Брендке айналған өнімнің көлемі артуда

0 142

Пияз өндірісі бүгінде Жамбыл облысының брендіне айналды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, облысымызда еліміздегі пияздың 75 пайызы өсіріледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек,  биылғы жылы 24,5 мың гектарға пияз дақылы отырғызылып, 2020 жылмен салыстырғанда 2,0 мың гектарға артқан. Оның ішінде Шу ауданында – 13,3 мың гектарға, Жамбылда – 5,5 мың гектарға, Қордайда – 3,3 мың гектар және Байзақта – 1,8 мың гектарға егілген.

Қазіргі уақытта пияз жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінге дейін 1,1 млн. тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім 529,8 ц/га құрап отыр.

– Жалпы бұл дақылдың егіс көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға артып отыр. Сонымен қатар, 1 гектардан алынатын өнім көлемі де ұлғаюда. Мәселен, 2019 жылы орташа өнімділік 273,4 ц/га құраса, 2020 жылы 306,7 ц/га құрады. Әулиеата пиязы Ресейдің қиыр шығысынан бастап, Европа одағына дейін экспортталуда. Мысалы, өткен жылы 33,0 мың тонна пияз экспортталса, 581,0 мың тоннасы басқа облыстарға жөнелтілді. Айта кету керек, аймақта егілетін пияз дақылының 17 мың гектарына су үнемдеу технологиялары қолданылады, – дейді басқарма мамандары.

Бір ғана Байзақ ауданының өзінде бүгінде сыйымдылығы 20 мың тонна болатын екі қойма бар.  Бұл көкөністі өсірумен шаруа қожалықтары ғана емес, қарапайым отбасылар да айналысуда екен.

Енді осы орайда алдыңғы жылғы деректерді сөйлетсек. Мәселен, былтыр карантиндік шектеулерге қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенде тұрақты өсім байқалып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары уақытында жүргізілген. Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құраса, соған сай 817 мың тонна астық жиналған. Бұл дегеніміз барлық ауыл шаруашылығы дақылдарында жиын-теріннің өскенін көрсетеді.

Жамбыл жерінде өсірілген пияз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де зор сұранысқа ие. Айталық, былтыр жиналған өнім 691 мың тоннаны құрап, оның 41,2 мың тоннасы ТМД елдеріне, Ирак, Австралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польшаға жөнелтілген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 11,5 мың гектар суармалы алқаптар қалпына келтіріліп, жалпы аумағы 178,5 мың гектарға жетсе, пайдаланылмай жатқан 72,1 мың гектар ауыл шаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл өз кезегінде пияз өндірісінің қарқын алуына жол ашып отыр.  Осылайша, бренд өнімнің бәсі жылдан жылға биіктей түсеріне сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.