Жамбыл облысында шетелдік компания жұртты 200 миллионға алдап кеткен

0 516

Жамбыл облысында шетелдік компания жұртты 200 миллионға алдап кеткен Тақырға отырғызған түрік фирмасы. Жамбыл облысында тендер жеңіп алған шетелдік компания 60-тан астам адамды 200 млн теңгеге алдап кеткен. Серіктестік каналға бетон төсеу үшін кәсіпкерлердің техникасын жалдап, жергілікті тұрғындарды қара жұмысқа жегіп, енді ақшасын бермей жүр екен. Ал билік өкілдері бұл дауға араласуға дәрменсіз.

Шу ауданындағы каналдардың әбден тозығы жеткен. Сондықтан екі жыл бұрын тоғандарды тазартып табанына бетен төсеу басталған. Оған 50-ге жуық қара жұмысшы тартылған. Енді олар істеген еңбегінің ақысын ала алмай жүр.

Әбдіғаппар Бекеев, жұмысшы: — Былтыр үш ай жұмыс істедім. Жұмысым бетон құю болды. Жарты айдың авансын берді. Екі жарым айдың ақшасы жоқ. Мен жұмысшылардың бригадирімін. Оларға да аванс береді, қалғаны жоқ. Жобаның құны 4 млрд. теңгеге жуық. Тендерді түрік фирмасы жеңіп алған. Бұл серіктестік жұмысшылардан бөлек, 12 кәсіпкерге де қарыз болып шықты. Олардың айтуынша, шетелдік компания техникаларын жалға алып, кейін көк тиын татырмаған.

Эльмар Мирзаев, кәсіпкер: — Алғашқыда бізбен келісімшарт жасасқан жоқ. Бір аптадан соң болады деген. Бірақ өтірік алдап үш айға созды. Біз тапсырылған жұмыстың бәрін орындадық. Бірақ әлі күнге көк тиын ала алмадық. Менің өзіме 70 млн теңге қарыз.   Қазір жұмысшылар да, кәсіпкерлер де фирма басшыларын жер-көктен іздеп таппай жүр. Наразы топтың сөзінше, түрік фирмасының оларға 200 млн. теңгеден астам берешегі бар. Бәрі бірауыздан осы қаражатты даулап,  әкімдікке де, құзырлы орындарға да жүгінген. Алайда нәтиже жоқ.

Нұрлан Темірғалиев, кәсіпкер: — 2020 жылдың жетінші айынан бері қарай бармаған жерім, кірмеген есігім жоқ. Прокуратура, сотқа, әкімдікке бардым, ешкім көмек беріп жатқан жоқ. Төлемей жатыр. Мына тұрған кісілердің бәрі мен сияқты. Бәріне ақша қарыз. Кеңсені тастап ізім-қайым жоғалған түрік компаниясының кесірі ауыл тұрғындарына да тиді. Каналдағы құрылыс тұралап, төрт елдімекенге су бармай жатыр. Екі жыл қиналған жұрттың биыл да қуаңшылық зардабын тартатын түрі бар.

Қанатбек Ақатаев, ауыл тұрғыны: — Екі жыл су болған жоқ. Еккен жоңышқаның басқаның бәрі күйіп кетті. Халық қазір не істерін білмей дал болып отыр. Жалпы ұзындығы 80 шақырымға жуық 11 канал бар. Соның барлығына жаңғырту жұмысы жүргізіліп, бетон төселуі тиіс еді. Ал Андреевка арнасының ұзындығы 10 шақырымға жуық. Бар болғаны екі жылдың ішінде соның небәрі 400 метр жеріне бетон қаланған. Ал қалған жұмыс сол күйі тоқтап тұр. Мердігер техникасын жалға алғандар мен жұмысшыларға 200 млн. теңге берешек дегені бекер дейді.

Компания өкілінің айтуынша, қарыз бұл сомадан  әлдеқайда төмен әрі оны өтеуден қашпаймыз дейді.

Хаджи Лал Мохаммад Акбар Шах, компания директоры: — Кей адамдар ұжымдық қысым жасау арқылы істелмеген жұмысқа бізден ақша өндіргісі келеді. Көбінің еңбек еткенін растайтын құжаты да жоқ. Кімнің қолында келісім-шарты бар, біз олармен есептесеміз. Дәл қазір бізде қаржылық қиындықтар туындап жатыр. Банк банкрот болып, сондағы қаражат бұғатталып қалды. Соның кесірінен осындай жағдай туындады.  Серіктестіктің тығырықтан қалай шығары әлі белгісіз. Ал, екі жыл бұрын басталған құрылыс биыл тамызда аяқталуы керек еді. Жұрттың сөзінше, жұмыстың небәрі 10 пайызы ғана атқарылған. Шенеуніктер бұл дауға араласуға дәрменсізбіз дейді.Дәл қазір түрік фирмасының аяқсыз қалдырған ісін жергілікті комания жалғастырып жатыр.

ktk.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.