Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын, халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің тұғырын танытатын қасиетті құндылықтар. Көк Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің егемендігін, ұлттық болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын әлемге паш ететін басты нышандар.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеудегі айрықша рөлін үнемі атап келеді. Шын мәнінде, рәміздеріміз – халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырып, елдік сананы қалыптастыратын қуатты рухани күш.Бүгінде қасиетті Көк Туымыз әлемнің түкпір-түкпірінде желбіреп, Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен мемлекет екенін айғақтауда. Елтаңбамыз – бірлігіміз бен ортақ шаңырағымыздың символы болса, Әнұранымыз әрбір азаматтың жүрегіне мақтаныш пен жігер ұялатады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді облыс әкімі.
