«Бір сәтке әкім – бір сәтке депутат»
Жуалы ауданында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның үздік оқушыларымен және түрлі жетістіктерге жеткен дарынды жастармен кездесті. Ашық форматта өткен жиын еркін пікір алмасу алаңына айналды.

Кездесу барысында аудан басшысы өзінің еңбек жолы мен қызмет саласындағы тәжірибесі туралы әңгімелеп, жетістікке жету жолындағы өмірлік ұстанымдарымен бөлісті. Сондай-ақ жастарға сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның басты ерекшелігі – оқушылардың белсенділігі болды. Жасөспірімдер «Егер әкім немесе депутат болсам…» тақырыбында өз ойларын ортаға салып, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын айтты. Олар білім, спорт, экология, инфрақұрылым және жастар саясаты бағыттарында пікір білдірді.
Сонымен қатар оқушылар аудан әкіміне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ашық әрі шынайы жауап алды. Еркін форматтағы кездесу жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, болашақ мамандық таңдауда мотивация берген тағылымды басқосуға айналды.
Кездесу соңында аудан әкімі 60 оқушыға Шерхан Мұртазаның кітаптар топтамасын тарту етті. Бұл сый жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі қадам болды.