Өмір жолы – өнеге мектебі
Райымбектің атасы Тілеп Қойгелді батырдан тараған Керімбай Бұралқыұлы болыстың жақын ағайыны, замандасы және өз заманының сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық, елім деген азаматтардың бірі болған. Райымбек Сметұлы 1925 жылдың 30-шы шілдесінде Жамбыл ауданына қарасты Тоғызтарау ауылында дүниеге келген. Әкесінен бала күнінде ерте айырылған отбасындағы жалғыз ұл Райымбек анасына көмекші болып колхоз жұмысына ерте араласты, қарындасы Айымбүбіге қамқоршы бола білді. Еңбекқор, әділеттілікті барлық жағдайда талап ететін тік мінезді жігіт болып есейді.
1941 жылы Райымбек Жамбыл ауданы Өрнек ауылындағы мектептің 7 сыныбын бітірген. Еңбек жолын 1941 жылы Жамбыл ауданына қарасты бұрынғы Чапаев колхозында жұмысшы болып бастаған. 1943 жылдың қаңтар айында Жамбыл аудандық Әскери комиссариатымен Қызыл Әскер қатарына шақырылып, Ферғана қаласында кіші командирлер дайындайтын арнайы әскери курсынан өткен соң, 4-ші Украин майданына жолданған. Украина, Молдава, Румыния және Венгрия жерлерін фашистерден азат ету шайқастарына қатысып, Жеңіс күнін Венгрияның Будапешт қаласында қарсы алған. Фашистік Германияны жеңіп, №85379 әскери бөлімінің құрамында Жапон басқыншыларына қарсы 1945 жылдың тамыз айының 9-нан қыркүйектің 3-і аралығында болған ұрыстарға қатысып, Корея елін азат еткен.
Естеліктерінде Райымбек ата:
«Жапон армиясымен соғысу да бізге оңай болмады. Қиыр Шығыста жер жағдайына, ауа райына бейімделген және Жапон императорларына фанатикалық сезіммен берілген жау солдаттарымен бетпе-бет келдік. Бірақ, Қызыл Әскер солдаттарының бойындағы отансүйгіштік сезімі, фашистік Германияны жеңгеннен кейінгі біздің рухымыз олардан басым түсті», – деп айтып отыратын.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Райымбек Тілепов кеңестік әскер қатарында 1951 жылдың наурыз айына дейін қызметте болған. «Жалғыздың жары – Құдай» демекші, бәлкім Жаратушы иеміз елге оралып, ұрпақ сүйсін деп, арабшаға сауатты, Құран кітабын оқи білген анасы Әзиза Мәуленқұлқызының тілегін қабыл етіп, жалғыз ұлын ажалдан сақтаған болар. Жалпы, кеңестік Қызыл Әскер қатарында 8 жыл 2 ай қызмет атқарып, туған еліне 1951 жылдың сәуір айында оралған. Әскери шені сержант.
Қан майданға қатысқан Райымбек Тлепов бейбіт өмірде ішкі істер органдарында қызмет атқарып, мұнда да алдыңғы шептен көріне білді, өзінен кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге болды, тәлімгерлік танытты. Соғыстан кейінгі еңбек жолын 1951 жылы қыркүйек айында Жамбыл облысы Қаратау қалалық ішкі істер бөлімінде бастаған. Бөлім басшылығы Райымбек Тілеповтің әскери тәртіпке машықтанғанын, бойында бастамашылдық, ұйымдастырушылық қабілеттерін бірден байқап, 1952 жылы Ташкент қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігінің милиция мектебіне оқуға жолдайды.
Аталған оқу орнын 1954 жылы нәтижелі аяқтап, 1954 1959 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент және Кентау қалаларының ішкі істер бөлімдерінде жедел қызметінің бірнеше лауазымдарында қызмет атқарған. Сонымен қатар партия ұйымының хатшысы қызметін абыроймен алып жүрген. 1959-1984 жылдар аралығында Жаңатас қаласында тұңғыш құрылған ішкі істер бөлімшесін басқарған, Қордай, Байзақ аудандық ішкі істер бөлімдерінде бірнеше лауазымдарда, Луговой стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарып, 1984 жылы «милиция майоры» шенінде құрметті демалысқа шыққан. Кейін зейнеткерлік демалыс кезінде «полиция подполковнигі» арнайы атағы берілген.
Ішкі істер саласындағы қызметтік өтілі 32 жылды құрапты. Азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауда беделіне дақ түсірмей қызмет еткен оның Ішкі істер саласындағы негізгі қызметі орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу, қылмыскерлерді іздестіріп тауып, ұстау болатын. Күнді з-түні қырағылық пен кәсіби шеберлікті талап ететін ішкі істер саласында қызмет атқару барысында Райымбек Тілепов көп мәрте өміріне қауіпті қиын сәттерден абыроймен өткен. Ұлы Отан соғысына қатысқаны және Ішкі істер органдарындағы абыроймен атқарған қызметі үшін Райымбек Тілепов көптеген орден-медальдармен марапатталған. Соның ішінде, КСРО ның «Отан Соғысы» 2-ші дәрежелі орденімен, «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кореяны азат еткені үшін», «ҚР Ішкі істер органдарының ардагері», «Еңбек ардагері» және тағы басқа бірнеше Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Жамбыл аудандық мәслихатының 2010 жылғы 20 сәуірдегі №29/6 шешімімен Райымбек Тілеповке «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген. Райымбек Тілепов зейнет демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық көпшілік жұмыстарының басы-қасында жүрді. Жастардың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Осы орайда Аса ауылының тумасы ауданға белгілі азамат, Ауған соғысының ардагері Дәурен Нұралиев Райымбек Тілепов туралы:
«Райымбек ата көпті көрген, айтары мол, ел ертеңін ойлайтын саналы қария еді, өзінің салиқалы да салмақты сөзімен, мейірімділігімен, тазалығымен, принципшілдігімен ерекшеленетін, әрдайым жастарды жақсы жолға нұсқап, ақылын айтып отыратын. Айналасындағыларға көмектесуге ұмтылып, қамқоршы бола білген қария, текті аталарымыздың бірі еді», – деп еске алады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Еліміз егемендік алып, үкіметіміз ұрпақ тәрбиесіне, жастарға имандылық тәрбие беру жолына бет бұрған тұсында Райымбек ақсақал шет қалмай, өз тарапынан Аса селосы әкімшілігі алдында мешіт ашу сұрағын көтеріп, рұқсат алу мақсатында қасына екі қарияны ертіп Алматы қаласына барып, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасында болған.
Нәтижесінде Аса селосы әкімшілігі бос тұрған кішкене көне ғимаратта мешіт ашуға рұқсатын беріп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мешіт жұмысын бастаған. Сол жылдардан бастап Райымбек ақсақал өмірден озғанша имандылық жолында болды. Туған ауылы Тоғызтараудан алыс-жақын ағайындары аудан орталығы Аса селосына келген жағдайда, міндетті түрде үйіне ат басын бұрып, қарияға сәлем беріп, қолын алып қайтатын. Бұл шаңырақ әулетінде үлкен үй деп, киелі саналатын. 2006 жылдың тамыз айында Т.Рысқұлов атындағы шипажайда Райымбек Тілепов Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен танысып, он күндей шипажайда бірге өткізген күндерін, жазушымен әңгімелесіп, алған әсерін жиі есіне алып отыратын. Райымбек ақсақал 2013 жылы 3-ші маусымда 88 жасында дүниеден озды. Ортамызда болғанда биылғы жылдың 30 шілде күні 100 жас тойын тойлар еді. Қазіргі таңда саралап қарасақ, Райымбек Тілепов 40 жылдан аса саналы ғұмырын Отанына адал қызмет етуге, елінің тыныштығы мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге арнапты. Ардагердің өмірлік жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге мектебі тәрізді, оның істеген игілікті істері елдің есінде сақталмақ. Райымбек ақсақалдың соғыс жылдарындағы ерлігі, бейбіт өмірдегі ізгілікті еңбегі, көрсеткен үлгісі ел жұрты, ұрпақтары барда еш ұмытылмақ емес!
Раушан АБДРАХМАНОВА,
зейнеткер.