Кәсіпкерлермен кездесті

0 274

Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп отыр. Шағын және орта бизнес — ел экономикасының тірегі. Бұл саланы өрістету арқылы, мемлекет дамуына ықпал етуге болады.Қазіргі уақытта кәсіпті кеңейтуге, немесе іс бастауға ниет білдірген азаматтарға қолдау білдіруге арналған елімізде бірқатар бағдарламалар бар. Бұл туралы облыстағы қаржы ұйымдары өкілдеріннің ауданға жасаған сапары барысында айтылды. Есейхан ауылы кәсіпкерлерімен өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Төрехан Қойлыбаев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік,өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлмира Татимбетова және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Серік Кошкинбаев қатысты.

Елімізде бизнесті дамытуға арналған тиімді бағдарламалардың бірі — «Бизнестің жол картасы-2025». Оған ұсынылған жоба экономиканың ең негізгі саласының тізіміне енсе, ол жағдайда екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға болады. Бағдарлама аясында 7 млрд. Теңгеге дейін несие беру қарастырылған.

Егер іс бастауға тәуекел еткен азамат инновациялық жоба ұсынса, мемлекеттік грантты яғниқайтарымсыз қаражатты иеленуге мүмкіндігі бар. Бағдарлама аясында 7 млн. теңгеге несие беру қарастырылған. Ал, грант көлемі 5 млн. теңгеге дейін. Бұл жайында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы Дамир Досалянов кәсіпкерлермен өткен кездесу барысында айтып берді.

Бұдан бөлек, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да тиімді ұсыныстарымен ерекшеленеді. -Негізі бағдарлама шағын бизнес пен шаруа қожалықтарын және жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына несие төрт пайызбен беріледі,-дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалының несиелік бөлімінің басшысы Бауыржан Таджибаев.

Жалпы, бастаған істі кеңейту үшін немесе тірлік бастауға алатын несие үшін кепілдік қажет. Оның әр өңір бойынша белгіленген нормативтері бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының

мониторинг бөлімінің маманы Айболат Аужанның айтуынша мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарда әр мүйізді ірі қараның басына 1 гектар жер болуы қажет. Ал 50 бас ірі қара және 500 бас ұсақ малболса, бір құдық қаздыруға болады.

Егер жер көлемі 2000 гектардан асса, екі шаруашылық қосылып, екі құдық орната алады.

Кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктердің құны оның орналасқан жеріне қарай бағаланады.

Бұл орайда ауыл-аймақтардағы тұрғын жайлардың бағасы төмен. Бағаланған құнына ойдағы кәсіпті игеріп кету екі талай. Негізінен, ауыл тұрғындарының көтерген мәселесі осы төңіректе өрбіді. Жолданған сауалдарға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалы кепілдендіру және сақтандыру бөлімінің басшысы Әлібек Сейдахметов жауап берді.

-Кепілге қойған мүлкіңіз құны төмен болған жағдайда қаражатты толықтыру үшін кепілдік беретін мекемелер бар. Мысалы, баспанаңыздың жалпы құны 10 млн. теңге тұрады делік, 6 млн. теңгеге бағаланды. Қосымша 4 млн. теңге қажет болса, мекеме кепілдік береді.

Ол үшін Несиелік серіктестікке және микро қаржылық ұйымдарға мүше болуыңыз қажет. Келісімге қарай алған сомаңыздың жарнасынтөлейсіз. 300 мың теңге төлесеңіз, несие мерзімі аяқталған соң төлеген жарнаңызды қайтарып алуға болады,-деген Әлібек Бейсенбекұлы кепілдендірудің негізгі талаптарын түсіндіріп берді.

Сонымен қатар, төмен пайызбен кепілсіз несие алудың жолдары да бар. Екінші деңгейлі банкпен келісімге тұрасың. Сізге, «Даму» банкі кепілдік береді. Несие көлемі 2 жылға дейін. Ол 21 жас пен 65 жас аралығын қамтиды. Несие тарихыңыз дұрыс болуы шарт.

Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау-Бизнес» жоба іске ниет білдірген азаматтар тарапынан бүгінде кең қолдау тауып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылдан бастап кәсіпкерлік негізде оқыту «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен іске асырылып келеді. Төрт жыл ішінде 150 мыңнан астам қазақстандық осы жоба бойынша оқып шықты. Еліміз бойынша

144 мың бизнес-жоспар жүзеге асырылды. Жобаға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасының және зейнет жасына жетпеген ауыл шаруашылық копперативтерінің мүшелері, қоныс аударған қандастар қатыса алады.

Алдымен, талап білдіруші халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуы тиіс. Биыл аудан бойынша 280 адамды «Бастау-Бизнес» жобасы аясында

оқыту көзделген. Қазір 100 адамнан құралған бірінші топ оқуларын аяқтады. Ендігі кезекте 100 адам дәріс алады. 21 күндік оқуды бітірген соң арнайы сертификат беріледі.

Сол арқылы бизнес жоспарыңызды әзірлеп, кәсіп бастап, несие алуға немесе қаржылай грантты жеңіп алуға болады. Кәсіпкерлік негізде оқытудың мақсаты-өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды кәсіппен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру,-дейді жобаға түсініктеме берген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Талас аудандық филиалының директоры Серік Кошкинбаев. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың барлығы халықтың іске айналысуға, табыс табуына бағытталған. Нормативтікқұқықтық базаны қалыптастыру, кәсіпкерлерді тексеруге бірнеше рет мораторий жариялануы, несиелендіруге қаржының бөлінуі, салықтық жүктемені төмендету сынды жеңілдіктердің барлығы кәсіпкерлердің ісін алаңсыз жалғастыруы үшін жасалып отырған қадам екенін түсінуіміз керек. Қолдауларды пайдаға жаратып, қолға алған ісінің игілігін көріп отырған кәсіпкерлер ауданымызда аз емес. Мәселен, ауданда үстіміздегі жылы өнеркәсіп салаларын және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Жол картасымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша орындауға 16 жоба ұсынылған. Бағдарламаға қатысуға 2021 жылдың қаңтар айында 147,0 млн. теңгеге 18 жоба иесі несие алуға ниет білдірген. Үміткерлердің тізімі екінші деңгейлі банктерге жолданды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен берілетін портфельдік субсидиялау бойынша 2021 жылдың төрт айында ауданнан «Halyk bank» және «Сбербанк» АҚ арқылы 31,1 млн. теңге қаражатқа 8 кәсіпкер қол жеткізді. Ал, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» негізінде бағдарлама шеңберінде 58,7 млн. теңгеге 12 жобаға өтінім берілген. Нәтижесінде 44,2 млн. теңгеге кепілдік сомасы ұсынылды. Іспен шұңылдануға ынта танытқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың қаншалықты орнықты екендігін осыдан байқауға болады. Аймақтағы шаруа қожалық басшыларына, жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген қаржылық ұйым өкілдері Қаратау қаласы әкімі аппаратының мәжіліс залында, сондай-ақ, Ақкөл және Бостандық ауылдық округтерінде болып, кездесулер өткізді.

-Мұндай басқосуларды жергілікті кәсіпкерлер өз пайдаларына жарата білуі керек. Өйткені, қаржылық ұйым өкілдерімен жиі жолыға бермейміз. Қажет кеңестерді алып, көкейдегі сауалдарға жауап табуға таптырмас мүмкіндік. Кездесуді ұйымдастырудағы негізгі мақсатта-осы. Қаржылық ұйым өкілдері осымен ауданға төртінші рет жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті. Бұл жолы ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен жүздестік. Көпшілік түсінбегендерін сұрап, қызығушылық танытып жатыр. Біз ауылдық округі және қала тұрғындарынан он беске жуық ұсыныс түсті. Енді оларды арнайы қабылдап, жұмыс жүргізетін боламыз,дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров. Кездесу соңында қаржылық ұйым өкілдері тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, туындаған мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.