Қазақтың алыптары

0 515

Атақты балуан, даланың бұлшық еті атанған Қажымұқан Мұңайт­пасұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл дата респуб­лика көлемінде кеңінен атап өтілу­де. Балуан сөзі қазақ таны­мын­да ер, батыр, қайсар, күшті, халық­­тың қорғаны деген сияқты ұғым­дарға үйлес келеді.

Байырғы қазақ балуаны дегенде әуелі, Балуан Шолақ пен Қажымұқан, одан қалды ердің сойы Иманжүсіп Құтпанұлы еске түседі. Бұлар тек дүлей күш иесі ғана емес, айтса әні бар, жүрсе сәні бар, адамның сарасы, атаның артып туған баласы болған. Тірісінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей отарлаушылармен арпалысқан. Сол үшін Имекең мен Балуан Шолақ орыстың түрмесіне қамалса, Қажымұқан Алашорданың ту ұстаушысы болған. Қысқасы, бұрынғы қазақ балуандары қайраткер еді. Қайран арыстар өздері тап болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жырға қосатын ақын, ән қылып айтатын сазгер еді ғой. Мысалы:

Балуан Шолақ:

Бойыма күш біткенге еттім шүкір,

Қажысам абақтыда бетке түкір.

Есігін екі итеріп тартқанымда

Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.

Иманжүсіп Құтпанұлы:

Қыран едім, қор болдым торға түсіп,

Аспаныма шығармын бір күн ұшып.

Бар қатыны қазақтың ұл тапса да,

Бірі де бола алмайды Иманжүсіп!

Қажымұқан айтады:

Қажымұқанмын қазақта

 күшім асқан,

Палуандықтан айтайын біраз дастан,

«Орыс палуан» атанып он екі жыл,

Жиырма төрт патшалықтың

жерін басқам.

 

Балуан Шолақ пен Қажымұқан

Жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» хикаятында «Балуан Шолақпен кездесу» атты бөлім бар. Осы кітапта және «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 9-шы санында жазушы, өл­кетанушы Естай Мырзахметов «Балуан Шолақтың Қажымұқанмен кездесуі» атты көлемді дүние жариялаған екен.

Жоғарыдағы авторлардың еңбегінде айтылған оқиғаға құлақ түрсек, әкесі Мұңайтпас дүниеден өтті деген хабар жеткен Қажымұқан балуан Қызылжар-Көкшетаулап еліне келе жатады. «Патша балуанын» тым болмаса түстендіріп жіберуді абырой-дәреже көрген байлар жолын тосып әлек. Бірінен соң бірі іліп әкетіп жатты. Бұл хабар Балуан Шолаққа да жетеді. Шөкең: «Маған қалайда келеді, сәлем береді», деген ой­мен қам жасап, қатты күтеді. Өйткені күре­жол Тастыөзек қонысында отыратын балуан ауылын іргелей өтеді. Демек Қажы­мұқан қалайда келуі керек.

Бірақ Қажымұқанды атығай байы Әлжан мен керей болысы Сатыбай бұрып әкетеді. Бұл іс Балуан Шолақтың қытығына тиеді. «Әке қазасы қиын-ау, қайғырып келе жатқан адам емес пе, кейін оралғанда соғар!» деп күтіп оты­рады. Бірақ та үміті ақталмады. Қажы­мұқан төте Ақмолаға аттанды деген хабар алады.

Балуан Шолақ түн ішінде атқа қонады. Суыт жүріп отырып, таңға жа­қын Қажымұқан қонып жатқан Шор­тан­дағы Шаймерденнің үйіне тұмсық тірейді. Дүрсілдеген қақпа дауысынан оянған үй иесі Шаймерден:

– Апыр-ай, батыр, жеті түн ішінде елдің зәресін ұшырып, бұл не суыт жүріс? – деп қалжыңдай қарсы алады. Ширығып келген Шөкең басқа сөзге айналмай:

– Әлгі Қажымұқан деген көргенсіз осында ма? – деп сұрайды да, осында екенін білген соң: – Ендеше, мені қазір тура соның жатқан жеріне бастап апар. Есіңе тұт, менің кім екенімді тісіңнен шығармайсың, оның атын да ауызға алмайсың! – дейді еркін сөйлеп.

Қажымұқан қадірлі қонақтарға арналған түпкі бөлменің қақ төрінде салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан-ды. Есік ашылады. Бөлме ішіне жарқырап жарық түседі. Шөкең босағадан аттай тоқтап:

– Уа, Шаймерден, немене, үйіңде қонақ бар ма еді? Тап төріңде күмпиіп жатқан кім бұл? – дейді кім екенін жорта білмегенсіп. Үй иесі:

– Осында бір жолаушы мейман еді, – деп сылқ еткізіп қоя салды.

– Е, сонда, бір үйді бір өзі алып, үлде мен бүлдеге оранып жататын сонша­лықты не қылған мейман ол?

Қажымұқанның жата беруіне енді болмай қалып еді. Жорта ұйқыдан жаңа оянып кеткенсіп, көзін сығырайта ашып қарады… Босағаға сүйеніп біреу тұр, – адам емес сурет. Баста сусар бөрік, үс­тін­де омырауы ашық жібек шапан, аяқта өк­шесі сынық сүйем, күміспен күптелген көк сауырлы, кісі құны дерліктей кебіс.

– Ей, Шаймерден, малдың қарны жуан, басы үлкені – соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені боғым деуші еді, сенің мына қонағыңның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен, сірә, нағыз боғымның өзі болар…

Қажымұқанда үн жоқ. Өзіне шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған жанның осал емесін іші сезіп-ақ жатыр, ал бірақ дәл осы Баулан Шолақ болар-ау деген ой оған қайдан келсін?! Кім де болса ойсаң денесін көрсетіп-ақ жүрегін шайлықтырып тастамақты ойлап, көрпені төменірек ысырып, бұлшық еті білеу-білеу балуан білегін, есіктей кең кеудесін жалаңаштайды. Оны көрген Шөкең қарқ-қарқ күледі:

– Ойбай-ау, мына жаманның түріне қараңдар! Әй, осының өзі балуансымақ бірдеме болмағай… Менімен күресемісің? – дейді. Қажекең бұдан әріге шыдай алмайды. «Күрессем күресемін!» деп, шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне тұрады. Шөкең сол босағаға сүйеніп тұрған күйі:

– Шаймерден, қане, бізге екі қыл шыл­быр әкел, арбиған мәстекі неме екен, өнерін көрейін! – дейді. Екі шыл­быр­дың бірін Шолақ Қажымұқанға «ал ұста» деп лақтырды, бірін шапан сырты­нан беліне өзі байлай бастады… Қажы­мұқанның көзі Шолақтың аяғындағы кебісіне түседі.

– Аға, аяғыңыздағы кебісіңіздің өк­шесі тым биік екен, омырылып кетер, шеш­сеңіз қайтеді? – дейді.

– Кет, ит, сөйлемей! – деп Шөкең қат­ты қайырып тастайды. – Сенімен ұс­тасуға жарамаған кебісті мен кисем-ау.

Бір емес, екі емес, әбден басынып біткеніне ызасы қозып, ширыға жақын­дай берген Қажымұқанның беліндегі шылбырға Шөкеңнің қолы сарт етіп бұрын тиіп қалады. Сол сәтте Қажекең ыш­қына дауыстап жіберіп:

– Ойбай, аға, сіз Балуан Шолақ емессіз бе?!

– Енді кім деп едің!

Қажымұқан еденді омырып жібер­ген­дей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кете­ді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне басып:

– Ойбай, аға, менен бір ағаттық болды, мен жығылдым!.. Мен жеңілдім!

Сол, сол-ақ екен, Балуан Шолақ оны жерден алып, жерге салады.

– Оңбаған ит!.. Сен ит болмасаң, менің басымнан аттап кетер ме ең! Әуелі маған келмес пе ең, сәлем бермес пе ең?! Содан кейін Мұңайтпас ағам орнына сені өзім алып бармас па ем! Көркейіп бармас па ең сен!.. Сасық байлардың итаяғын жалайсың!

Қажымұқан ләм-мим демейді. Не десін, кінә өзінен. Оны осы арада ғана түсінеді. Қолынан бар келгені, ағаның аяғына жығылып, кешірім сұрау ғана.

– Қанеки, тұр-дағы, тез киін! – деп әмір етеді оған Шөкең. – Қазір жүреміз!.. Әке қазасына асығып келе жатқан Қажы­мұқан ләм демей балуан ағасына ілесіп жүре береді.

Бұл оқиғадан біз не түйеміз: байыр­ғы қазақ алыптарының сыйлас­тығы қандай? Бір-біріне деген ағалық өктемдігі мен іні­лік ізеті қандай? Нағыз үлгі алатын оқиға осы емес пе? Қазір ше, кілем үстінде дау­ласып, алакөзденіп, балуандықтың қадірін қашырып жүрген біздің азаматтар ойланса екен…

Иманжүсіптің үкімі

Қаламгер Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты хикаяты 1990 жылы «Жалын» журналында алғаш рет жарияланып, артынан жеке кітап болып шықты. Осы туындыда Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы үшеуі бас қосып, даланы ду-дырдуға бөлегені жайлы айтылады.

Бірін-бірі көріп, басқосуға ынтызар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан отырып өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Ал Қажымұқан болса жуан рельс темірді жотасына көлденең көтеріп, жиналған халыққа «екі басына сыйғанша мініңдер!» дейді. Ел рельске жабысады. Қажымұқан рельсті айналдырғанда жұрт көбелектей ша­шы­рап ұшады.

Одан кейін Балуан Шолақ асау көк қасқа айғырға ер салып, қырық құлаш қыл арқанның ортасына ойық жа­сап мойнына іледі де, арқанның екі ұшын Қажымұқан інісіне ұстатады. Асау айғырды шу деп шаба жөнеледі. Айғыр­дың екпіні қатты. Қажымұқан қан­шама тырысып тартса да, шамасы жет­пейді, арқан қолынан шығып кетеді. Көк қасқаны ойнақтатып қайта оралған Балуан Шолақтың мойны қанталап кеткен екен. Ағасының алып күшіне еріксіз куә болған Қажымұқан:

– Бар әлемде бұл өнерді көрсететін сіз ғана боларсыз?! – деп басын шайқайды. Осы­лай қос арыстың алып күшіне халық тамсанып, таңданып, қайран қалад­ы. Ойын қызған бір сәтте жылқысы қойнау­ға сый­май жатқан атақты бай Сәлімбай ортаға шығады.

– Уа, халайық, менің бір шартым бар!

– Ләббай, байеке.

– Олай болса, Балуан Шолақ пен Қажы­мұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін!

Сәлімбайдың үкімін естіген елде ес жоқ. Тобырға қызық керек. Жер тоқ­пақ­тап шулап жатыр. «Күрессін! Күрес­сін!» Елірген елдің шуынан жер шайқалып тұр. Мұндай қиын сәтте кім де болсын абдырап қалары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажекең көзін төмен салып үнсіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр.

Көптің айқай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдеріне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.

– Ей, халайық! Ей, Сәлімбай! Өрге тарт­са, сорға тартатын неткен сорлы едің­дер! Сендердің бағыңа туған екі балуан көз­деріңе көп көрінді ме? Ал бұл екеуін кү­рес­тірдіңдер, бір-біріне зәбір жасау­ға и­тер­­діңдер! Бір-бірін майып қылса, сен­­дерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер!

– Ей, Шолақ, сен ұялмай артыңнан ерген жалғыз ініңді жер қаптырмақсың ба?

– Ей, Қажымұқан, сен мына елдің айтағына еріп, жалғыз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?

Имекеңнің сөзінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан болса еңіреп келіп, «Қайран ағам-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәкар болар едім», деп екі ағасын құшақтап солқылдап жылапты.

Бұл оқиғадан біз не түйеміз: Иман­жүсіп болмағанда екі арыс бірін-бірі майып етуі әбден мүмкін еді. Тек майып етіп қоймай, арасына араздық түспей ме? Елдің маңдайға басқан екі арысы араз болса, ел бүлінбей ме? Міне, байырғы қазақ балуандары татулықты сақтау үшін сыйластықты бұзбаған. Қазір бізде осы Иманжүсіптер жоқ.

 

Құтпанұлының қамшысы

Атақты «Қоянды» жәрмеңкесі. Бір бұрышта үлкен үй тіктіріп, сал-сері, әнші-жыршылар таңды-таңға ұрып өнер көрсетеді. Ана бір жақта айбыны асқан балуандар базаршыларға бойындағы қуат-күшін паш етіп жатыр.

Жәрмеңкеге Иманжүсіп ағасына еріп Қажымұқан да келеді. Алып күш иесін көрген ел мәз. Кезек-кезек қонақ етіп күтеді. Қажекең әнші Майра Уәлиқызының сырнайлатып салған әнін тыңдап, өзі де бір дүркін жуан дауысымен Шолақ ағасының әнін айтып, реті келгенде циркте үйренген небір ғажайып өнерін көрсетеді.

Қажымұқан бір үйде тасып-шалқып, қымызға елтіп отырса, есіктен шыны­шақтай шал кіріп келіп:

– Әй, үйген боқ, неменеге төрде шалжиып отырсың, маған тұрып неге сәлем бермейсің? – деп шақылдайды. Істің ба­йыбын аңғармаған балуан шақар шалды көтеріп алып, шаңырақтан шығарып жібереді. Ел күліп жырғап жатыр.

Сөйтсе, бұл шалың оңай-оспақ адам емес екен. Арқадағы қыпшақ елінің қадірлі ақсақалы. Тіпті оның бір ауыз сөзін атақты Иманжүсіптің өзі жерге тастамайтын қадірі бар. Оны Қажекең білмеген.

Шал шауып Иманжүсіпке барады:

– Ана ақымақ інің мені көптің көзін­ше мазақ етті?

Имекең қаһарына мінеді. Қабағынан қар жауып, ақсақалды алдына салып Қажымұқан отырған үйге келеді.

– Ей, Қажымұқан, шық үйден!

Ел абдырап қалады. Есік алдында қар­шы­ғадай шүйіліп Имекең тұр. Қажы­мұқан өзінен бір ағаттықтың кеткенін аңғар­ады. Үйдегі елге басу айтып, ағама өзім жалғыз барайын деп табалдырық аттайды.

– Алдияр аға!

Атан түйедей алп-алп басып жетіп келген інісіне Имекең: «Мына ақсақалды танисың ба?» деп қамшының ұшымен манағы қарияны нұсқайды.

– Танымадым, көке!

– Танымасаң мынау, – деп Иманжүсіп дырау қамшымен інісінің жон арқасынан жұқа тартады да атының басын бұрып жүре береді. Қамшының қуаты сондай, Қажымұқан балуан қиралаң етіп, шөке түсіп отырып қалады. Қарап тұрған қауым: «Япырым-ай, батыр сізді қатты ұрды-ау» деп жанашырлық танытады. Сонда Қажекең:

– Ағам мені қамшымен жай ғана сипап өтті емес пе, шын ұрса қақ бөлініп қалмаймын ба? – депті.

Бұл оқиғадан біз не түйеміз: аға мен інінің терең сыйластығы және қазақ дәстүрінің үздік үлгісі жатыр. Қажымұқанның: «Ағам мені қамшымен жай ғана сипап өтті емес пе, шын ұрса қақ бөлініп қалмаймын ба?» деген бір ауыз сөзінде үлкен құдірет жатыр.

 

Қажымұқан және белгісіз балуан

Қажымұқан балуан Семей қаласында ел құрметіне бөленіп жүрген бір отырыста оған: «Осы біздің қазақта дәл өзіңіздей күшті бар ма? Болды ма, кезікті ме?» деген сұрақ қойылыпты. Қажекең өзінен күші мығым бір адамның кезіккені жайлы айтады. Бірақ оның аты-жөнін күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Өлке­танушы марқұм Қалихан Алтыбаев бұл адамды Молдабай балуан деп жорамал жасаса, тағы бір азаматтар Ілияс Жан­сү­гіровтің «Жолдастар» романының ке­йіп­кері Мардан балуан болуы мүмкін дейді. Енді Қажекеңнің жауабына кезек берейік.

– Бірде осы Семейде белгісіз азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбі­не елге сыйлы азаматтар, әнші­лер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүре­тін. Шақырғандар барлығын қоса ша­қы­ратын да, отырыстың өзі көңілді, қы­зықты өтетін. Шақырған үйдің мол дас­тар­қанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:

– Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайы­ғы­мен тосып тұр екен. Қайыққа отыр­дық. Со­дан өзен ортасындағы Түйемой­нақ ара­лына алып келді. Аралда бір жігіт тай­­қазанға ет асып жатыр екен. Дас­та­р­қан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды. Аралда әлгі жігіт екеу­міз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.

– Аға, арманым елдің даңқын көтер­ген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сы­нап көріңізші. Өйткені өз күшімді сы­най­тын адамды жолықтыра алмай жүр­мін, – дегені.

– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.

– Иә.

Аралда екеумізден басқа ешкім жоқ болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға ертіп барып:

– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итеремін, тартамын. Тартып тұрып, итеріп қалам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.

– Ал енді өзің көр, – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иы­ғым­нан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүние жүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, ешуақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай жел­пілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақыт­та тік көтеріп алды да, жерге екі аяғым­мен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:

– Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді.

Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жық­пай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді ма­ңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен.

Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүние ­жүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатамын, үнемі жаныңда боламын. Дүние жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.

– Аға! Жан аға! Дүние жүзінің балуан­­дарын жығып, қазақты әлемге таны­тып жүрген сіз барсыз ғой! Мен несіне барамын? Менің жолым басқа болып тұр ғой, – дегені.

Байқағаным, аз сөйлейді. Айтқанынан қайтпайды. Қанша шақырғаныммен ермеді. Содан кейін ол жігітті жолықтыра алмадым, – деп балуан Қажымұқан сөзін аяқтаған екен.

Бұл оқиғадан біз не түйеміз: белгісіз балуанның сыйластығын қарамайсыз ба? Күші жетіп тұрып: «Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін!» дегені қандай абзал ұғым. Қазақтың байырғы балуандары қандай мәрт, ақылды болған. Халық сыйлаған адамның қадірі түспесін деп жалғыз өзін шақырғанын көрмейсіз бе?

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.