Өндіріс өркендеп, өңір өрге басуда

0 14

Өндіріс өркендесе – өңірдің әлеуеті артып, тұрғындардың да табысы артады. Жамбыл облысы негізі аграрлы аймақ саналғанымен, өнеркәсіп саласы да қанатын кеңге жайып келеді. Жыл сайын жарқын жобалар жүзеге асып,  дамуымызға соны серпін беріп, облыс тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуда.

2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындарымен 379,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жеке-жеке тоқталар болсақ, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 37,9 миллиард теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 104 пайызды құраған. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы – 10 пайыз. Өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 281,4 миллиард теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,6 пайызға тең. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы – 74,4 пайыз.

– Өңдеу өнеркәсібі құрылымында химия өнеркәсібі (44,2 пайыз), металлургия өнеркәсібі (17,8 пайыз), тамақ өнімдері өндірісі (16,4 пайыз) өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі (10,5 пайыз), мұнай өңдеу өнімдері өндірісі (4,3 пайыз) салалары ең көп үлеске ие. Машина жасау (2,5 пайыз), дайын металл бұйымдарын өндіру (1,1 пайыз), жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салалары (1,0 пайыз) ең аз үлеске ие.

Ағымдағы жылы химия өнеркәсібі саласында 124,5 миллиард теңгеге, металлургия өнеркәсібінде 50 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 46 миллиард теңгеге өнім өндірілді.

Өңірде былғары-аяқ киім өндірісі, тоқыма бұйымдары, киім өндірісі дамыған. Саланың негізгі кәсіпорны – «ТаразКожОбувь» жауапкрешілігі шектеулі серіктестігі. Оның қызметі тері бұйымдарын өндіруге және былғары аяқ киімнің кең ассортиментін тігуге негізделген. Салада өнім көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыстарға, сұранысқа байланысты.

Аумақтық кесімде өнеркәсіп өндірісінің көлемі барлық 10 ауданда артқан. Тараз қаласының кәсіпорындарымен 2021 жылдың қаңтар-тамызында 217,2 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда НКИ – 105,3 пайызды құрап отыр. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 57,2 пайыз, – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы аспандияр Сейсебаев.

Ал Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 — 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда кәсіпкерлік қолдау картасы бойынша 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс кезінде 10 543 және іске қосылу кезінде 8 348 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда.

2020 жылы жалпы құны 14,8 млрд.теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 596 жаңа жұмыс орны құрылған.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында ағымдағы жылы жалпы құны 16,4 миллиард теңгеге 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге 3 жоба іске асырылып, қалған 9 жоба жыл соңына дейін жүзеге асыру күтілуде. Оларда 651 жаңа жұмыс орны құрылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.