Ағынан жарылған ақын Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287130-agynan-zarylgan-aqyn
«Арғы беттен қарғып өткен» қаншама ақын болды. Бозінгендей боздап өткен Жәркен жырау Бөдешұлы, бостандықтың бозторғайы Несіпбек Айтұлы, «қызыл сызық араны бөлгенменен, жүректің болмайды екен шекарасы» деп сағыныш жырын сапырған Марфуға Айтқожина… Бәрі де туған жерді, сағынышты, өзекті өртер мұңды тербеді. Мағжан, Қасым, Мұқағали қыратынан өзгеше самал болып аңқылдады. Қазақ поэзиясына өшпес өрнек салды. Ал Адалбек ақын да солардың ізін басып, шекараны «аттап-бұттап», ноқтаға басын ұсынғысы келмеген асау жырымен, аңыз тағдырымен отанына оралды.
Заманымыз бір. Заңғар тау – Алтайдың бауырында туып өстік. Ол Сәден Әнуар сынды белгісіз дүлдүл шауып өткен, Шәріпхан Көгедаевтың ізі қалған көсем өлке – Сауырдың түлегі. 1969 жылы 22 наурызда туған. Менен екі жастай кішілігі бар.
Адалбек жиырмаға толар-толмас жігіттік шағында: «Бабамның басы» сынды өлеңімен өрттей лаулады. Сол кездегі «Шұғыла» журналының жауапты әдеби редакторы, ақын Сәли Садуақасұлы оның өлеңін басып, «Сүйріктерге сүйсінгенде» атты мақаласында таңдай қаға, тамсана баға берді. Кейіннен осы жайлар сөз болғанда Адалбек ақын «Ана тілі» газетіне, Н.Саматұлына берген сұхбатында былай депті («Ана тілі» газеті, 2002 жыл, №12-13):
«10-12 жастағы топ бала ауыл сыртында доп ойнап жүр едік. Бір шұқанақтан бас сүйек тауып алып, доп орнына жабыла теуіп кеттік. Соны көрген Құнияз шал «Балаларым-ай, кім біледі, бұл бір батыр бабамыздың басы шығар? Неге тебесіңдер?» деп қу басты еппен көтеріп алып, қырат басына жерлеп, құран оқыды… Тепкеніміз Махамбет ақынның басы болып елестей берді. Ақыры, «Бабамның бас сүйегі» деген өлең жаздым. Ол 1989 жылы «Шұғыла» журналында жарық көрді. Көзі ашық жұрт пікір білдіре бастады…».
1993 жылы Шыңжаңда «Үкілі ырғай» атты жастардың жыр жинағы шыққаны бар. Сол кездің өзінде-ақ, «Үкілі ырғайға» үңілгенде» атты мақала жазып, жастар шығармашылығына үңіліп, Адалбек ақынды да айрықша атаған едім.
Әдебиет өлкесіне аңыз боп келген Адалбек осыдан кейін еш тоқтап қалмады. Алтайдың күнгей, теріскейін түгендеп, Атажұртқа жетті, алмас қылыштай жарқылдады. Есенғали ағасы айтқан адалдығынан айнымады.
Ұлттық рух – қазақтың тарихи жады, түркілік сана, елдік мұрат жас ақын Адалбекті көк түріктер рухымен өрге жетеледі, еңкеймеуді үйретті. Жалғыз жортса да жалықпас, жабықпас жанкешті күймен баулыды.
Атамекен, туған жер, сағыныш, көш, шекара, ел мен жер тағдыры отты жырының өзегіне айналды. Мекен жырларымен мекіреніп қалмай, адамның ішкі ирімін, махаббат пен ғазауатты нәзік те сыршыл сезіммен жырлады.
Көркемдік көкжиегінде табиғаттың тал бесігінде тербелді, «Тау да өлең, тас та өлең». Қазақ даласының жартасын құшақтап та, бір тал жусанын иіскелеп те еміренді, тебіренді. Тау – биіктік. Өзен – өмір. Бұлт, тұман – мұң. Сағым мен самал – сағыныш. Таң – үміт. Асау жел – уақыт. Құс – еркіндік. Қарлы шың – рух. Түн – жалғыздық… Оның санасында, қаламында қанат бар, шекара жоқ. Көгінде еркін самғады. Көлінде көсіле жүзді.
Дала жырауларын жаттап өскен Сауыр түлегі қара сөзден кенде емес. Абайдың ой тереңдігін, Мағжанның сыршылдығын, Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің кең тынысын, Жәркен мен Марфуғаның сағыныш сарынын оқи жүріп, тоқи жүріп, толқыды. Ақындық қолтаңбасын жасап «Адалбек ақын» атанды.
«Бабасының басын» жоқтап жыр жазған ақынның өмірі де, өлеңі де – ендігі жерде өзі сезген-сезбеген қалыпта тұтастай поэмаға айналды.
Оның алдында ең үлкен күдір, ең үлкен даңғыл, қан мен жастан аман қалған қаралы көш – «Қоңыраулы керуен» жатты.
…Айыра алмай досым менен қасымды,
Қайыра алмай төктім жауын жасымды.
Тауып алмай болмас атамекенді,
Шауып алмай тұрған кезде басымды.
Әдіра қап серкелік пен серілік,
Қашып барам жүк астында көміліп.
Тана қыздар талағы боп тағдырдың,
Телпектерге кеткеннен соң телініп.
…Өледі екен өзектегі өр үміт.
Қара түннің аман шыққан көрінен,
Серің үшін сергелдең де серуен.
Атамекен құшағыңды аша бер,
Келе жатыр қоңыраулы керуен…
Бұл шын мәнінде, «Бабамның басының» жалғасы, қанаты қырқылып қырға түнеген қыранның қайта түлеуі, ел мен жерді аңсай ұшқан алапат сағыныштың ұшқыны. Қаңтарылған қазақ көші қайта ағытылған шоғырда – ақ боз атты батыр да, ақ жүрегін қолына алған ақын да келеді. Ақжарма жырдың қасиеті қара жердің төсін солқылдатып, Атажұртқа – Қазақ даласына шұбады. Жай шұбаған жоқ, шұбат жырын, шудалы сырын, балға малған күміс қасықтай қасиетті тілін әкелді.
Адалбек Ахмәди шығармаларындағы басты ұғымдардың бірі – Туған жер, Атамекен. Ақын үшін атамекен – туған жер ғана емес, тарихи жадының, ұлттық болмыстың, ата-баба рухының символы. Оның аузынан төгілген маржан жырларды жеке адамның сағынышты сезімі деп түсіну кемдік етеді. Оның жырларында ұлттың ортақ сағынышы, рухы, үні бар. Бұл ақын поэзиясындағы ерекше бөгенай – эпикалық тыныс, көкжал рух, сөнбес сәуле.
Ақынның Атамекенге деген сел сезімі де ерекше:
Айналайын атамекен, армысың,
Байланайын босағаңа, бармысың.
Тауға дәйім кетіп қалғым келетін,
Шақырғанда нән қарағай, қарлы шың.
Адал ұлың алдыңа кеп тұр жылап,
Көзім алды бара жатыр бұлдырап.
Әнау жақта күн артынан күн құлап,
Беталыссыз барады ағып мың бұлақ.
Үйшігімнің іргесінен үріп жел,
Алыстадым армандармен түбін көр.
Қазағымның жанары боп жылайын,
Киелі тау кербез ұлға ғұмыр бер…
«Қазағымның жанары боп жылайын» – ақын үшін бұл – сағыныш, махаббат, уағда-серт. Отанды шексіз сүйген ет жүректің ерекше әмірі, қанымен, жанымен айтқан жан сыры.
Ол тәуелсіздікті тек саяси ұғым ретінде емес, рухани азаттық ретінде түсінді. Елдік, тіл, жер, тарих мәселелері оның өзегінен өлең болып ағылды.
«Шолпан әлі туған жоқ» өлеңінде былайша толқиды:
Тас керең түнді ақ нұры Айдың тілгілеп,
Түртіп оятты төсектегі ойды түнгі леп.
Үзілмей қалған жабайы жалғыз алмадай,
Төзімді менің кеудемде соғып тұр жүрек.
Оятып түнді,
Тау жақта байғыз шақырды.
Тұлпар өлеңнің тағасы тесті басымды,
Аузыма тістеп жетсем деп саған жүректі,
Отырмын таңның Шолпанын күтіп ақырғы.
Шолпаным менің,
Туасың қашан түріп таң,
Жатырмын шөлдеп сәулеге
сүттей бір ұрттам.
Сәулемның ауылы сонау бір
қырдың астында,
Тезірек жетіп ызғарын түннің ұмытсам…
Мұндағы теңеулер – жай эпитет емес, кейіптеу мен метафораның астасуы. Түн – үнсіздік пен жалғыздықтың бейнесі. Ал «тас керең» тіркесі сол үнсіздіктің шегіне жеткен психологиялық күй, жанның аласұрған өрті. «Отырмын таңның Шолпанын күтіп ақырғы…» деген тармақ шығарманың философиялық кілті.
Шолпан – таңның хабаршысы, үміттің нышаны, жаңа өмірдің белгісі, бақытты күннің көкжиегі. Ақынның жырлағаны жай ғана табиғат бейнесі емес, оның Шолпаны – адам жаны күткен рухани жарық, өмірдің мәні. Адамның жүрек жарасын емдейтін ішкі жаңғырығын, үмітін, ертеңін, қиял қырындағы арманының ақ құсын күту. Осылайша, ақын күткен ақ сағыныштың жалауы – бозара дірілдеген бозғыл таудың бауырында, Шолпанды күтіп тербеле толқиды. Жай ғана толқымайды, ақындық леппен жүректі шымырлатады.
А.Ахмади поэзиясындағы бұл тәсіл
М.Жұмабаев поэзиясындағы символизм мен Ж.Нәжімеденов жырындағы философиялық лиризмді еске салады.
Ақын кейде Атамекеннен іздеген жоғын таба алмай аласұрады. Асау жүрегі тар қалаға симай, еркін даласын іздейді. Қиялы қыр кезеді.
Тік түскен туырлықтың тесігінен,
Сәуленің сүтін еміп жетіліп ем.
Кеудеден кетпей қойды-ау, есіл бейнең,
Тербеген, беу, туған жер, бесігім ең…
(«Туған жер» өлеңі)
Немесе:
Түн.
Таулардың етегі тыныш табын,
Қалбаң-қалбаң етеді жыныста кім?!
Ай астында ақсүйек арманымды,
Алғаш рет аялап уыстадым.
Елес.
Жарық жұлдыздар қашан ақты?
Ай шуағым, сүт сəулем шапағатты.
Шығып кеткен жүректің шеңберінен,
Таппай жүрмін аяулы махаббатты.
Түс.
Бәрі де бұлыңғыр түске айналды,
Арғы бетте ақ тырнам ұшпай қалды.
Күте-күте суыған сезімдердің,
Кірпігіне тұңғиық шық байланды.
Таң.
Тағы да сағыныш сарсаңы ма?..
Уһ, жеттім-ау ақыры аңсарыма.
Сақтап келген сабырдың сақинасын,
Жүрегіңнің салайын саусағына!…
Ақын тау-далаға айналады. Тау-дала ақынды тербейді. Бірін-бірі құшақтап үнсіздік бесігінде іштей арпалысатын сәті аз
емес.
Рухы биік болғанмен жүрегі нәзік ақынның ең осал тұсы – оның «Жалғыздығы». Егер, ол жалғыз қалмай, тобырлар тойында той тойлап жүрсе, «жалғыз» жүрмесе, ол ызыңдаған масаның досы, мәңгірген мас тірліктің иесі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жанының «Жалғыздығын» сезінбеген жан ақын емес. Кемтар саналы, кемиек ойлы, қарнының қампиғанына мәз адам ақын түгілі, қалам ұстауға жарамайды. Біздің Адал да Жалғыз. Үнемі «ЖАЛҒЫЗДЫҚ» құшағында құсалы кейіпте көрінді.
Бәрі жалғыз: Жалғыз әлем, Жалғыз Күн.
Жалғыз емен тұр басында жал-құздың.
Жалғыз Жерде жалғыз жүрмін адасып,
О, махаббат, жалғызсың ба?! Жалғызбын! …
Жалғыз өмір: Жалғыз өлім, Адамға.
Жалғыз бақыт жеткілікті маған да.
Маң далада жалғыз жүрмін маңырап,
Жалғыз кеткен арманымды табам ба?!…
Жалғыз барып мұң шағайын еменге,
Жалғыз жылу жүгіріп жүр денемде.
Ғұмырымды кетсем болды сиғызып,
Жазылмаған жалғыз шумақ Өлеңге…
Бұл жерде жалғыздық – тек адамның көңіл күйі емес, ғарыштық заңдылық. Әлемнің өзі жалғыз, адам сол әлемнің бір бөлшегі. Жалғыздық жау емес, Тағдыр. Одан ешкім қашып құтыла алмайды.
Адалбектің «Жалғыздығы» тіпті де басқаша. Ақынның – «алаң да, алаң, алаң жұрт…» деп жүдеген көңілдің жүгенін ұстап қыр басында жүрген жалғыз көлеңкенің, ең соңында бір ғана арманы бар. Жалғыздықпен жан жарасын емдеген, өзегін жарып шыққан өлең өлмесе болғаны – жалғыз жанның құрбандығының өтеуі қайтады.
Адалбек білді-білмеді, сол арманына жеткен ақын. Көп ақын, соңғы бекініске, аялдамаға жеткенше: «жақсы дүниені енді жазамын» деп армандайды. Айға қарайды, жұлдызды санайды. Үміт құсын үкілеп ұшырады. Шын мәнінде, ол өз биігін әлдеқашан тапқан, жұрты да таныған, бағалаған. Мәресіне жеттім деп мәре-сәре күй кешпесе де, жұрт қимаған «қызыл шеңберден» озып өткен, шауып жеткен, көмбесінде көсіле ойнақтаған…
Адал ақынға да еш шүбә жоқ. Тағасы тозып, табаны тасырқаса да, оның бәйге шұбары әлде қашан тізгін ұстатқан.
Ақын жырларында жары Жанарға, қызы Сағынышқа арнаған тәтті жырлар да таңдайда қалады. Ақын туған жерін, Атамекенін қалай құлай сүйсе – жарын, балапанын солай аймалайды.
Құдай қосқан Жанарым – өмірлігім,
Көк дөнендей тулап тұр көңіл бүгін…
***
Тәңірім сен, Арым сен, Жарым да сен…
Сағыныш – жыр өзегі, ақынның қызғалдағы. «Сағыныш» атты ұзақ толғауы бар.
Алдымен Ана, өзіңнің,
Шапағатыңды сағынғам.
Қарашығындай көзіңнің,
Махаббатымды сағынғам.
Дірілдеп күміс Ай батқан,
Көліңді керім сағынғам…, – деп басталатын жыр, одан әрі – «Сағынғам Атамекенді…!» – дей келіп:
Сарғайып жүріп сан жылдар,
Сарқылған кезде жеттім мен.
Сарғайып кеткір тағдырлар,
Аман қалып тепкіңнен.
Өкпесін айтып тағдырға
Алатау сенің алдыңда
Ұларың, Ұлың жылап тұр!..
Сарғайған сарғыш нұрыңды
Сар таңдағы шуақ қыл.
Сарғайып жеткен ұлыңды
Сарыарқаға лақтыр!
Самарқау салқын санамды,
Сағынышымнан босатпа.
Сағынып жеткен балаңды,
Сары қызыңа қосақта!
Сары желмен жарысып,
Сарарқада сандалсын.
Сары қызыңмен танысып,
Сағынышын малдансын,
Сары ізінен ән қалсын
Салқын дүние таңғалсын…, – деп баяғы жыраулар сарынымен арнасынан асып-төгіледі. Ең соңында ақын:
Сүйінші, Сүйінші беріңдер!
Келіңдер!.. Үйіме еніңдер!
Сағынышымнан жаралған,
Сағынышымды көріңдер!
***
Сағынышымнан жаралған
Сағыныш деген қызым бар…
Сарғайып туған Шолпандай
Сағынып көрген қызым сен.
Сағынып жүріп арқандай
Қайтер едім үзілсем?!
Сағынышымнан жаралған
Сағынышым бар менің.
Сағынамын, жарандар
Сағынамын мәңгі Елім.
Сағынышым бар менің!!! – деп толқиды. Біз айтқан толғаудың ең шарықтау шегі, биігі. Ақынның мұратына жеткен, асыл арманының орындалған бақытты сәті!
Адал поэмасының бір кейіпкері – жары Жанары, енді бірі – қызы Сағыныш. Оның жан жарасының жалғыздығын емдеген жұбаныштары.
Сөзімізді жинақтай келгенде, Адалбек ақын күрделі философиялық ойды бейнелі суретпен жеткізген ақын. Көптеген табиғат бейнесін астарлы мағынамен бере алды, символизмге шебер. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін тереңдей ашып, адам жанының нәзік қылын шеберлікпен шертеді. Өлеңдерінің әуезділігі ерекше, музыкалық ырғақ басым. Абай айтқан: «сөз сарасын» толқындата ойнатады. Философиялық ой түйіндеуден – уақыт, өмір, тағдыр, жалғыздық мәселелерін терең толғаныспен тербейді.
Ақын шығармаларында қазақ поэзиясының дәстүрлі мектебі сақталған. Көркемдік тәсілдерді батыл қолдануда да құлашын еркін жаяды. Өзгені қайталамайды. Сауыр самалын сүйіп есейген қара домалақ ұлдың тілі, сөз қолданысы да ерекше. «Бөтен сөзбен былғанбаған», балғаның сабындай жырлардың арқауы берік. Оқырманын шаршатпай, шалдықтырмай өзімен бірге ертіп жүреді. Хас жүйрікке тән белгінің бәрі бар!
«Шолпан әлі туған жоқ», «Аян» сынды бірнеше жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Республикалық жыр байқауларының жеңімпазы.
Қорыта келгенде, Адалбек Ахмәди – қазіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік мәдениеті жоғары, ұлттық рухты терең жырлаған ақынның бірі. Жай ғана ақын емес, тарғалаң тағдыр өларасынан суырылып шыққан көкжал рухты өршіл ақын. Оның өміршең жырлары қазақ әдебиетінің тәуелсіздік дәуірінде есейген жас буынның кеңістігінде өз жалауын желбіретіп тұр.
Жәди Шәкенұлы,
жазушы
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287130-agynan-zarylgan-aqyn