Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА «STREET WORKOUT» АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Күні кеше Т.Рысқұлов ауданына қарасты Құмарық ауылында әуесқой спортшыларға арналған Street Workout алаңының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында аталмыш жоба ауылдың жомарт жандары Әсет Бағыбаев пен Сержан Баденовтың бастамасымен іске асырылған. Жобаның жалпы құны — 1 500 000 теңгені құрайды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген Street Workout алаңы қарапайым тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолжетімді жағдай туғызып отыр. Құмарық ауылындағы орталық саябағында ашылған алаңда ашық аспан астында спортпен жаттығуға болады. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін Street workout қозғалыс құралдары ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік тудырып отыр.
Аталған іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Шабеев, Құмарық ауылдық округінің әкімі Б.Мансұрдың қатысуымен өтті.
Айта кету керек, аталмыш жоба облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек — 2021» акциясы аясында жүзеге асқан.
Бұл жоба еліміздің әр өңірінде балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді. Ал мұндай сыйлықты тарту еткен екі достың тартуын ауыл тұрғындары жоғары бағалады.