Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері Ералы Ақымбек, Борис Железняков және Анатолий Шаяхметов Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының инспекторы Жандос Бәйтімбетовпен бірлесіп, «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» ғылыми жобасы аясында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалында орналасқан петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы табылды. Анықталған нысанға қатысты құжаттандыру, цифрлық тіркеу және алдын ала ғылыми талдау жұмыстары жүргізілді.
Алғашқы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жазу мәтіні «Менің ер атым – Аба» деп оқылды. Бұл оқылым нұсқасын тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Моңғолтану, буддология және тибетология институтының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Тишин (Ұлан-Удэ, Ресей Федерациясы) ұсынған.
Қазіргі таңда жазудың толық мәтінін, мерзімделуін және мәдени-тарихи мәнмәтінін нақтылауға бағытталған кешенді ғылыми зерттеулер жалғасуда. Мамандардың пікірінше, бұл деректер көне түркілердің жазба мәдениеті мен руникалық дәстүрін тереңірек тануға, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы орта ғасырлар тарихы мен мәдениетін зерттеуге тың серпін береді.
Бұрхансай шатқалынан анықталған бұл жазу Қазақстандағы көне түркі эпиграфикалық ескерткіштерінің қатарын толықтыра отырып, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.