Барысхандықтар ауызсудың азабынан құтылды

0 356

Күні бүгінге дейін қала іргесінде тұрып жатқан барысхандықтардың басты базынасы – ауызсу мәселесі еді. Шалғайдағы ауылдық елді мекендер ауызсумен қамтылып жатқанда облыс орталығына қарайтын тұрғын алқаб халқының бұл жанайқайы орынды. Осыны ескерген облыс әкімі ағымдағы жылы 20 сәуір күні алқапқа ауызсу беру туралы жауаптыларға нақты тапсырма жүктеген болатын. Айтқандай-ақ, кеше алқапқа ауызсу кіріп, тұрғындар көптен күткен қуанышқа кенелді.

Алқап тұрғындары ауызсуды көптен күтті. Тіршілік нәріне зар болған барысхандықтардың бұл мәселені көтеріп келе жатқанына да аз уақыт болған жоқ. Қалалық әкімдіктің берген мәліметі бойынша, аталған алқапты ауызсумен қамтамасыз ету және сервистік желілер құрылысын салу жоспарының бірінші кезеңінде 747 тұрғын үйді ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіліпті. Нысанның құрылысы 2018 жылы 25 желтоқсанда пайдалануға тапсырылған. Мердігері– «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен сол жылы желтоқсанның 14-і күні №2 келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда аяқталмай қалған, яғни құдықтарды жабдықтау, баспалдақтарын орнату, абоненттерге есептеу құралдарын орнату секілді шаруалар бекітілген жұмыс өндірісінің кестесіне сәйкес толық орындалуы бақылауда екен. Сонымен қатар нақты уақытта 8 маман және
2 техника жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылдың 30 наурызында жобаға сәйкес аталған аймақта 70 өртке қарсы гидрант толығымен орнатылған. 4 маман Жауғаш батыр көшесінің бойындағы құбырды автожолдан өткізумен айналысса, қосымша
2 маман «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасында абоненттерге арналған тарату құбырын дәнеекерлеуге жұмылдырылыпты. Ал екінші кезең бойынша «ҚазҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, 276 тұрғын үйді сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. Десек те алқапта 116 тұрғын үй су желісімен қамтылмай қалған. Осы ретте облыс әкімі тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, жауапты мамандарға жұмысты жүйелеп, 20 сәуірде алқап тұрғындары ауызсумен қамтылуы тиіс екенін қадап айтқан болатын. Кеше Бердібек Машбекұлы берген тапсырма орындалып, алқап тұрғындарына ауызсу жетті. Үйлердің алғашқы төрт-бесеуіне кеше су берілсе, кезең-кезеңімен қалғандарына да ауызсу жеткізу жоспар бойынша жүзеге асырылмақ
– Алқапқа 2013 жылы көшіп келгенімде жол да, жарық та жоқ еді. Қаланың іргесінде тұрсақ та қара суға жарымадық. Сусыз өмір жоқ. Сондықтан тіршілік көзіне әбден зар болдық. Бүгін үйімізге су келгеніне қатты қуанып отырмыз. Мөп-мөлдір, тап-таза. Қаншама жылдан бері көтеріліп келген осы мәселемізді жіті назарына алып, уәделі уақытта шешіп берген облыс басшысы Бердібек Машбекұлына, қала әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді алқап тұрғыны Шүкірбек Шәдеков.

Нұржан Қадірәлі

ar-ay.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.