«Ол кісінің өзіме деген сезімін естігенде аспан айналып жерге түскендей болды»: Роза Мұқанова жары Әкім Тарази туралы
Көпшілік қауымға «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі арқылы танылған жазушы-драматург Роза Мұқанова Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Қазақ әдебиеті гүлзарының ең әдемі гүлі Роза апай — жазушы-драматург Әкім Таразидің жан-жары. Махаббат қанша жаста екеніңді талғамай, таңдамай келеді дейтін Роза апай азулы жазушының қосағы болудың қиындықтары мен артықшылықтарын айтып берді. Сондай-ақ, Фариза Оңғарсыновамен жақын араласқан Роза Мұқванова ақынның елге беймәлім бейнесі туралы сыр шертті.
— Роза апай, шығармаларыңызда неге мұң көп?
— Ішкі дүниемнің, жанымның әуені солай шығар. Әр нәрсенің түбіне, тереңіне , жаратылысына, табиғатына үңілгенді ұнатамын. Солардан алған жауабымның бәрі мұңнан тұратын шығар, бәлкім. Өмірдің өзі де қобыздың сарыны сияқты ғой. Мысалы қобызда қандай көңілді күй тартуға болады? Қобыздың қылынан қоңыр ой мен арманды ғана еститініміз сияқты.
— Бір сұхбатыңызда «Мәңгілік бала бейне» менің жолымды жапты, көп жерде кітаптарым да шықпай қалды» дегенсіз. Неге?
— Иә, «Мәңгілік бала бейне» М.Әуезов театрында 18 жылға жуық театр репертуарынан түспеді. Бұл шығарма көрермен көңілінен шыққандықтан да үлкен сұранысқа ие болды. Ешбір себепсіз 18 жылдан кейін репертуардан алынып тасталды. Мұнан кейін жас әдебиетшілер клубының «Қазақстан» каналынан арнайы телехабар ұйымдастырылып, репертуардан неге алынды, көрермен бұл спектакльді әлі де көргісі келетінін, жастардың жоғары сұраныстағы спектальдің репертуардан шеттетілгені жайлы театрға, театр актерлеріне сауал жолдаған арнайы хабарын көргенде өзімнің де таңғалғаным бар. Демек, жақсы шығармаға халықтың өз пікірі, өз талғамы болады. Театр «Мәңгілік бала бейнені» репертуардан алып тастағандағы себебін ашық айтпады. Бірақ қалай дегенмен де «Мәңгілік бала бейне» пьесасы көтерген тақырып, біздің ұлт үшін мәңгілік тақырыптардың бірегейі еді. Ол еркіндігіне, тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген елдің алғашқы жан айқайы еді. Ұлттың қасіретін көрсеткен шығарма еді.
— Осы шығарманың жазылуына арқау болған оқиғалар туралы айтсаңыз.
— Бұл жайында көп айттым, енді қайталай беруден сақтанған жөн. Жиырма жыл бір сұраққа жауап берудің қандай жүйкеге тиетінін айтсам, безіп кетер едіңіз. Бірде Сайын аға (Сайын Мұратбеков — ред.) ауырып, жатып қалғанда жұбайы Мәрия тәтенің жылап айтқаны есіме түсіп отыр. «Мына Сайын ағаң әбден титықтатты. Быламық жасап берсем аузын ашпай ерегесіп отырып алады. Құдай-ау, нәр болсын, аздап болса да тамақ жесейші деп зорлықпен аузына салғанымда былш еткізіп түкіре салды. Бұрын-соңды мұндай мінезі жоқ еді» деді. Сөйтсем, Сайын ағам, классик ағам, быламықтан әбден мезі болғандағы салған соңғы сойқаны екен ғой.
— Қазіргі әдебиеттің хәл-ахуалы жайлы қандай пікірдесіз?
— Шығармашылығын ұнатып оқитын жас ақын-жазушылар бар. Қазіргі оқырман өз дәуірінің, өз заманының ақын-жазушыларын оқығанды жақсы көреді. Бірақ өз басым классиканы оқығанға құмармын.
— Фариза Оңғарсыновамен бір кездері жақын араластыңыздар, ол кісі туралы бір-екі ауыз естелік айтсаңыз. Көпшілік біле бермейтін, сізге ғана аян қыры мен сыры туралы …
— Мен бірде Фариза апайға сұрақ қойдым. «Ұлттық дәстүр мен болмыстың құрбандығы болып, айтылатын сөз айтылмай, жасалатын әрекет жасалмай қалған жоқ па? Махаббат, сезім, ғашықтық дегенді өзге ұлт сенсация етіп ашық айтады, сізде айтылмаған сыр бар шығар?» — дедім. Ол кісі: «Не білгің келеді?» деді. «Сізге есі кетіп, ғашық болғандар болды ма?» — дедім. Фариза апай: – Болды! — деді. «Ол жас жігіт еді, орыс тілді еді, аздап өлең жазатыны болды. «Көк базардың» алдындағы ұзын ғимараттың қасында үнемі күтіп тұратын. Қызметке кіріп кеткеннен кейін ол да кетіп қалатын, жұмыстан шыққанда сол жерде тағы күтіп тұрушы еді. Кейіннен оның бұл қылығының ерсі екенін, әрі ұят болатынын ескерттім. Бірақ ол жігіт көпке дейін қалыптасқан дәстүрінен айнымады. Жаным ашыды, оны қатты аяйтын едім» дегені бар.
Мен жалпы Фариза апай өзі айтпаса, әр нәрсені бір сумаңдап сұрай бермейтінмін. Екеуара әңгіме барысында ғана сұрақтар туындап қалатын. Ол кісі менің өзін жақсы көретінімді іштей білетін, бірақ «жақсы көрем, ақындығыңыз мықты, сіз кереметсіз» дегенді ешқашан көзіне айтқан емеспін. 2008 жылы болуы керек, апайдың бір қойылымда жылағанын көрдім. Қатты толқыдым, кейіннен «Фариза» деген мақала жаздым. Апай сол мақаламды ұнатты. Ол мақалада ақын Фаризаның образы бар еді. Тағы бірде апай үйге қоңырау шалды. Бір шенеуіктің қабылдауында болғанын айтты. Ауырып жүрген кезі болатын, көңілі құлазып тұр екен. Әлгі шенеуіктің сөзін дәлме-дәл жеткізді, мен де таңғалдым. Сол күнгі әңгімені күнделігіме түсіріп қойыппын.
— Көпшілікке сіздердің махаббат хикаяларыңыз қызық. Әкім аға таныстықтарыңыз туралы көп сұхбатта айтып жүр. Таныстықтарыңыз туралы сізден сұрайыншы. Әкім ағамен қалай таныстыңыздар?
— Әкім ағаң бұл жайында менен де көп айтқан болар. Жалпы біздің тағдырымыз жайлы прозалық шығарма жазғым келеді. Себебі жастардың сұрағы үнемі осы төңіректе. Махаббат. Өмір. Тағдыр. Жастар қызығатын тақырып. Қолға алатын кез келген сияқты.
— Ол кезде студентсіз, ол кісі — жігіт ағасы жаста. Көкеңіз алғаш сезімін білдіргенде, іштей қандай сезімді бастан кештіңіз?
— Студент кезімде ол кісі мені сырттай ғана көрген ғой. Кейіннен Жазушылар одағында бір жиналыста тағы көріп қалады. Ғылым Академиясы Құрманғазы көшесінің бойында еді, сол жерде үшінші рет көреді. Ол кезде мен университетті бітіргенмін. Ең қиыны ол кісінің өзіме деген сезімін естігенде аспан айналып жерге түскендей болғаны. Қашу басталды, Алматыдан да кетіп қалдым, тіпті монастырьға кеткім келген. Сол кезде монастырь туралы жазған әңгімем де бар. Монастырьға шын бел байлап, кеткім келетін.
Кейіннен Мұқағали ақынның: «Қазақта монастырь жоқ, мен оған барар едім. Жанымды тыныштыққа балар едім» деген өлең жолдарын кездестіріп, таңғалғаным бар. Адам бәрінен безініп, ақиқат жолын іздейтін кезеңі болады, өзіне-өзі тиым салып, өзін-өзі тұтқындайтын кезеңі болады, есейіп, бәрінен бас тартатын кезеңі болады. Мүмкін дінге терең бойлап, сопылық жолын ұстанар ма едім, кім білсін. Әйтеуір өзімнің жан қалауыммен оқшау, одағай, басқа өмір жолын қаладым.
Мен әдеби орта іздемедім, сырлас іздемедім. Мені іздейтіндер болды, көбінен бас тарттым, жолағым келмейтін. Бұл жағынан Әкім ағаңыз екеуміз қатты ұқсаймыз. Ағаңның мені жақсы көргеніне, соншалық сенім артқанына, тіпті тағдырын маған арнағанына кейде көңілім босайды. Мен ол кісіні пір тұтамын. Бірде «Мен үшін бәрінен бас тарттыңыз. Адамды осынша жақсы көруге бола ма?» дедім. Ол «Болады!!!» деді. Бірақ не үшін, қандай қасиеті үшін екенін айтпады.
— Жас айырмашылыққа байланысты жақындарыңыз тарапынан қарсылық болғанын жасырмайсыз. Оларды өз таңдауыңызға қалай көндірдіңіз?
— Мен ешкімді көндірген жоқпын, маған жұрттың сөзі, көзқарасы, пікірі әсер еткен жоқ. Қазір де солай. Мен үшін басты нәрсе ата-анамның шешімі еді. Анам мені түсінді, әкем көнбеді. Әкенің шешімін күтуге де жылдар кетті. 7-8 жыл өткеннен кейін тағы да әкемнен рұқсат сұрадық. Бұл аралықта мен отыздан да асып кеттім. Ол кісі «Елге келіп, рұқсатымызды алсын!» деген соң Әкім ағаң елге барды. Сөйтіп, ата-анамның рұқсатын алып, үй болдық. Қалай дегенмен де Әкім ағаларыңның өзіме деген құрметін, сезімін мойындадым, осы жолда ата-анамның да батасын шын тіледім. Ал мұның бәрі уақытты да жүректілікті, жауапкершілікті де талап етті.
Мен сұхбаттарда көбіне Әкім ағаңды өзім жақсы көріп, өзім ғашық болдым дейтін едім. Ол кісінің беделіне, азаматтығына, тұлғалығына кіршік түсіргім келмейтіндіктен. Ол биік болса, мен аласармайтынымды білгендіктен. Әкім Таразидың менен беделді, менен ақылды, менен терең екендігіне еш дау жоқ. Бірақ ол мені өзінен де биік қойды.
— Әкім Тарази сияқты үлкен жазушының музасы болу қаншалықты оңай-қиын?
— Әкім Тарази – күрделі тұлға. Оның ішкі әлемі — жұмбақ. Екі сөйлеу, көлгірсу табиғатында жоқ. Көңілі қалған адаммен ешқашан байланыс жасамайды, кешірмейді және бетіне айтады. Қазір мұндай адамдар өте аз. Ол сондықтан үнемі жалғыздықта өмір сүрді. Батыр адам!!! Мен кейде оның шешімдерінен қорқатынмын. Оның шешімдері адам қорқатындай өткір, қоғамға да қарама-қайшы болып көрінетін. Ойын бүкпелеп, майпаздап отырмайды, ашық айтады. Қасиетті адам! Ал осындай адамға жар бола білу, құрмет тұту, қара тырнақтан хәл кеткенше сенімді серігі болу маған парыз.
— Екі шығармашылық жолындағы адам бір үйде қалай сыйысады?
— Сыйластық бар жерде сыйысу қиын емес. Мен ол кісінің жазуына жағдай жасадым, ол кісі менің жазуыма жағдай жасады. Біз дүниеге қызықпадық. Ол кісі маған үйленгенде басында үйі де, қызметі де жоқ еді. Пәтер жалдап тұратын. Ешқашан мойымайтын адам. Ешқашан ешкімге бетін салып, атақ сұрамаған, үй сұрамаған, қарыз алмаған адам.
— Махаббат шынымен жасқа қарамай ма?
— Махабатта жалпы өлшем бола ма? Махаббат деген не? Алла біреуге байлық береді, біреуге данқ береді, біреуге махаббат береді. Осы үшеуі де қандай жаста екеніңді талғамай, таңдамай тағдырыңа келіп байланады. Бұл үшеуі де пешенесіне жазылмаған пенделер өте көп.