Дәрігерлерге қоғамның көзқарасын қалай өзгертеміз?

0 12
Жақында ғаламтордан өзіме қажетті бір мәліметті іздеп отырып кездейсоқ Владимир Коцюбинский деген әріптесімнің «Дәрігерлікті тастап, басқа «мамандыққа» кеттім» деген мақаласы көзіме ілікті. Автор өз сөзінде, әупірімдеп жүріп 60 жасқа әрең жетіп, биыл зейнеткерлікке шығысымен басқа жанына жайлы жұмысқа ауысқанын, күн мен түнді алмастырып жар құлағы жастыққа тимей халық денсаулығын қорғау қызметіне 40 жылдай өмірін арнап, талай қиындықтарды басынан өткере жүріп аз ғана зейнетақы алатынын, енді ойласа, артта қалған, сағымға айналған тынымсыз еңбегі мен жоғалтқан күш-қуатын жұмсаған жылдарын өкінішпен еске алатынын хабардар етіпті.

«Сенбі, жексенбі күндері басқа қызметкерлер сияқты тынығып, толыққанды саналы демалып, бос уақыттарын тиімді етіп өздеріне, отбасына жұмсаса, мен дәрігер бола жүріп 40 жыл бойы бірде-бір рет толық, тиімді демалмаппын. Қызметім де маған рахат сезімге бөлеп, көңілімді еш желпінткен емес. Өйткені, емдеу орнындағы «медициналық менеджерлер» топ-топ қағаздарды дер кезінде толтыр деп қыспаққа алса, екінші жақтан науқастардың ештеңеге көңілдері толмайтын жақындары мен туысқандарының «қысымы» әбден жүйкемді жұқартып болған еді. Тіпті отбасы проблемаларын қойғанда, өз денсаулығымызға қарауға мүмкіншілік болмады десем артық айтқанымыз емес.

Әттең, жастау шағымда дер кезінде басқа салаға ауысып кетіп қалмағаныма өте өкінемін. Қазіргі дәрігерлерден қоғам теріс айналып, сыртын беріп, «сауынды сиырға» айналдырып, тек қана олардың кемістігін, қателігін көрсетумен келеді. Олардың күнделікті ерлікке толы еңбегін, сарп еткен күш қуаты мен білімін, уақытын ешкім бағалап, халық денсаулығын сақтау ісіне қосып жатқан үлесі ешкімге керек болмай қалған секілді. Сондықтан, бұл күндері базбір жастар медицинаға, алған мамандықтарына «крест» қойып, басқа салаға кетіп жатқаны жасырын емес. Қазіргі қоғам бұрынғы кездермен салыстырғанда медицина қызметкерлерінің дәрежесі мен беделін тым төмендетіп, тіпті «құлға» айналдырып жібергені рас.

Бұл үрдіс жалғасып, қазіргі қоғамда тым кең тарап бара жатқаны өте ренішті әрі өкінішті…», – деп ағынан жарылады мақала авторы. Осы жолдарды оқып отырып мен терең ойға қалдым. Шынында да, қазіргі қоғам медицина қызметкерлеріне, олардың еңбегіне неге көңілдері толмайды, неге наразы? Тіпті тым ашу-ызалы? Оған не себеп? Ойды ой қуып мені осы сансыз сұрақтар белгісіз бір жұмбақ әлемге жетелей берді…

Әлі есімде, бала кезімізде ауылдағы ең құрметті, абыройлы, сыйлы жандар дәрігерлер мен мұғалімдер болатын. Олардың алдын кесіп өтпейтін. Ал, қазір ол дәуір көзден бұлбұл ұшты. Кезінде өзі денсаулығына орынды мән бермей, оған жүрдім-бардым қарап, аурудан алдын ала сақтанбай, дертін әбден асқындырып, дендетіп барып дәрігерге келетін жандардың қатары бұл күндері көбеймесе азаяр емес. Бұл үрдіс ел арасында жыл өткен сайын кең етек алып бара жатқаны өкінішті. Әлбетте, ауруы асқынып кеткен науқасты емдеу – дәрігерлер үшін жеңіл жұмыс емес. Ажал тырнағынан алып қалайын деп дәрігер барын салады.

Әттең, кейде оның күші жетпейтін жағдай болуы да ықтимал. Содан, ажал құшқан кісінің туыстары, жақындары барлық кінәні дәрігерден іздейді. Жүзің бар, бетің бар демей оны қаралап, қатты, көңіліне келер ауыр сөздер айтады, қоқан-лоққы көрсетіп, үркітіп, қыспаққа алып, тіпті таяқтап кететіндер де табылады. Ол аз болғандай сотқа жүгінетіндер де кездесіп жатады. Іс жүргізетін тергеуші үшін медицина тақырыбы жұмбақ, бұлынғыр дүние. Түкті түсінбеген, байыбына бармаған әлгі тергеуші істі судмедэксперттер мен тәуелсіз эксперттерге сараптамаға жібереді. Ол саланың маманы озып тұрған білікті, терең ойлы қызметкер-практик болса жақсы. Ал, егер олай болмаса, әлгінің жазған қорытынды сараптамасы бойынша сот істі қарайды. Сөйтеді де барлығына дәрігерді кінәлі етіп, оны қарғап, қаралап, қара күйе жағып, «мойнына қара қарғы байлап» соттап жібереді. Оның обалы сонда кімде?..

Расын айтуымыз керек, тәуелсіз сарапшы дәрігерлердің арасында терең білімді маман дәрігерлер бірең-сараң. Олардың көбісі ауруханада, емханада білімі мен біліктілігін көрсете алмаған, ұжымға, көпшілікке сыймаған шала сауатты маман-кадрлар. Сондықтан, өз нәпақаларын табу үшін бір айлық арнайы оқу курсын бітіріп, қолдарына табақтай сертификат алып келген дәрігерлер. Солар әлгі қолындағы сертификатқа сүйеніп, зорығып, кейде теріс қорытынды жасап, соттарды алжастырып, дәрігерді себепсіз кінәлап жатады. Яғни, кейде солар дәрігердің тағдырын шешіп кететіні белгілі.

Бір сәт ойланыңызшы, тегі осы дұрыс па? Иә, қазіргі кезде кез келген дәрігердің мүлт еткен ісі насырға шауып, дауға айналып, бір сәтте-ақ ол қауымның жағымсыз «ақ қарғасы» атанады. Талқы, айқай-шу, жанжал дәрігердің жүйкесін жұқартып, денсаулығына кері әсер етеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде оташы-дәрігерлердің орташа жасы 54-тің шамасы екен. Ол жасқа жетпейтіндері қаншама? Өз жасына жетпей инфаркт, инсульт, қант диабеті, жүйке ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырап немесе о дүниелік болып жатқандарын кім есептеп жүр?! Статистикалық мәліметтен біздің ел де жұрдаймыз…

«Дәрігердің жұмысы жақсы, мұнтаздай аппақ ақ халат киіп, қысы-жазы жылы жерде, көлеңкеде, таза жерде жүреді» деп ойлайтындар көп. Бір қарағанда солай көрінетіні рас. Ал, оның байыбына барып, зерделеп көрейікші. Ол әрдайым әртүрлі аурулармен жолығып, жақын жүріп, қолдарымен ұстап, бір ауамен демалады. Ауа және қол арқылы ондаған аурулар (мысалы, бүгіндері көпшілік арасында кең тараған тыныс жолдарының вирустық инфекциялары) біреуден екіншіге көшіп жүретінін бәріміз жақсы білеміз. Диагнозы анықталмаған талай науқас оның алдынан өтеді. Олардың біреуі тұмаумен, екіншісі вирустық гепатитпен (сары ауру), үшіншісі СПИД-пен, төртіншісі тері ауруларымен және өзге де ондаған жұқпалы аурумен алдыңа келеді. Егер сақтық болмаса, кез келген әлгі аурудың бірі дәрігерге жұғуы әбден мүмкін. Туберкулез және де басқа қауіпті жұқпалы ауруларды емдейтін емдеу орындарында көптеген медицина қызметкерлері аурудың жұқпалы екенін біле тұра науқастарға қызмет көрсетуде. Құдай сақтасын, солардың қаншасы әлгі туберкулезбен ауырып, мүгедек болып жатқанын кім есептеп жүр…

Тіпті жаз айларында бас көтеретін адам өміріне өте қауіпті Конго-Қырым қанды безгегі ауруын немесе 2019-2021 жылдары дүйім халықты жайпап келген коронавирус-19 инфекциясын емдеймін деп жүріп өздеріне оны жұқтырып, ауыр зардабын шегіп, сол аурудан көз жұмған дәрігерлер мен медбикелер қаншама?

Мысалы, 2020 жылғы коронавирус-19 пандемия кезінде тек Жамбыл облысы бойынша 8 медицина қызметкері сол қауіпті инфекцияның салдарынан көз жұмды. Онымен ауырып, әупірімдеп тірі қалғандарының арасында осы күнге дейін оның зардабынан толық айығып кете алмай жүргендерінің санын кім біледі?

Ауруханалар мен емханалардың ішінде көзге көрінбейтін мыңдаған патогендік микроорганизмдер қаптап жүргенін медицина қызметкерлері жақсы біледі. Оны госпитальдық яғни, ауруханаішілік инфекция деп атап, оның адам денсаулығына келтірер ауыр залалдары туралы біреу білсе, біреу білмейді. Енді алысқа бармай-ақ, өзім 50 жылға жуық еңбек етіп жүрген хирургия саласына көңіл аударайық. Күн демей, түн демей ота үстеліне кім, немен жатпайды десеңізші? Іш қуысы әртүрлі себептерден қабынып, іріңге толып, немесе ішектері шіріп, тесіліп, іш қуысына жайылып келетін ауруларды емдеу хирург үшін неге тұратынын сырт көз біле ме екен? Олардың қатарына аяқтары гангренамен шіріп келетін, қан тамырлары және де басқа ағзалары залалданып іріңдеп келетін ауруларды қосыңыз…

Ауыр операция кез келген оташының терін сығып алатынын, жүрегі мен жүйкесіне салмақ түсіретінін, 4-5 сағат бойы ота үстелі жанында тік тұру дәрігерге жеңіл деп кім айта алады? Ота жасалды, хош делік. Одан кейін дәрігердің миы тыныштанады, демалады деп ешкім айта қоймас. Тірі пенде болғаннан кейін оның ойы сан жаққа жүгіріп, көз алдында өткерген отаның әрбір кезеңі кино лентасына жазылғандай қайта өтіп жатады, сараптайды, зерделеп салыстырады. Ол ой үйіне барғанда да миынан шықпайды, тіпті түсіне кіруі де мүмкін.

Егер отадан кейін науқастың дене қызуы көтерілсе, іші кепсе, жүрек соғуы жиілесе, қан қысымы төмендесе әлгі дәрігерден береке кетеді, аталған белгі симптомдардың неден пайда болғанын іздеп дегбірі қашады. Оның барлығы жинала келіп, міндетті түрде жүрекке, жүйкеге әсер етеді. Ота жасалған науқасы аман-есен аяғына тік тұрып кетсе жақсы. Ал, сәл асқыну болса дәрігерді қыспаққа алып, қарғап-сілеп «халық жауына», қолынан түк келмейтін «қасапшы-құбыжыққа» айналдыратын адуын кісілер де табылады. Тіпті оны сотқа сүйреп, сілікпесін шығаратыны да бар.

Аурудан көз жұмған жақынын саудаға салып, дәрігерден миллиондаған теңге қаражат талап ететін жандар да жоқ емес. Ондай сәттерде дәрігердің денсаулығы сыр бере бастайтыны кімге болса да аян. Сондықтан, көптеген дәрігерлер зейнеткерлік жасына жетпей, ауруға шалдығады, мүгедектікке тап болады, біразы соның зардабынан көз жұмады. Міне, қазіргі дәрігердің бұл өмірден көрген шын рахаты мен қызығы осы. Шындыққа келсек, осыдан кейін дәрігер мамандығы керемет, сыйлы, абыройлы мамандық деп айта аласыз ба?

Халық арасында желдей есіп жүрген тағы бір сөз «дәрігерлердің қолына бірнәрсе қыстырмасаң, жөндеп қарамайды, дұрыс емдемейді» деген пікір. Он саусақ бірдей емес, көпшілік арасында ондай теріс пейілді дәрігерлер де бар шығар. Бірақ, көпке топырақ шашуға тағы болмас. Қай салада болмасын пара алып дәнігіп, жемқорлықтың төңірегінде жүретін қызметкерлер табылады. Біздің арамызда ары таза, жаны жайсаң, мамандығын сүйетін, уақытпен санаспайтын, еңбегін қадірлейтін білімді де білікті дәрігерлер аз емес. Оларды әлгі жемқорлар тобына қосып, дәрігерлердің барлығы «кісәпір», «жалмауыз парақор» деу артық болар. Енді осы ойымызды одан әрі тарқатайық. Егер дәрігердің айлығы жеткілікті, «қарны тоқ, көйлегі көк» болса, ол біреудің ұсынған 5-10 мың теңгесіне телмірер ме еді?

Дәрігердің еңбегі қазіргі қоғамда орынды бағаланып отырмағанын мойындауымыз керек. 10-12 жыл көз майын тауысып дәрігерлік дипломын алған жас маманның айлығы бар болғаны 210-220 мың теңге. Оны жас отбасы қай жаққа жеткізеді? Қай «жамауын» жабады? Қит етсе оны «Сен Гиппократқа ант бергенсің» деп жерден алып, жерге салып жатамыз. Айналайындар-ау, кім қазір Гиппократқа ант беріп жүр?

Жарайды, солай ақ болсын делік. Ол көпшілікке ант берген де шығар. Бірақ, ол «өмір бойы кедейшілікпен таршылықта өмір сүрем, тойып тамақ ішпеймін, курорттарға барып денсаулығымды жақсартпаймын, жекеменшік автомашина мінбеймін, шетелдерге қыдырып бармаймын, балаларыма терең білім бермеймін» деп ант суын ішкен жоқ болар, сірә?! Оның да отбасы, өсіріп жатқан бала-шағасы бар. Олар да заман талабына сай бүтін киім киіп, балаларына саналы білім беріп, тұрмыста игілік көргісі келмейді деп қалай айтуға болады? Қазіргі қоғамда дәрігерді әртүрлі негізсіз жалалардан қорғайтын ұйым, қауымдастық, кәсіподақ жоқ десек те болады. Кәсіподақ дегеннен шығады, ой таразысына салып көрсеңіз, қазіргі кәсіподақ ұйымдары немен айналысып, кімдерге қамқорлық жасап отыр? Әр аймақта әртүрлі кәсіби қауымдастықтар, палаталар ұйымдастырылып жатыр. Олар кімнің мүддесін қорғап жүр? Біз үшін бұл әзір жұмбақ дүние… Барлық кінәні дәрігердің мойнына асып қою орынды ма екен? Базбір дерттердің алдында медицина әзірше қауқарсыз екенін естен шығаруға болмас. Тым асқынып келген ауруды емдеу жеңіл емес екенін ұққанымыз да жөн. Өкінішке қарай, аурулардың көпшілігі ауруханаға тым кеш, дерттерін әбден асқындырып келетіні рас.

«Басты байлық – денсаулық» дей отырып, өз денсаулығына уақтында мән бермеген жанға не айтып, не істейсің? Асқынуы үдей түсіп, өлім мен өмір арасында жатқан ауруларға дәрігерлердің қанша күш-қуаты, уақыты кетіп, жүйкесі тозатынын біреу білсе, біреу білмейді. Олардың барлығы жиылып келіп дәрігер денсаулығына, жан дүниесіне із қалдырмайды деу түсінбеушілік болар еді. Дәрігер де адам, оның жүрегі бар, санасы бар, жүйкесі бар…

Денсаулық сақтау мекемелерінде ерекше тазалық сақталуы керек. Әсіресе, науқастар жатып, емделетін стационарларда талап жоғары. Оны қадағалап отыратын арнайы маман – эпидемиолог-дәрігер және медбике штатқа енгізілген. Ал, тазалық ісі – кіші медицина қызметкерлеріне жүктелген. Бірақ, ауруханаларда бұл қызметке кадр табу тым қиындап кетті. Оның басты себебі – еңбек айлығының мардымсыздығы. Бар болғаны 85 90 мың теңге айлығы неге жарайды?

Медицина санитаркаларының қызметі жеңіл емес, ауыр науқастарды күту, тамақтандыру, тазалық сақтау және тағы басқалары солардың мойнында. Белгілі балалар хирургі, академик К.Ормантаев ертеректе республикалық «Түркістан» газетіне берген бір сұхбатында: «Қазақстан медицинасы күн сайын жағымсыз жаңалықтарға толы. Дәрігердің салғырттығы туралы әңгіме көп. Сіздіңше, ақ халаттылардың беделі неге төмендеп кетті?» деген сұраққа:

– Бұрын бір облыста бірді-екілі адам өлетін. Бірақ, оны дабыра етіп, сыртқа шығармайтын. Қазір бір адам қайтыс болса, у-шу. Өлім бұрын да болған, қазір де бар. Тіпті ақпарат құралдары анықталмай жатқан оқиғаға дәрігерді кінәлі етіп қояды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана не дейді? Олар да бас салып «дәрігер кінәлі» дейді. Адам өмірін сақтап қалғымыз келіп, ауруға араша түсеміз. Науқасқа жаңа өмір сыйлаймыз. Бірақ, дәрігер – еңбегі еш, тұзы сор мамандық. Бүгінгі жастардың дәрігер болғысы келмейтіндігіне бірден-бір себеп осы шығар. Қателеспейтін адам жоқ. Сорақысы сол, адамдардың көбі медицинадан гөрі халық емшілеріне сеніп алған. Есесіне, ауруын асқындырып алады да, қайтадан ем іздеп медицинаға келеді. Ал, бұл кезде ем қону-қонбауы екіталай. Сөйтеді де бар кінәні медицинаға аудара салады», – деп жауап берген.

Иә, мойындауымыз керек, дәрігерлердің қазіргі ауыр жұмысына түсінікпен қарап, ағы мен қарасын ажыратпай тұрып, терең байыбына бойламай, кейде себепсізден себепсіз оны кінәлап, қыспаққа алып, ыза мен ашуды одан алу үлкен қателік дер едік. Қазіргі қоғам дәрігердің таза еңбегін дұрыс бағалай білуі керек-ақ. Бірақ, әзірге олай болмай отырғаны көңілге кірбің ұялатады. Әр ортада болып жатқан айтыс-тартысты көрген, айлығының мардымсыздығын білген, көпшілік алдында дәрігер-мамандардың беделі құлдырап бара жатқанын сезінген жастар медицинадан бойларын ала қашып, дәрігерлік мамандыққа барғысы жоқ. Егер осындай үрдіс жалғаса берсе бірте-бірте дәрігерлер саны елімізде күрт азайып, олардың тапшылығы, жетіспеуі әбден мүмкін.

Қазірдің өзінде рентгенолог, паталоганатом, педиатор, акушер гинеколог, учаскелік дәрігер-терапевтер саны азайып, біраз орындар қаңырып бос тұр. Ауылды айтпағанда, тіпті Алматы, Астана секілді ірі мегаполистерде кейбір мамандықтар бойынша дәрігерлер тапшылығы байқалуда. Егер алдағы уақытта медицинаға көзқарас өзгермесе, 10 15 жылдан кейін қазіргі әупірімдеп еңбек етіп жүрген зейнеткер-дәрігерлердің орнын кім басады?

Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейді, білікті мамандар тапшы. Тек бір Жамбыл облысында 85 дәрігердің орны бос тұр. Сол себептен ертедегі диспансеризация, профилактикалық медицина яғни, аурудың алдын алу іс-шаралары тіптен ұмыт қалды. Барлық игілікті іс-шаралар адам үшін, оның денсаулығын сақтау мақсатында халықтың өмірін ұзарту бағытында жасалып жатқан жоқ па? Ендеше, неге денсаулық сақтау ісіне қырын қараймыз? Медицина ахуалын қайтып жақсартамыз деп шырылдаған дәрігерлердің пікіріне тіпті олардың жанайқайына қашан көңіл аударамыз?

Терең ойға беріліп, айтылған істерге сараптама жасасақ, бірте-бірте қазіргі шалғай ауылдарда тұрып жатқан халық медициналық көмектен тыс қалады ма деген күдік мол. Ал, халқымыздың негізгі басым бөлігі әлі де ауылда тұратыны белгілі. Ендеше, «Барлығына – уақыт төреші» десек те, ертеңгі күнді бүгін ойламасақ, опық жейтініміз әбден мүмкін. Сондықтан, халық денсаулығын сақтауға, медицина проблемаларына қазірден бастап орынды көңіл бөліп, алдын ала іс-шаралар қолданып, көкейде ұстағанымыз жөн.

Жыл сайынғы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, тиісті министрлікке тапсырма береді. Министрлік те қарап жатпай әртүрлі реформалар енгізіп жатыр. Соның бірі – ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақсарту, сапасы мен тиімділігін арттыру. Бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде ол мәселе әлі толық шешімін таппағанын көріп жүрміз. Оның себептерін жоғарыда аздап болса да айтып өттік. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қоры 2020 жылдан бері іске қосылып, соның көмегімен халыққа медициналық жәрдемді едәуір жақсартамыз деген сенім толық ақталған жоқ. Әлі де оның «піспеген», көлеңке жағы толық анықталмай, бұлыңғыр болып тұр. Біраз жұмыс берушілер жұмыскерлердің жарналарын дер кезінде төлемей немесе жалған мәліметтер беріп, жеке кәсіпкерлер төлеуге міндетті жарналар МӘМС қорына толық түспей отыр. Жалпы, осы күнге дейін МӘМС-тің не екенін білмейтін жандар бар екенін жасырмаймыз. МӘМС-тің қоры кімге, қалай бөлініп жатқаны да бұлыңғыр. Сол себептен бұл салада әлі де ойланатын, ретке келтіретін мәселе аз емес.

Тағы бір көңіл аударарлық мәселе – медициналық қызметтердің төмен тарифтері, лапароскопиялық холецистэктомия (өт қалтасын алып тастау) үшін МӘМС бар болғаны 182 мың теңге аударады. Зерделесеңіз, бұл қаржыға пайдаланған дәрі-дәрмектер, ішкен тамағы, жатқан орны, коммуналдық қызмет, дәрігерлер мен медбикелердің еңбегі кіреді екен. Аурухана үшін пайдасы тым мардымсыз. Бұл тарифтер бұрынырақта бекітілгенін еске алсақ, одан бері дәрі-дәрмектер, ота жасайтын құрал жабдықтар, аппараттар қаншаға қымбаттады, қызметкерлердің айлығы неше пайызға өсті?

Оны есепке алып жатқан бір жан жоқ. Сондықтан, тарифтерді, жылдық инфляцияны ескере отырып, 3-5 жылда өзгертіп отыру керек деген ойдамыз. Тағы бір шешілмей жүрген мәселе – емдеу орындарына МӘМС-тің облыстық филиалдары олардың атқарған еңбегіне тиесілі қаржыны түрлі себептермен дер кезінде аудармай, 3-4 айға кешіктіріп беруі. Әрине, бұл аурухана басшыларын және де басқа қызметкерлерді сарсаңға түсіріп, түсініспеушілік тудыруда. Әйтеуір, МӘМС тің қазіргі қызметі көптің көңілін көншітпей отырғаны мәлім. Таяуда өткен Үкімет және Парламент отырысында денсаулық сақтау ісі және МӘМС қызметі тағы да сынға алынды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова көптеген сұрақтарға мардымды жауап таппай қиналғанына куә болдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерге тоқтала келіп, МӘМС-тің қызметі халықтың ойынан шықпай отырғаны жайлы сөз қозғады. Еліміздің 3,3 миллион азаматы тиісті МӘМС қорына тіркелмеген. Кейбір мәліметтерге сенсек, МӘМС басшылары адалдықты аттап, жиналған миллиардтаған көл-көсір қаржыны тиімсіз, жөнсіз пайдаланғандығы анықталды. Оның тиімсіздігін біліп, көріп отырған халық енді МӘМС-ке қалай сенеді? Сөйтіп, бүгіндері имансыз, арсыз жемқор жандардың қолжаулығына айналған МӘМС-ке жаңа көзқарас пен реформа қажет екенін көпшілік қолдады. Ол не болады, қалай өзгертіледі, уақыт көрсетер…

Иә, бақыт та, байлық та – денсаулықта. Басқаның барлығы уақытша бос әурешілік, бос әңгіме, ешкімге керек емес сылдыр сөз, тіпті көзбояушылық десек те болады… Дәрігердің еңбегі қазіргі қоғамда неге орынды бағаланбай отыр? Оған басты себеп не? Жас дәрігерлердің мамандығын тастап басқа салаға кетуін немен түсіндіруге болады? Әсте, бұл проблеманы шешудің қандай жолдары бар?

Ой таразысынан өткізіп, барымызды салмақтай білейік, құрметті ағайын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

облыстың Құрметті азаматы.

Тараз қаласы

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.