Жыртық шалбар, сән болдың ғой құтырған

0 60
Жыртық шалбар, сән болдың ғой құтырған,
Сені ұнатып, жастар көптеп тұтынған.
Сен туралы жазды талай зиялы,
Жұлдыздар да тастамады бұтынан.
Жыртық шалбар, болмадың ба сен бекем,
Бүтін затты не бүлдіріп құртты екен.
Обалсынып, аяп кетем өзіңді,
Қолы барып кім арнайы жыртты екен?
Бір дүние жетіспеген, кем неткен,
Жарлы көптеп дәм татады кермектен.
Тозық киім кедейліктің нышаны,
Жаңа киім жыртылмас па ед(і) еңбекпен?
Ыштанымыз жыртылғанда қия бұт,
Жамаушы едік айналадан ұялып.
Алба-жұлба киім қазір сән болды,
Тұрқымыздан ұзап кетті ұяңдық.
Жарасымды, бүтін киім бақ деп-ем,
Сені жамау үшін жіп жоқ, шақ тебен.
Жап-жаңа боп шықты-ау сенің тозығың,
Жыртығыңнан жылт-жылт етед(і) ақ денем.
Ойығыңнан емін-еркін жел ессін,
Деп өзіңді жаратты ма елеп шын.
Жыртық, қысқа, жамау-жамау боп жүру,
Бұл күндері сән, салтанат, ермек,сын.
Киімдерге мен қайтейін жұлқынып?
Өздігінен жатпас олар қырқылып.
Киім түгіл қанша әсем жүректер,
Шүберектей тозып кетті-ау жыртылып.
Мұңдар басса қабақ қалар қыржиып,
Бет жүзіміз тырысады тыржиып.
Жүрегі мен жүзі суық жан артты,
Жыртық шалбар ғана жүр ғой ыржиып…
Туранбаи Уразымбетов
Leave A Reply

Your email address will not be published.