Халық бағына туған тұлға
30 жыл дегеніміз тәуелсіз мемлекет үшін көп уақыт емес. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға қажеттілік туды.
Тәуелсіздіктің мәнін толық түсіну үшін, ең алдымен тарихымызды білуіміз керек, сол арқылы бүгінгі заманның ерекшеліктерін айқындаймыз және болашағымызды нақты бағдарлаймыз. Өз еліңнің тарихын білмей, бүгінгі күнді түсіну қиын болады, сонымен қатар болашақты жоспарлау мүмкін емес.
Тәуелсіздік біз үшін ұлы ұғымдардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» кітабында былай деп жазды: «Қазақстан тәуелсіздігінің формуласы – бұл тең мәнді екі ұғымның Азаттық пен Жауаптылықтың қосындысы. Жауаптылықтың арқасында ғана біз дамудың дұрыс стратегиялық жолын таңдай алдық, мемлекет құрып, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық». Яғни тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, оны мәңгі ұстап қалу, қорғау, нығайту, өркендету – әрбір азаматтың борышы.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны мәңгі ұстап қалу әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Бұл барлық тәуелсіз елге сабақ болуы керек.
2011 жылы біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Сол мерекенің қарсаңында Ұлыбританияның белгілі жазушысы әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткен менен сұхбат алды. Ол кезде мен Білім және ғылым министрінің орынбасары болатынмын.
Джонатан Айткен егемен Қазақстан және Елбасы туралы бірнеше кітап жазып, олар қазақ және орыс тілдеріне аударылып, жарық көрген. Сұхбат барысында Джонатан Айткен маған бір қызық сұрақ қойды: «Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар. Олардың көбінде президенттік басқару жүйесі бар. Олар өз мемлекет басшыларын «Президент» деп қана атайды. Ал сіздер Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты «Президент» және «Елбасы» деп атайсыздар. Ол неліктен? Сонда сіздер өз Президенттеріңізді басқалардан артық етіп көрсеткілеріңіз келе ме?».
Мен сонда оған былай деп жауап бергенім бар. Президентті Елбасы деп атау – үлкен мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Мемлекеттің келешегі, халықтың тағдыры алдындағы жауапкершілік. Екі мысал келтірейін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп қиындық болғаны белгілі: экономика күйреген, саяси жүйе тұрақталмаған, жалақы мен зейнетақы, студенттердің шәкіртақысы уақтылы берілмеді, халық жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілмеді. Сол жылдары Елбасы әлемде теңдесі жоқ Халықаралық «Болашақ» бағдарламасын бекіткен болатын. Оның мақсаты – қабілетті жастарды іріктеп, оларға дамыған мемлекеттердің іргелі университеттерінде сапалы білім алуға жағдай жасау болды. Сонда «Осы бағдарламаның қажеті не, мемлекеттің жағдайы жақсарғаннан кейін жасауға болмас па еді?» деген пікірлер де айтылды. Ал бүгін мыңдаған жастарымыз осы бағдарлама арқылы шетелде білім алып, елге оралып, әртүрлі салада нәтижелі еңбек етуде. Дана халқымыз: «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім-нәр егеді», деп білімнің ырыс қазығы екендігін өсиет еткен. «Болашақ» бағдарламасы – тәуелсіздіктің айқын көрінісі. Бірде-бір дамыған мемлекеттің өзінде осындай бағдарлама жоқ. Шетелде оқитындар өз ақшасына білім алады.
Екінші мысал – астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру. Елбасы 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутаттарының алдында осы ұсынысты жасағанда, олар дауыс беріп сырттай қолдағанымен, біразының іштей толық келіспейтіндігі көрініп тұрды. Көпшілігі мұны құрғақ қиял деп білді. Жаңа бастамаға сенімсіздік танытып, сары уайымға салынатындар да аз емес еді. Дағдарыс жағдайында осындай орасан зор жобаны қолға алудың қаншалықты қажеті бар? Көпшілікті мазалаған сұрақ осы еді. Сол кезде үлкен саяси батылдық көрсетіп, барлық жауапкершілікті Елбасы өз мойнына алды. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Осы екі мысал Елбасы феноменін айқын көрсетіп тұр. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болғаны – Алаш жұртына Алланың берген бағы шығар.
Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылыққа ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Мәскеуге қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, Елбасымыздың жастарға деген қамқорлық саясатының арқасында бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан айырылды. Олар – алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Елбасына сенеді, Тұңғыш Президентіміздің саясатын қолдайды.
Егемен еліміздің арайлы ақ таңының барқыт пердесін тек белсенді, білімді де білікті жастар ғана аша алады. Сондықтан да болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артқан азаматтары – асқақ рухты, алғыр да айбынды жастар десек, қателеспейміз. «Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады» деп жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасымыз: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», деп пайымдаған. Расында да, Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын, тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, қазақ елінің атын күллі әлемге көрсететін де – жастарымыз.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жағдайында өтіп отыр. Әлемді шарлаған індетпен ілесіп келген экономикалық дағдарыс қоғамымызда қордаланып қалған біраз мәселенің бетін ашып берді. Әсіресе бұл жағдай халықтың әлеуметтік жағдайын көрсететін денсаулық сақтау, білім беру салаларына үлкен салмақ түсіріп, жүйедегі олқылықтардың орны көрінуде.
Шынын айтсақ, карантин кезінде адамзаттың қоғамдағы көп мәселеге көзқарасы өзгерді, жалпыадамзаттық құндылықтарды ерекше бағалайтын болдық, біздің менталитетіміз, психологиямыз, сана-сезіміміз өзгере бастады. Елбасымыз айтқандай, адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажырлық, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Сабырлық, тәртіп, жауапкершілік, бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында қазіргі қиындықтарды да абыроймен еңсереміз.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
© egemen.kz