АППАРАТ КЕҢЕСІНДЕ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ПЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті. Кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, тұрмыстық қатты қалдықтар орналастыруға арналған полигондардың жай-күйі және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру болды. Бұл бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Әбдірасилова баяндама жасап, жазғы сауықтыру науқанының барысы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 34 мектептің 1-10 сыныптарындағы 15 336 оқушының 15 136-сы, яғни 98,7 пайызы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатын болады. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларын көгалдандыру және еңбекке баулу жұмыстарына тарту жоспарланған.
Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлер 1-26 маусым аралығында екі кезеңмен жұмыс істейді. Арнайы санаттағы бастауыш сынып оқушылары мектеп жанындағы лагерьде тегін ыстық тамақпен қамтылмақ. Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде бес ауысым ұйымдастырылып, биылғы жылы 450 баланы демалыспен қамту көзделуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 балаға артқан.

Кеңесте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ербол Акек тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Нұрболат Жармұхамбет шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат беріп, су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Әсіресе балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру, санитарлық тазалық талаптарын сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.