«Вокзалда түнеген, мешіттің алдында қайыр тілеп отырған күндерім болған»: Қазақстанда соғыс ардагерлері қарттар үйінде жүр
Қазақстанда қарттар үйін паналаған зейнеткерлердің үлесі артуда. Мемлекет тұрмақ, баламыздан қайыр жоқ деген қариялар өкініштерін жасырмады. Біреулер бұған себеп шетелге еліктеу десе, ендігілері Совет үкіметінің әсері екенін айтады.
«1944-ші жылы 4-ші ақпан күні ауыр жараландым. Оқ кеудемнің ортасынан тиіп, 3 пен 4-қабырғаның арасынан өтіп, екі қабырғамды жарып жіберіп, өкпемнен өткен, жауырыннан шыққан. Оның орны қазір темір 100 теңгелік ақша бар ғой, сонымен бірдей», — деді соғыс ардагері Қамбар Сәрсенов.
Қамбар атаның қартайғанда қамқор болар қос ұлы да қайтыс болған, қызы бар. Десек те оның өзін анда-санда көріп тұрады.
«Қазір 4 немерем бар, үшеуі ұлдан. Біреуі қыздан, бір шөберем бар. Әлгі бала кезімізде кемпір шалдар немере-шөберелерін жетектеп жүруші еді, сол басымызға келді. Бұл өзі немере шөбере деген өз балаңнан тәтті көрінеді ғой, кім білген», — дейді Қамбар Сәрсенов.
Тағы бір қария басына түскен ауыртпашылықтар жайлы айтты.
«Екі жыл қиналдым. Маған тіреп қойған әкемнің я шешемнің үйі жоқ. Не қылам жасырып? Вокзалда түнеген, мешіттің алдында қайыр тілеп отырған күндерім де болды. Мен келініме де, балама да жамандық тілмеймін. Бірақ маған істегендерін, Алла балаларының алдына алып келеді. Қазақта не ексең, соны орасың деген сөз бар ғой», — дейді зейнеткер Әсемкүл Найманова.
Қоғам белсендісінің сөзінше, Совет үкіметінің әсері әлі де байқалуда.
«Қазір заң мемлекет тәуелсіз елміз дейміз, тәуелсіз Қазақстанбыз дейміз. Бірақ біздің сол совет үкіметінен қалған сарқыншақтың кесірі әлі келе жатыр. Яғни біздің ата-анасына қарамайтын тасбауыр балалардың өсіп-өнуі белең алуда», — дейді қоғам белсендісі Бақытбол Берімбайұлы.
Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова қоғамда қарттарды мүсіркеу қалыптасқанын алға тартады.
«Қарттар үйіне барсаңыз, тек қана жылағыңыз келеді. Өйткені ондағы адамдардың жағдайына қарап, тек қана мүсіркеу ғана қалды. Яғни бізде қоғамда қарт адамдарға сондай көзқарасты қалыптысып жатыр. Ал мүсіркеп қарау, оларға деген қамқорлық емес. Қариялардың жалғыз қалуы шетелден келе жатқан бір жаман үрдіс деп есептеледі. Мен бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Мысал, Жапонияның алып қарайық, онда егде жастағы адамдар көп серуендеп, тіпті саяхаттап тұрады», — дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.
Қазір шет елдерде егде жастағы адамдардың үлесі жоғары: шамамен 15-20%. Қоғам жылда қартайып барады. Сол үшін зейнет жасына жеткендерді экономикалық белсінді халықтың санатына қосу маңызды. Әйтпесе жұмыс күші азаяды деген қауіп бар.
«Өмір жасы ұзарып жатыр. Ал теңгенің екі жағы бар: ұзарғаны, әрине, жақсы. Бұл — тұрғындардың жағдайының жақсарғаны. Екінші, теріс жағы — ол біздің қоғамдағы экономкиалық белсенді адамдардың санының азаюы. Бұл — біздің экономикалық жағдайымызға қиындық түседі деген сөз. Яғни, ол кісілерді біз қамқорлыққа алуымыз керек, асырауымыз керек», — дейді әлеуметтанушы.
Ал ол үшін мемлекеттік бағдарламалар әзірленуі тиіс. Айта кетейік, елімізде егде азаматтардың саны екі миллионға жеткен. Әлеуметтанушылар шетелдегідей жағдайға келу үшін, қариялармен емес, 40-50 жастағы азаматтармен жұмыс жүргізілуі керек дейді. Сонда алдағы уақытта қарттардың да әл-ауқаты жақсармақ.