Балық өсіріп, байимын дегендерге қолдау көп

0 251

Облысымызда балық шаруашылығы кенжелеп қалғаны рас. Мәселен жеке кәсіпкер ретінде өңірдегі көл-тоғандарға иелік етіп отырған олар балық болсын, бақа болсын кез келген су жәндігін сүзіп алып, ақша жасаудан басқа тірлікке бармай отырғаны қоғамда үлкен сынға ұшырағалы біршама уақыт болды. Оларды уылдырығынан көбейту немесе балықты қайта өңдеу арқылы килки, шпрот секілді концервіленген өнім жасау да бүгінде арманға айналды. Бір қуанарлығы кейбір аудандарда баплық шаруашылығын дамытуға деген талпыныс бар. Соның бірі — Мойынқұм ауданы. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен жақында мұнда балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға бағытталған шара барысында арнайы сабақ өткізіліп, Мыңарал балық зауытында практикалық жұмыстар жүргізілді.

Семинар барысында «Құлатай — БВК» орталығының жетекшісі Уалихан Бидайбеков балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, мемлекет тарапынан бұл іске бет бұрғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған, бастаған істң өрісін кеңейту және дамыту жайында кеңес алушыларға білгенін үйретті. «Балық өсіріп байысам» деген тұрғындар маңызды кеңеске қанығып, соны ақпаратқа сусындады. Оның Мыңарал балық зауытында білім алушыларға балық аулау және өңдеу жұмыстарын тәжірибелік тұрғыда көрсетуін жанашырлық деп түсіндік.

– Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары өңірде біртіндеп болса да артып келеді. Қайта өңдеу ісі де там-тұмдап болса да қолға алынып жатыр. Өткен жылы облыста форель өнімі өндіріліп, нарыққа шығарылуы соның айғағы. Қазір арнайы шабақтар өсіретін тоғандар да бар. Майшабақтарды сатып алып, арнайы өзен-тоғандарда өсіретін болса жеткілікті пайда табуға болады, – деді Уалихан Бидайбеков өз сөзінде.

Аталған аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Сағындық Бекетұлы осындай семинарлар мен оқу курстары мемлекеттен қаржы алып, кәсібін бастаймын дегендер үшін пайда келтіретінін айтады.

– Аудан бойынша қысқа мерзімді оқу курсына 30 адам, оның ішінде балық шаруашылығы бойынша 15, ара шаруашылығы бойынша 15 адам жолданды. Ара шаруашылығы бойынша былтыр 2, биыл 1 азамат қайтарымсыз грант алып, бүгінде шаруаларын дөңгелентіп отыр. аталған кәсіп бойынша өз ісін бастаймын деген азаматтарға қайтарымсыз грантқа 100 адамға қосымша қаражатқа өтім берілген, – дейді ол.

Мыңарал балық зауыты еліміздің түкпір-түкпіріне жоғары сапалы ысталған, мұздатылған, кептірілген балық өнімдері мен консервілерді жөнелтіп отыр. Егер балық шаруашылығымен айналысқысы келгендер мүмкіндікті мүлт жібермей, қайта өңдеу ісін меңгерсе, сұранысқа ие өнімдер жас кәсіпкерлерді жерге қаратпайтыны анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.