Қала әкімі тұрғындарды қабылдады
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі ең көп көтерілген тақырыптардың бірі болды. Азаматтар тұрғын үй кезегінің жай-күйі мен баспана алу мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтарын қойды. Қала әкімдігі тарапынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекке қою және бөлу жұмыстары қазіргі таңда «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатыны түсіндіріліп, өтініш иелерінің тұрғын үй кезегіндегі орны мен санаттары бойынша нақты мәліметтер берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға арналған жалдау ақысын субсидиялау бағдарламалары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесуде шаһардағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, Говоров көшесіндегі ауыз су жүйесін жаңғырту, арықтарға бетон науалар орнату, сондай-ақ «Қызылабад» шағынауданындағы электр желілерін жүргізу мәселелері қаралды. Жауапты сала мамандары аталған бағыттар бойынша жобалық-сметалық құжаттардың әзірленгенін, бірқатар жобалардың қаржыландыруға ұсынылғанын және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Шаһар тұрғындары қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға қатысты да ұсыныстарын айтты. Мәселен, «Телеорталық» алабындағы балалар ойын алаңын жаңарту, түнгі жарықтандыруды күшейту, ағаштарды бұтау, сондай-ақ «Талас» шағынауданындағы ойын және спорт алаңдарының жағдайын жақсарту мәселелері көтерілді.
Әлеуметтік бағыттағы мәселелер де назардан тыс қалмады. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі денсаулығына байланысты ем қабылдап жүрген баласына қаржылай көмек көрсету жөнінде өтініш білдірді. Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары тарапынан отбасының тұрмыстық жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселенің мән-жайын қарастырады.
Қабылдау аясында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, қоқыс алаңдарының орналасуы, заңдылығы даулы құрылыс нысандары, базарларды жаңғырту жұмыстары және арық жүйелерінің жай-күйі және өзге әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы мәселелер де айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша шаһар басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі.