ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ БОЙЫНША ЕСЕПТІЛІКТІ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТҚА КӨШІРЕДІ
Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің аппараттық кеңесінде иммунопрофилактика жүйесін есептіліктің электрондық форматына кезең-кезеңімен көшіру мәселелері қаралды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде «Вакцинациялау модулі» ақпараттық жүйесінде халықты вакцинациялау және вакциналар қозғалысы бойынша электрондық есептілікке толық көшу жүзеге асырылды.
Бұл қадам денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың маңызды кезеңі болып табылады және деректердің ашықтығын, жеделділігін және салыстырмалылығын арттыруға бағытталған.
Ағымдағы деректерді талдау шеңберінде электрондық есептілікті толтырудың сапасы мен толықтығын одан әрі арттыру, сондай-ақ цифрлық және есептік көрсеткіштерді синхрондау қажеттігі атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша ведомство басшысы келесі тапсырманы берді:
вакцинациялау бойынша қағаз есептіліктің электрондық форматқа көшуін жеделдету;
медицина қызметкерлерін ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге оқытуды қамтамасыз ету;
өңірлік деңгейде деректер сапасының тұрақты мониторингін қамтамасыз ету.
Электрондық форматқа көшу процестердің басқарылуын жақсартуға және иммунопрофилактика саласында сараланған шешімдер қабылдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі