Нан бағасын тұрақтандыру жобасы талқылануда
Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпарат құралдарында жарияланған нан бағасын тұрақтандыруға байланысты Үкімет резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді деген мәліметті жоққа шығарды. Осыған байланысты жауапты ведомство түсініктеме берді.
«Мұндай жобаны министрліктің әзірлегені рас және қазір талқылау процедурасынан өтуде. Яғни жоба қабылданған жоқ. Әзірге кеңінен талқылау үшін ғана ұсынылды», делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұл жоба биыл 11 наурызда Үкімет отырысында мақұлданып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында әзірленіпті.
«Астық тапшылығы туралы мәселе жоқ. Жоғарыда айтылғандай, 2020 жылғы өнім елді астықпен толық қамтамасыз етуге және белгілі бір бөлігін экспортқа шығаруға да жетеді.
Тағы бір мәселе – астық бағасы. Дәстүрлі түрде астықтың ішкі нарықтағы құны экспорттық бағаларға байланысты қалыптасады. Қазір экспорттық нарықтарда астыққа деген сұраныс артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жөнінде дұрыс жазған», деді ведомство өкілдері.
Биылғы астықты жинау науқанына дейін әлі бес ай барын ескерсек, қазір ішкі нарықтағы астықтың бағасы тұрақты. Десе де мамандар алдағы уақытта сыртқы және ішкі нарықта бағаның өсетінін жоққа шығармайды.
«Қазақстан осындай жағдайларға дайын болуы керек және «әлеуметтік нан» бағасын тұрақтандыру шараларын осы бастан қолға алуы тиіс. Ұн бағасы көтерілген жағдайда наубайханаларға әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру қиын болатынын түсіну керек. Ол үшін тасымалдау шығындарын өтеу секілді шаралар қажет.
Бұл жерде астық өсіретін облыстардан шалғай өңірлер жайлы сөз болып отыр. Мысалы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында бидай өсірілгенмен, оның ұны нан пісіруге келе бермейді. Сондықтан осы өңірлердегі жеке өндірістер халықтың нанға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды», деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі нормативтік құқықтық актілерді келісу және қабылдау процедураларына едәуір уақыт кететінін, тек «Ашық нормативтік құқықтық акт» порталында талқылау кем дегенде 11 күнтізбелік күн ішінде өткізілуі тиіс екенін жеткізді.