Тыл ардагерлеріне құрмет
Бүгін Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Арибжанов Гулам Юсупұлын Жеңіс күнімен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек құттықтап, соғыс жылдарындағы еңбегі мен бейбіт замандағы ұзақ жылдық адал еңбегі үшін шынайы алғысын білдірді.

Гулам Юсупұлы 1936 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл қаласында дүниеге келген. Соғыс жылдары жас бала бола тұра, ол ересектермен бірге тылда еңбек етіп, Жеңіске өз үлесін қосқан. 1942 жылы бірінші сыныпқа барған, мектепті 1949 жылы аяқтап, орта білім алған.

1953 жылдың қыркүйегінде әскерге шақырылып, Киев қаласындағы №75110 әскери бөлімінде қызмет атқарған. 1957 жылы әскерден босатылған. Кейінгі өмірін еңбекке арнап, көптеген жылдар бойы автобазада жүргізуші болып қызмет еткен. Кездесу барысында Сержан Назарбек тыл ардагерлерінің соғыс жылдарындағы ерлігі, төзімділігі мен Отанға деген махаббаты кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болатынын атап өтті. Өңір басшылығы атынан жылы лебіздер, мықты денсаулық, ұзақ өмір мен амандық тілектері жеткізілді. Гулам Юсупұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді.