Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

0 14

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңірдің медицина қауымдастығымен кеңес өткізді.

Кеңес барысында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және өңірдегі өзекті мәселелер талқыланды. Министр денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 813 денсаулық сақтау нысаны салынған болса, оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген. Жамбыл облысында аталған жоба шеңберінде жоспарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық 30 нысаны толық іске қосылған.

Кеңесте өңірдегі денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері сараланып, ана мен бала денсаулығын қорғау, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скринингтік тексерулердің тиімділігін арттыру, туберкулездің алдын алу, вакцинация, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қаралды.

Министр 2026 жылдың алғашқы төрт айында облыста тіркелген ана өлімі жағдайларына тоқталып, жүкті әйелдерді бақылау, пациенттерді дұрыс бағыттау және медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Асель Кидиралиева баяндама жасап, өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды. Ол медициналық қызмет сапасына қатысты тұрғындардан түскен шағымдар мен анықталған кемшіліктерді жою бағытындағы шараларға тоқталды.

Кеңес қорытындысында Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдарда ішкі бақылауды күшейту, клиникалық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

 baq-orda.kz.

фото: ашық дерек

Leave A Reply

Your email address will not be published.