Асқар Мамин: Жалақы мөлшері 221 мың теңгеге өседі

0 506

Нақты жалақы мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында мәлімдеді.

– Халықты жұмыспен қамту үкіметтің маңызды міндеті болып табылады. Пандемияны ескере отырып, кешенді шаралар қабылданды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының құралдары күшейтілді, жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылды. Биыл жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға назар аударылды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды. Биыл жыл соңына дейін 1,2 миллион адамға жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіледі. Нақты жалақы мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспайды, – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр.

– Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс қарқыны жақсы. Өзге өңірлерге де осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыру керек. Ол үшін барлық құралдар мен қажетті ресурстар бар.

«Бастау бизнес» жобасы тиімділігін көрсетті. Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. «Атамекен» палатасы еңбек министрлігімен бірлесіп, білім алушылардың санын көбейтсін. «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуі тиіс, – деді Мамин.

Осы орайда премьер-министр министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді.

– Бірінші, еңбек министрлігі 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын үкіметке енгізсін. Қолдау шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек.

Екінші, ұлттық экономика, еңбек министрліктері мен әкімдіктер 1 шілдеге дейін жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлесін. Жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет.

Үшінші, еңбек, қаржы, ұлттық экономика министрліктері мен өңірлердің әкімдіктері «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етсін, – деді Асқар Мамин.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.