатысты операциялардың да есепке алынуына байланысты 2,8 трлн теңге деп есептеліп отыр.
Бюджет кірісінің төрттен үші – салық
Жеті айда 9,34 трлн теңге салық жиналды. Бұл – республикалық бюджет кірісінің шамамен төрттен үшіне жуығы. Алайда осы қаражат барлық мемлекеттік шығынның шамамен 63 пайызын ғана жабады. Бұл ретте бюджеттің негізгі көзі қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы болып қалып отыр. Қосылған құн салығынан – 4,26 трлн теңге, корпоративтік табыс салығынан 2,73 трлн теңге түскен.
Қосылған құн салығының көлемі былтырғыдан 37 пайызға өсті. Бірақ жоспар 90,3 пайызға ғана орындалды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 93,8 пайыз болған. Яғни, түсім айтарлықтай артқанымен, биылға белгіленген меже одан да жоғары болған.
ҚҚС бойынша жоспарды орындауға шамамен 458 млрд теңге жетпейді. Әсіресе, импорттан алынатын салықта айырма анық байқалады. Ішкі тауарлар мен қызметтер бойынша жоспар 92,6 пайызға орындалса, импорттық тауарлар бойынша көрсеткіш 88,7 пайыз болды. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін импорт бойынша орындалу деңгейі 84,9 пайызға дейін төмендеген.
Корпоративтік табыс салығының түсімі 24 пайызға өсіп, 2,73 трлн теңгеге жетті. Жоспар 96,8 пайызға орындалған. Бұл былтырғы 95,5 пайыздық нәтижеден сәл жоғары.
Негізгі салықтар бойынша жиналмаған қаражат басқа бағыттардың есебінен ішінара жабылған. Мәселен, халықаралық сауда мен сыртқы операциялардан түскен салық жоспары 103,7 пайызға, табиғи және өзге ресурстарды пайдаланудан түсетін кіріс 168,3 пайызға орындалған. Ал акциз бойынша небәрі 67,3 пайыз жиналған.
Сондықтан салық жоспарының жалпы 98,2 пайызға орындалуы барлық кіріс көзі бірдей нәтиже көрсетті деген сөз емес. Бір салықтағы артық түсім екіншісіндегі тапшылықтың орнын толтырып отыр.
Әр бесінші теңге Ұлттық қордан түскен
Жеті айда республикалық бюджетке 2,8 трлн теңге трансферт түскен. Соның 2,32 трлн теңгесі – Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт. Бұл жалпы кірістің 18,8 пайызы болады. Түсінікті болуы үшін айтсақ, бюджетке түскен әр бесінші теңге – Ұлттық қордікі.
Жалпы, биыл қордан 2,77 трлн теңге алу қарастырылған. Оның 83,8 пайызы осы алғашқы жеті айда жұмсалып үлгерді. Жылдың қалған бес айына жоспарланған трансферттің шамамен 450 млрд теңгесі қалады.
Өңірлік бюджеттер республикалық қазынаға 481,47 млрд теңге аударған. Оның 319,31 млрд теңгесі – Алматыдан, 73,72 млрд теңгесі –Астанадан, 61,83 млрд теңгесі Атырау облысынан түсті.
Салықтан басқа кірістер 210,17 млрд теңгеге жетіп, жоспар 113,1 пайызға орындалған. Бірақ былтыр осы кезеңде бұл бағыттан 459,8 млрд теңге түскен еді. Бір жыл ішінде салықтан тыс кірістер шамамен 250 млрд теңгеге, яғни 54 пайызға азайды.
Бюджеттің мұнайдан түсетін кіріске тәуелділігін тапшылықтан да байқауға болады. Оның көлемі 6,2 трлн теңгеге жетіп, жоспардан 33,1 млрд теңгеге асып түскен. Бұл жалпы тапшылықтан екі еседен астам көп. Басқаша айтқанда, мұнайдан түсетін түсімдер мен Ұлттық қор қаражатын алып тастағанда, мемлекеттің тұрақты кірістері қазіргі шығын көлемін өтеуге жеткіліксіз.
Шығынның төрттен бірі әлеуметтік бағытқа жұмсалды
Республикалық бюджеттен жеті айда 14,75 трлн теңге жұмсалды. Ең көп қаражат әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалған. Бұл бағытқа 3,93 трлн теңге немесе барлық шығынның 26,6 пайызы бөлінді. Жоспар толық орындалған.
Денсаулық сақтау саласына 914,85 млрд теңге жұмсалды. Оның 793,8 млрд теңгесі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілген. Демек, денсаулық сақтау шығысының 87 пайызға жуығы қорға аударылған.
Білімге 495,61 млрд теңге, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, сот және қылмыстық-атқару қызметіне 806,69 млрд теңге бағытталды. Қорғаныс шығысы 798,93 млрд теңге болды.
Бұл салалардағы жоспардың орындалуы 93,5 пен 100 пайыз аралығында. Бір жағынан, көрсеткіш әлеуметтік және мемлекеттік міндеттің уақытылы қаржыландырылғанын білдіреді. Екінші жағынан, шығынның жоғары қарқынмен игерілуі алдағы уақытта қарыз алу қажеттілігін туындатуы ықтимал.
Бюджет кредитіне қатысты жағдай бөлек. Жылдық жоспар 1,1 трлн теңге болғанымен, жеті айда 347,8 млрд теңге ғана берілген. Бұл – жоспардың 31,6 пайызы. Егер жылдық меже өзгермесе, қалған бес айда кредиттеудің басым бөлігін игеру қажет болады.
Тапшылықтың орнын қарыз басты
Қаңтар-шілде аралығында мемлекет 4,68 трлн теңге қарыз алды. Оның 3,97 трлн теңгесі ішкі нарықтан, 704,22 млрд теңгесі сыртқы көздерден тартылған. Яғни, жаңа қарыздың шамамен 85 пайызы – ішкі қарыз үлесі.
Осы кезеңде бұрынғы қарыздарды өтеуге 1,85 трлн теңге жұмсалды. Алынған және өтелген қаражаттың айырмашылығы – 2,83 трлн теңге. Бұл бюджет тапшылығының көлемімен шамалас. Осы арақатынас тапшылықтың негізінен жаңа қарызбен жабылғанын көрсетеді.
Дегенмен қарыздың бюджетке түсіретін салмағын тек оның көлемімен өлшеген де жөн емес екенін ескеру қажет. Жеті айда пайыздық төлемдерге 2,43 трлн теңге жұмсалған. Бұл – барлық бюджет шығысының шамамен 16,5 пайызы және денсаулық сақтауға бөлінген қаражаттан 2,7 есе көп.
Қарызды жабудың жылдық жоспары – 3,47 трлн теңге. Шілденің соңына қарай оның 70 пайызы жұмсалып қойды. Қарыз төлемдері жыл ішінде біркелкі бөлінбеуі мүмкін, сондықтан осы көрсеткішке қарап жылдық жоспар міндетті түрде асып кетеді деуге болмайды. Дегенмен пайыздық шығынның мұндай көлемге жетуі бұрын тартылған қарыздардың бюджет мүмкіндігін барған сайын шектеп келе жатқанын аңғартады.
Жеті айда қаржы активтерімен жасалған операцияларға 217,06 млрд теңге бөлінген. Оның 160,5 млрд теңгесі «Бәйтерек» холдингінің капиталын ұлғайтуға берілген.
Бұл қаражаттың 110,5 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстанның Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорына бағытталмақ. Тағы 50 млрд теңге экспортқа жұмыс істейтін отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында Экспорттық-кредиттік агенттікке беріледі.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына 10,05 млрд теңге бөлінген. Ал мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік саласындағы заңды тұлғалардың капиталын ұлғайтуға Президент бастамаларына арналған резервтен 46,33 млрд теңге жұмсалды.
Айта кетерлік бір жайт, кей бағыт бойынша қаражат алатын нақты заңды тұлғалар аталмаған. Жалпы, мақсаттың көрсетіліп, нақты алушылардың ашық жазылмауы бөлінген ақшаның тиімділігін бағалауды қиындатады.
Өңірлердің өз кірісі өспеді
Республикалық бюджет жоспарланған көрсеткішке жақындағанымен, жергілікті бюджеттердің жағдайы күрделене түскен. Жеті айда олардың кірісі былтырғы 9,3 трлн теңгеден 8,9 трлн теңгеге дейін азайды. Жоспардың орындалуы да 102,1 пайыздан 96,2 пайызға төмендеді.
Бұған орталықтан бөлінетін қаражаттың қысқаруы әсер етті. Өңірлер жеті айда республикалық бюджеттен 3,6 трлн теңге трансферт алды. Былтыр осы кезеңде 4,1 трлн теңге берілген болатын. Айырмашылық – 500 млрд теңгеге жуық немесе 11,9 пайыз.
Трансферт көлемінің азаюын өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға бағытталған қадам ретінде қарастыруға болады. Бірақ мұндай өзгеріс жергілікті кіріс қатар өскенде ғана нәтиже береді. Әзірге өңірлердің салық түсімі былтырғы 4,8 трлн теңге деңгейінде қалып отыр. Жоспардың 92,1 пайызы ғана орындалған.
Жеке табыс салығынан 1,6 трлн теңге түсіп, жоспар 98,1 пайызға орындалды. Ал корпоративтік табыс салығы бойынша көрсеткіш 89,6 пайыз, әлеуметтік салық бойынша 87,8 пайыз болды. Тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге салынатын ішкі салықтардың жоспары небәрі 84,6 пайызға орындалған. Яғни, орталықтан келетін қаражат азайған тұста өңірлердің өз кірісі бұл кемдіктің орнын толтыра алмады.
Осы аралықта жергілікті бюджеттердің шығысы 8,5 трлн теңгеден 8,9 трлн теңгеге дейін өсті. Соның салдарынан былтырғы 418,1 млрд теңгелік профициттің орнына биыл 354,5 млрд теңге тапшылық қалыптасты.
Дегенмен бұл өңірлерді қаржыландыруда кідіріс бар деген сөз емес. Республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттер толық аударылған, даму жобаларына арналған нысаналы трансферттер де жоспарға сай бөлінген. Мәселе кіріс құрылымының өзгеруінде болып отыр: орталықтың рөлі азайып келеді, ал жергілікті салық базасы соған бейімделіп, ұлғая қойған жоқ.
Өңірлердің трансфертке тәуелділігін азайту үшін оларға өз кірісін көбейтуге нақты мүмкіндік қажет. Инвестиция тартып, жаңа кәсіпорын ашып, жұмыс орындарын көбейткен аймақ соның нәтижесін өз бюджетінде сезінуге тиіс. Егер негізгі салық түсімдері орталыққа жиналып, шығыс міндеттемелері жергілікті деңгейде қала берсе, өңірлердің өз қаражаты есебінен даму жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі шектеле береді.
P.S:
Жалпы, жеті айдың қорытындысы бойынша, кіріс те, салық түсімі де өсіп, жоспарға жақын орындалған. Негізгі мәселе шығынның одан жылдамырақ өсуінде болып тұр. Әзірге бұл алшақтық Ұлттық қор трансферттері мен мемлекеттік қарыз арқылы жабылып отыр. Бірақ қарыздың өзі кейінгі бюджетке қосымша жүк түсіреді.
Жылдың екінші жартысында қосылған құн салығы бойынша олқылықтың орнын толтыру, шығын қарқынын бақылау және жаңа қарыздың құнын ескеру маңызды болады. Өйткені кіріс жоспарының орындалуы бюджет мәселесін өздігінен шешпейді. Тұрақтылық кіріс пен шығыс арасындағы айырма азайып, тапшылықты жабу үшін алынатын қарызға тәуелділік төмендегенде ғана орнамақ.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287134-qazyna-qarzysy-qalai-zumsalyp-zatyr