Шөлдаладағы Қарасу каналына көпір салу мәселесі мәслихат сессиясында қаралады
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Шөлдала тұрғын алабындағы Қарасу каналы арқылы өтетін көпір мәселесіне байланысты нысан басына барып, жағдаймен танысты.
Шаһар басшысы «Қазсушар» мекемесінің өкілдерімен бірге аумақтағы ахуалды зерделеп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шешімдерді талқылады.
Айта кетейік, бұған дейін Шөлдала тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы балалардың мектепке баратын жолы канал үстіндегі бұғат арқылы өтетінін айтып, мәселе көтерген болатын. Сонымен қатар тұрғындар қосымша салынған көпірдің негізгі бағыттан алшақ орналасуына байланысты күнделікті қатынауда қолайсыздық туындап отырғанын жеткізген еді.
Нысан басындағы кездесу барысында қала әкімі жауапты бөлімдер мен аудан әкімдігіне мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ үнемделген бюджет қаражаты есебінен қажетті қаржы қарастырып, құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде бастаудың маңыздылығына тоқталды.
Аталған мәселе маусым айының ортасында өтетін қалалық мәслихат сессиясында қайта қаралып, депутаттардың талқысына ұсынылады. Қажетті қолдау көрсетілген жағдайда құрылыс жұмыстары жуық арада басталады.
Жоба аясында тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі көше жарығы орнатылады. Сонымен қатар каналдың қауіпті учаскелері қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталады.
Қала әкімдігі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
фото: ашық дерек